Білім

«AKZER_ENGLISH» оқушылары Дубайда топ жарды

Шалқар қаласында ағылшын тілін оқып, үйренуге ынталы оқушылардың қатары көбейіп келеді. Олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, білімін шыңдауда «Akzer_english» оқу орталығының қолдауы көп. Өткен жылдың маусым айында осы орталықтың оқушылары Түркия елінде өткен жарыстан жүлделі орынды иеленіп қайтқан еді. Енді міне, осы наурыз айында Араб мемлекетінің Дубай қаласында өткен ағылшын тілі және менталды арифметика бойынша халықаралық жарыста Шалқар ауданының оқушылары жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Оларды атап айтсақ, №8 орта мектебінің оқушылары Аяна Аманжолова I орынды, Раян Әнес II орынды иеленді. III орынды №2 мектепгимназиясының оқушысы Альбатыр Қамбар мен №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Сезім Сүндетбай, №8 орта мектебінің оқушысы Ақеркем Жадырасын олжа тұтты.

— Зейінді оқушылар бақ сынаған бұл халықаралық жарысқа Үндістан, Өзбекстан, Қырғыз сынды түрлі елдерден келген әлем тілдеріне жүйрік балалармен бәсекеге түскен оқушыларымыз сайыс барысында керемет әсерге бөленіп, өзге елдің мәдениеті мен тілі, дәстүрімен танысып, көкжиектерін кеңейтті. Олардың әрқайсысы бұл жарысқа үлкен сеніммен барды. Әр елден қатысатын өрендерді таныстырар сәтте сол елдің әнұраны орындалып, ерекше құрмет көрсетілді. Осы сәтте оқушыларымыз сәл толқыды. «Бұл елге келіп, бақ сынауларыңның өзі үлкен жеңіс» деп мен оларды жігерлендірдім. Бұл білім додасына жалпы 650 бала қатысып, ағылшын тілінен 350-і бәсекеге түсті. Дегенмен біздің үмітіміз ақталып, барлық оқушымыз жоғары биіктен көрінді, — дейді «Akzer_english» оқу орталығының жетекшісі Ақзер Сүгіралина.

«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, шалқарлық оқушыларды ағылшын тілін үйретуде аталған оқу орталығының жетекшісі Ақзер Ақылбекқызының да еңбегін айта кеткен жөн. Ол 20122013 оқу жылында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің шетел тілі: екі шетел тілі мамандығын қызыл дипломмен аяқтаған. Осы жылы аталған оқу орнының филология мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2015 жылы гуманитарлық ғылымдардың магистрі академиялық дәрежесі бойынша үздік бітірген. Ақтөбе қалалық және облыстық үш тілді «Тілдарын» байқауларының I орын иегері. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы аясында және дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен жүзеге асқан «Zhas Project» бағытымен 1 миллион теңге грант ұтып алып, оған ағылшын тілін үйрету орталығын ашады. Бүгінде бұл орталықта тұрақты 80 оқушы ағылшын тілін үйренуде. Шағын орталықта қосымша шет тілін үйретіп, әлем елдерінде өтетін білім бәсекесінде шәкірттерінің бағын сынап жүрген Ақзер Ақылбекқызының еңбегіне ата-аналар қауымы дән риза. Үлкен абыроймен алыс сапардан оралған жеңімпаз оқушыларды Шалқар теміржол вокзалынан үлкен салтанатпен күтіп алып, құрмет көрсетуі соның бір көрінісі.

М. БОҚАН.

Басқа материалдар

Back to top button