Үлгерімді Гүлсара

Жоғарыда аталған сумен жабдықтау теліміндегі 29 жұмысшының төртеуі әйел адам. Осы нәзік жандардың ауыр жұмысты ер адамдармен бірдей атқарып жүргені таңқалдырады және жүрекке жылылық ұялатады. Соның бірі — Гүлсара Сағиданқызы Ізтаева. Ол ауданымызға қарасты Жылан стансасында теміржолшылар отбасында туып-өсіпті.
— Менің әкем Сағидан Асанұлы Ізтаев теміржолшы болған, №8 жол дистанциясында жұмыс атқарған, «Құрметті теміржолшы» атағын иеленген адам. Мен әкемді мақтан тұтамын. Ал анам Тойдық Ізтаева үй шаруасында болды, бізді тәрбиелеп, жеткізді. Біз бір отбасында жеті бала өссек, соның ішінде алтаумыз әке жолын қуып, теміржолшы болдық. Мен қаламыздағы №40 мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе теміржол техникумында оқып, мамандық алдым. Әуелі №3 белгі беру және байланыс дистанциясында жұмыс істеп, 2005 жылы осы «Вагон-Сервис» АҚ-ға қарасты Шалқар сумен жабдықтау теліміне су беруші болып ауыстым. Сол кездегі сумен жабдықтау теліміндегі аға шебер Ақатай Махамбетовтен, осы мекемедегі басқа әріптестерімнен қазіргі күнгі атқарып жүрген жұмысымның қыр-сырын үйрендім. Бір ауысымда 10 пойыз құрамасына су береміз, жеңіл емес, әрине. Ұтымды жұмыс істесең бәріне де үлгеруге болады, — дейді Гүлсара Сағиданқызы.
Гүлсара отбасымен теміржолшы екен. Жолдасы Болат Асылов Шалқар локомотив депосында дизелист болып еңбек етеді. «Қызымыз Дильназ Болатова Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университетте оқиды. Ол да келешекте теміржол бойында қызмет ететін энергетик болып шығады» деді ол.
Шалқар сумен жабдықтау телімінің құрылғанына да 20 жылдан астам уақыт болыпты. Сондықтан да болар су беретін жұмысшылар шетінен ысылған, ыждағатты көрінді. Сонымен бірге, су айдайтын стансаның мамандары өте тәжірибелі, өз ісінің шеберлері екені айтылды. Осындай адамдардың арасында жүрген 4 қыз қалай пысық, қалай өткір болмасын. «Гүлсараның теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 26 жыл. Осы аралықта жол бойындағы қара жұмыстың қиындығына мойыған емес. Қайта қажыр-қайрат қылып, басқаларға үлгі көрсетіп келеді. Ауысым бойынша бір күн күндіз, бір күн түнге келеді, қанша айтқанмен, әйел адамға ауыр. Сонда да біздің қыздарымыз қайсарлықпен табысты еңбек етуде» дейді сумен жабдықтау телімінің аға шебері Айболат Дәуітов. Гүлсара өз жұмысына көңілі толатынын, облыстағы, аудандағы басшылықтан бірнеше мәрте Мақтау қағаздар мен Алғыс хаттар алғанын тілге тиек етті.
— Көктеммен бірге келетін мерекемізде жұмыстас құрбыларыма амандық, мықты денсаулық, еңбектерінің жемісін көре берсін демекпін, — деді Гүлсара Ізтаева.
Біз осындай түрлі кәсіпорындарда үлкен жауапкершілікпен аянбай еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді көрген сайын олардың еңбекпен ажарлы болатынын сезінгендейміз.
Өз тілшімізден.