Ағарғаны үзілмеген ардақты ана

Бозой ауылдық округіне қарасты «Медет» шаруа қожалығының мүшесі, «Алтын алқа» иегері Сәбила Мұханбедкерімованың дастарқанынан қысы-жазы шұбаты мен құрт-ірімшігі үзілген емес. Үйіне ат байлаған жолаушыға ол алдымен тостаған толы сусынын ұсынып, әрдайым қонақжайлықтың үрдісін көрсетеді. Қораптағы дайын сүтті шалғайдағы малшылар да шайға қата бастаған бүгінгі кезеңде сауын малының желінін сыздатпай, сүтін селдеткен алдыңғы лектегі Сәбиладай тындырымды аналар еңбегіне бас иесің.
Сәбила Әбуқызы Қызылорда облысына қарасты Ақбасты ауылының тумасы. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Шалқар ауданының Бозой ауылына келіп қоныстанған. Әкесі Әбу Желдеров есімі Бозой мен Ақбасты өңіріне аян молда кісі екен. Ал анасы Мөлдіре үй тірлігін тіктеген жан болыпты.
— 1974 жылы 21 жасымда бозойлық Қойшыбай есімді ағаңмен көңіл жарастырып, отау құрдық. Алғаш келін атанған кезден әлі күнге дейін сауын малдың жұмсақ желінінен қолым үзілген емес. Қазір 10 боталы інген сауып отырмын. Үйге түскен қонағың шұбатыңнан ауыз тиіп, ризалығын білдіріп жатса, отбасыңның берекесі дегенің — сол. Біз осы кезге дейін ағарған сатып та, сатып алып та көрмеппіз. Ертеректе ағарған сату — кәсіп көзі дегенді естімейтін едік.
Дегенмен бүгінде күнкөріс қамы алдыңғы кезекке шықты, нарыққа наз жүрмейді. Қазір мал санын көбейтуді барлығы да қалайды, бірақ оның ауыртпалығын ер мен әйелі бірлесе жүріп көтерсе екен. Әйел болмағасын үйден жылулық кетеді. Өз малыңнан өзің қашсаң, оны кім келіп баптап, өнімін ұқсатады?! Төрт түлікті баққасын, оның бейнеті мен зейнетін тең көру керек, — дейді еңбекқор ана.
Қойшыбай аға 15 жасынан бастап Қоянқұлақ (бұрынғы Южный) елді мекенінде трактор жүргізушісі болып жұмыс істеген. 1981 жылдан кешегі тоқырау тұсына дейін Айшуақ кеңшарының №3 фермасының аға шопаны болады. Қазір жетпістің жуан ортасына келсе де ол аттан түспей жылдың төрт мезгілінде қойын өзі бағып жүр. Қойшыбай аға мен Сәбила апайдың өмірге әкелген балаларының алды аяқтанған, олар қазір еліміздің әр қаласында тұрады. Медет, Нұрбек, Серікбай есімді ұлдары өздерімен бірге шаруашылыққа қарайды.
«Медет» шаруа қожалығы аталған округтегі іргелі шаруашылықтардың бірі. 1998 жылы құрылған қожалықтың 2 400 га. жері бар. Үкіметтің ауылшаруашылығын қолдау мақсатындағы жеңілдіктерін тиімді пайдаланып отыр. Малдың жемшөп дайындауына субсидиялар алып, қыстағы мен жайлауынан су ұңғымаларын қаздырған.
— Біз ғұмырымызды ата-кәсіпке арнап, адал еңбекпен дала төсінде келеміз. Қажыр-қайратымыз барда осы қожалық басында отырғымыз келеді. Шалымның жанынан бір сәт қалмадым, жастау шағымда кейде ертеңгісін мініс атына дейін ерттеп қоятынмын. Жұмысты «үйдікі, түздікі» деп біз бөлмей бірлесе атқардық, одан жаман болған жоқпыз, — дейді көп балалы ана.
Білегіне сауын шелегін іліп, інгендерін идіруге үнемі асығып жүретін Сәбила анамыздың табандылығы өзгелерге жұғысты болса, кәнекей!?
Мұхтар МЫРЗАЛИН.