Басты жаңалықМәдениет

Ең таза көше абаттандырылады

27 наурыз бен 31 мамыр аралығында Ақтөбе облысы бойынша елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлық жарияланды. Бұл шараның басты мақсаты — аумақтарды тазалау, көгалдандыру және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту. Осы іс-шараны Шалқар ауданының тұрғындары да шынайы қолдап, жаппай атсалысуда. Өткен аптада өткізілген тазалық акциясының алғашқы сенбілігінде көше тұрғындарының белсенділігі ерекше байқалды. Бұған себеп те бар еді. Биыл Шалқар қаласы әкімдігі «Біздің көшенің тұрғындары» атты ерекше Сертификаттары бар байқау жариялады. Байқау шарттарын тарқатып айтар болсақ: наурыз айының 29 жұлдызынан мамыр айының 29 жұлдызына дейін әр сенбі күндері тұрғындар бірігіп, өз көшелерінің тазалығын қолға алып, жасаған жұмыстарын фото немесе видеожазба арқылы  @shalkar_qala_apparati парақшасына немесе 8-771-128-2003 ватсап нөміріне жолдаулары қажет. Өз кезегінде әкімдік сол жолданған видео-фотожазбаларды әлеуметтік желіде #БіздіңКөшеніңТұрғындары 2025 хэштегімен жариялайды. Байқау қорытындысы маусым айында анықталып, жеңімпаз деп танылған көшелерге арнайы Сертификаттар беріледі. Жеңімпаз көшелерге берілетін Сертификаттарда асфальт немесе қиыршық тас төсеу, балалар ойын алаңын салу, әр үйге көше тақтайшасын үлестіру, тал көшеттерін отырғызу жайы қарастырылған. Осындай өзгеше мәндегі байқау шарттары әлеуметтік желіде жарияланысымен қала тұрғындары көше тазалығына бірден кірісіп кетті.

— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстарының өрісі осылай кеңейе береді. Негізіне келсек, туған мекен тазалығы мен көркі бір науқандық іс-шаралар аясымен шектелмеуі қажет. Тіршілік бар жерде тазалық адамзаттың ұмытылмайтын тақырыбы болуы тиіс. Алғашқы сенбіліктен-ақ көше тұрғындарының құлшынысы көңілімізді байқатты. Осындай жауапкершілік әрдайым бойымызда ұялап, өзіміз тұратын аумақты таза ұстасақ, ол да бір елдігіміздің, мәдениеттілігіміздің көрінісі болар еді. Жоғарыда аталған Сертификаттар санитарлық тазарту бойынша жарияланған екі айдың ішіндегі сенбі-ліктерге жауапкершілікпен қарап, көшелерін ұқыпты ұстаған көшелерге әділқазылар шешімімен беріледі. Сонымен қатар, сол жеңімпаз көшелердің одан кейін де тазалық жұмыстарына жауапкершілікпен қарауы назарға алынады, — дейді қала әкімі Қорғанбек Рамазанұлы.

Қала әкімдігі осылайша шаһар тазалығына тұрғындарды да тартып, игілікті істе бәсекелестікті арттыруды көздейді. Сонымен қатар, тазалыққа немқұрайлы қарайтындарды, өз аумақтарын жиыстырмайтын көшелерді БАҚ беттерінде жариялап, шара қолданатындықтарын ескертеді. Сайып келгенде бұның барлығы қоғамдық орындардың тазалығы мен ұрпақ алдындағы игі қадамнан туындап отыр. Әрбір аяқталған жақсы істің артында ауызбіршілік пен қоғам алдындағы жауапкершілік тұрады. Сол секілді апта сайын жүргізілетін тазалық шараларында мекеме, ұжымдардың, көше тұрғындарының іргелі істегі бірлігі көрінеді. Туған өлкені көркейту — бәріміздің ортақ міндетіміз. Оны бірлескен күш арқылы жүзеге асыра алатындығымызды естен шығармайық, ағайын!

М.БОҚАН

Басқа материалдар

Back to top button