Заң мен тәртіп

Мемлекеттің тірегі — Ата Заң

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясының алғашқы мәтіні «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталған.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабында Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады. Республиканың сот жүйесі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді делінген.
Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
Сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.
Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті.
Конституциялық Сот дегеніміз қандай сот?
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі сегіз жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды. Конституциялық Соттың Төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті тағайындайды. Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мəжіліс тағайындайды. Республика Президенті Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды. Конституциялық Соттың судьясы қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқарумен, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды. Конституциялық Соттың судьяларын өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, оған сот тəртібімен белгіленетін əкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.
Конституция мемлекеттік егемендігімізді, билік пен қоғам құрылымының демократиялық қағидаттарын нығайтып қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуының бағыттарын айқындап берді. Ата Заң күні — ерекше мемлекеттік мерекеміздің бірі болғандықтан, әкімшілік соты бұл мерекені ерекше атап өтеді. Мәселен, өткен жылы «Ата Заң — алтын тұғыр» атты мерекелік іс — шара өтіп, шарада сот төрағасы А.А.Абдуллина құқық жүйесіндегі Конституцияның маңызды рөліне тоқталды, Конституциялық құндылықтарды қорғау — әрбір азаматтың басты міндеті екенін айтты. Ал мамандар Қазақстан Республикасы Конституциясының әзірлену және қабылдану тарихына тоқталып, осы орайда, тақырып аясында судьялар мен мамандар интерактивті ойын ойнады. Жас мамандар Конституция күніне арналған өлең жолдарын мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Ата Заң — мемлекеттің тірегі, тәуелсіздіктің реңі.

А. ШЕКЕНОВА, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық  әкімшілік сотының бас маманы. 

Басқа материалдар

Back to top button