Ұлттық анимация – ұрпақ тәрбиесінің үлкен бір бөлігі

Президент Ұлттық құрылтайда жас ұрпаққа ұлы тұлғаларымызды таныстырудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда «Шоқан. Қашқария сапары» мультфильмі – ұлтымыздың көрнекті перзенті Шоқан Уәлихановтың ерлігі мен еңбегін балаларға түсінікті әрі қызықты формада жеткізудің тамаша үлгісі. Біз бала күнімізде Шоқан туралы кітаптан оқып білдік, ал бүгінгі балалар оны мультфильм арқылы көріп, қызығып өседі. Бұл – үлкен жетістік!
Ұлттық тәрбие дегеніміз – ең алдымен, баланың санасына қазақтың тарихын, мәдениетін, рухын сіңіру. Ал мультфильм – соның ең тиімді тәсілдерінің бірі. Қазіргі балалардың көбі шетелдік мультфильмдерді тамашалайды, тіпті солардың кейіпкерлеріне еліктеп кетеді. Сондықтан дәл осындай қазақы рухтағы анимациялық туындылардың көп болуы – уақыт талабы.
Президент Ұлттық құрылтайда бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін атап өтті. Үкімет пен мәдениет саласындағы азаматтар осы мәселеге ерекше назар аударса, қазақ балалары өз халқының тарихына, батырларына, ғалымдарына мақтанышпен қарайтын болады. Балаларға арналған сапалы, тәрбиелік мәні зор қазақша мультфильмдер көбейсе, ұлт болашағы үшін алаңдамайтын боламыз. Бұл – тек анимация емес, ұрпақ тәрбиесінің үлкен бір бөлігі.
Шолпан Мұқанова, зейнеткер.