Күнсәуле және күйбеңі көп кезекшілік

Шалқар теміржол вокзалының тағы бір нәзік жанды, жігерлі қызы Күнсәуле Юнисқызы Құлтасбаеваға жолықтық. Ол облысымызға белгілі болған азамат, Батыс Қазақстан теміржолы басқармасы қаржы қызметінің қаржылық бақылау және ревизия бөлімін басқарған Юнис Шәңгірбаев ағайдың қызы екен. Әңгімеге тарттық.
— Мен 1994 жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қарасты Шалқар вокзалында билет кассирі болып еңбек жолымды бастадым, кейін аға билет кассирі болдым. Ал 2012 жылдан бастап Шалқар те-міржолы вокзалының анықтама беру бойынша кезекшісімін.
Әкем Юнис Шәңгірбаев теміржол саласында еңбек еткен белгілі адам болды. Анам Қадір Шәңгірбаева І.Үргенішбаев атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Отбасында алты ағайынды болып өстік. Әке-шешеміз бізге жақсы тәлім-тәрбие беріп, өсірді. Қазір бес бауырымның барлығы да шүкір, үйлі-баранды, қызметтерін жемісті атқарып жүр, — деді Күнсәуле Юнисқызы.
Жалпы теміржол саласындағы еңбек өтілі 30 жылға таяп қалған Күнсәуленің өз кәсібінің шебері екені даусыз. «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дегендей кейіпкеріміз алғаш еңбек жолын бастағанда кәсібінің қыр-сырына үйреткен аға-апаларына да тоқталды. Өзін алғаш жұмысқа қабылдаған станса бастығы Нәрен Қаниев ағайдан бастап, кәсіби шеберлікке баулыған Күләш Бисеналина, Шолпан Уайсова, Маржан Байсанова, Жұмагүл Сүйеуқұлова, Мереке Баймағанбетова, Қуаныш Қарабаева, Қолғанат Есбергенова және Сүгір Махмутов сынды алдыңғы буынның аттарын атап, олардың ерен еңбектеріне тоқталды.
Енді Шалқар анықтама бөлімінің міндетіне келсек, ол — теміржол көлігінде жолаушыларға барлық қызмет түрлері бойынша ақпарат беретін орын. — Біздің негізгі жұмысымыз — пойыздардың жүріп-тұруы, жолаушылардың көздеген стансаларына тез жетуін қадағалау. Пойыздардың жүру кестесінде өзгерістер болады, осыған орай пойыздардың кешігуі, келуі және жөнелтілуі жөнінде уақытылы хабарлап отыру, жолаушылар тасымалдауын ұйымдастыру. Соның ішінде ең бастысы, жолаушылардың жеке басының қауіпсіздігі. Біздің қызметіміз жолаушылармен байланысты болғаннан кейде олардың өтініші мен сұраныстарын да қанағаттандырып отырамыз. Жалпы олардың көп сұрағы пойыздардың жүру кестесіне, билет құнына байланысты болады. Керек жағдайда жолаушыға қажетті мәліметтерді байланыс телефон арқылы хабардар етеміз, — дейді Күнсәуле Юнисқызы.
Күнсәуле Алланың жазуымен, теміржолшылар отбасына келін болып түскенін айтады. Атасы Әбимолда Құлтасбаев Шалқар стансасында жүк құрамаларын қабылдаушы болса, енесі Бибігүл Құлтасбаева Шалқар вокзалында кіші қызметкер болып еңбек етіпті. Ал жолдасы Еркін Құлтасбаев бұл күнде Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясында техникалық бөлімнің жетекшісі. Яғни, ол да теміржолшы екен.
Еркін мен Күнсәуле өз отбастарында үш бала тәрбиелеп өсіріпті және балаларын мақтан тұтатынын айтты. Үлкені Ақтоты Әбимолдаева Ақмола облысы, Ерейментау ауданы мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман болса, екіншісі Ақтолқын Әбимолдаева ҚР ұлттық экономика министрлігі, табиғи монополияларды реттеу комиетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы екен. Ал кенжелері Жанарыс Әбимолдаева Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультетінің 4-курс студенті, биыл бітіріп шықпақ.
Күнсәуле өзімен бірге жұмыс істейтін 35 жұмысшы-қызметкер болса, барлығы да білімді, тәжірибелі, өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайтын жандар екенін әңгімеледі. — Үлкен мерекелер ұжымымызда аталып өтеді, ұжым мүшелеріне сый-құрметтер көрсетіледі. Тіпті Наурыз мерекесінде қазандар көтеріліп, пойыз жолаушыларына наурыз көжелерін де ұсынамыз, — деді ол.
Күнсәуле Юнисқызы өзінің теміржол саласындағы 30 жылға жуық жұмыс атқарған кезеңінде теміржолдың жоғары басшылықтарынан, өңір басшыларынан кәсіби мерекелерде бірнеше рет Мақтау қағаздар мен Алғыс хаттарға ие болғанын айтты.
«Мен, Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында әріптес қыздарыма шын жүректен баянды бақыт, жемісті еңбек тілеймін. Әрқашан абырой биігінен көріне берсін», деп ыстық ықыласын білдірді.
Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».