Ауыл шаруашылық

Қайсар әке Қамалбай

Ол жастайынан табандылықты, сабырлылықты жанына серік етті. Қонышын таралғы қажаса да, еңбектен қажымай, ат үстінде  өткен кешегі әкелердің еселі еңбегін көріп есейді. Әкесі Әмит уақытында Сарыбұлақ кеңшарына қарасты №3 ферманың атағы дүркіреген үздік шопаны болды. Сан жылдар бойы әкенің сүйреткен  құтты құрығы қазір өзінің қолында.

Кейіпкеріміз Қамалбай Әмитұлының өмір жолы атауы аңызбен астасып, сыры қой тастарына жасырылған сырлы Сынтастың бойында өріліп келеді. Осы аумақтағы Мешіт қыстағы оның алғаш жаялығы жуылған туған мекені. Отар қойдың тұяғына тозбаған құйқалы топырақ үстінде қаз басқан ұл  ат жалына ерте жармасып, әке ізін қуды. Сонау тоқсаныншы жылдары құрылған «Әмит» шаруа қожалығына өзі иелік етеді. Шаруашылыққа тиесілі жер — 9 800 га.-ны құрайды, жаз жайлауы қыстақтан 15 шақырым қашықтықтағы Жалғызшыңырау деген жерде.

— Әкем Әмит пен анам Күміс өмір бойы мал шаруашылығымен айналысып, қажыр-қайратын жел өтіне жұмсады.  Мешіт қыстағына әкем 1972 жылы алғаш қоныстанған екен, сол жылы мен өмірге келгенмін. Содан бері осы жерде анамыздың алтын құрсағынан тараған ұрпақ өсіп-өнді. Баға білсең береке — малда. Бұл әкеміздің бізге жиі айтатын ақылы еді. Бірақ қазір төрт түлікті тең өргізуге үлкен күш керек. Күні кешегіге дейін біз де  шопан ата төлін ұстап келгенбіз, енді бірыңғай ірі қараға бет бұрдық. Бұл жердің қысы бұрын ерте түсіп, кеш шығушы еді. Қаһарына мініп, жол қатынасы мүлдем болмай қалған кездерді де көз көрді. Қазір малға тұсау болатын  ондай қыс жоқтың қасы.

Дегенмен орталықтан жырақтау отырғасын шаруа жайымен жан-жақпен байланысқа шығуыңа тура келеді. Айшуақ ауылдық округінің орталығы осы Мешіт қыстағынан 30 шақырым қашықтықта. Бізді қинайтыны — ұялы байланыс сапасының төмендігі. Орталықпен тілдесуің үшін барып қайтуың жеті шақырымды құрайтын маңдай алдымыздағы Қарақасқа деп аталатын қырға шығуыңа тура келеді. Шұғыл шаруаң шықса қиын, ол үшін көлігіңді әзірлейсің. Осы байланыс сапасын бір жолға қоятын кез келді,— дейді Қамалбай аға.

Ол кішкентайынан малшы болумен қатар, техника тілін де меңгергенін айтады. Бұл сөзінің жаны бар. Осыдан үш жыл бұрын Қамалбай бауыры Қалабай екеуі Шалқардың өзге бағытына шаруашылық техникаларын апарып, жүздеген шақырым қашықтықтан ала жаздай шөп шауып қайтқаны бар. Сайман сайламай, шөпті сатып алуға бой үйренген кейінгі кезеңде ауыл асып шөп жиған Қамалбайдың бұл тірлігі — сырт қарағанға үлкен тәуекелдік болып көрінді. Шөптің мол қоры — мал ауылдың сәні. Қамалбай аға енді қожалық атына лизингке жаңа техникалар алуды жоспарлап отыр. Шаңырағында болған сәтімізде лизингке техника алудың реттерін оған аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов пен Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов кеңінен түсіндірді.

Қамалбай аға күнделікті тірлікте әкелік парыздың қалың қамытын киіп, сом салмақты өрге сүйреп жүрген азамат. Жиырма жыл өмірлік жұп жарастырған аяулы жарының кенеттен келмеске аттанғанына да жеті жылдың жүзі болған. Сондықтан да ол өзіне арқа сүйеген алтын асықтай балаларын аяқтандыру жолында әрдайым қамал алуға дайын.

Түздің ісі мен отбасы тірлігіне тең алаңдайтын азамат туралы айтылар сөздің тақырыбын «Қайсар әке…» деп, сабақтауымның мәні осы еді…

Мұхтар МЫРЗАЛИН

Басқа материалдар

Back to top button