Мәдениет

Тарихи тұлғаларды зерделеген ғалым

Өткен аптада Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Шалқар ауданының құрметті азаматы Жұманазар Асанның мерейлі 75 жасына арналған «Ғұмыры ғибратты ғалым» атты кездесу кеші өтті. Шығармашылық кешке  ғалымды құрмет тұтатын Шалқар жұртшылығы қатысты.

Бұл мәнді де мағыналы жүздесу кеші өлкеміздің қазыналы қариясы, 92 жастағы Мұхамбетқайыр Балмановтың ғалым інісіне арнаған ақ батасымен басталды. Ізе-шала кең залда «Шалқар вальсі» әні қалықтады. Жиналған қауым экраннан Жұманазар Асанның төмендегідей өмір жолына қанықты.

Ол 1950   жылы 11 қаңтарда  Шалқар қаласында дүниеге келген. Қазіргі Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің физика-математика, филология факультеттерін бітіріп, Шалқар ауданының мектептерінде мұғалім, директор болып жұмыс  істеді. 2002 жылы «Ырғыз, Шалқар өңірінің ақындары» (ХІХ-ХХ ғасыр басы) деген  тақырыпта кандидаттық, 2010 жылы «Едіге жыры — тарихи-қаһармандық эпос» деген тақырыпта докторлық диссертациялар қорғаған.

1996 жылы Тілеу батырды бірінші болып зерттеп, ұлттық энциклопедияға енгізді. Ақтөбе қаласында Тілеу батырға ескерткіш қойылып, көше атауы берілді.

1990 жылдары «Түркі халқының Нострадамусы» атанған Мөңке биді зерттеді, Ақтөбе облысының ақын-жыраулары туралы кандидаттық диссертациясына Мөңке биді басты тұлға етіп алды. Республикалық басылымдарда мазмұнды мақалалар жариялады. Астанадан 2001 жылы мемлекеттік тапсырыспен  «Шекті Мөңке би» деген монография шығарды. 2021 жылы ғалымның Мөңке би туралы монографиялық еңбегі Түркияда мол тиражбен басылып, бұл кітабы Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Әзірбайжан республикаларына тегін таратылды. Ж.Асан Мөңкені орта мектеп бағдарламасына енгізді, қазір оқытылуда ( 9-класс. «Қазақ әдебиеті»). 2003 жылы Мөңкеге     Ақтөбе қаласында ескерткіш қойылды.

2000 жылдары Едіге батырды зерттеді, 2020 жылы күллі түркі халқының ардақтысы Ер Едігеге дүние жүзі бойынша Ақтөбе қаласында ең бірінші ескерткіш қойылып, даңғыл атауы берілді. Астанада да Едіге есіміне көше берілді.

Ж.Асан 15 дастан шығарған ырғыздық Жөкей Шаңғытбаев, халық ақыны Сарышолақ Боранбайұлы туралы зерттеулер жазды, шығармаларының жинағын Алматыдан мемлекеттік тапсырыспен бастырды. Қазір бұл ақындар шығармалары жоғары оқу орындарында оқытылуда.

Ғалым Ақтөбенің ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақындарының тұңғыш антологиясын 2001 жылы «Асыл қазына» деген атпен баспадан шығарды. Бұған Ақтөбе облысының 34 ақынының есімі енді. Мұнда Сарышолақ, Ашубай, Пұсырман, Таразы, Әлима, Сары сияқты шалқарлық ақындар да бар. «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан 50 томдықтың 1 және 2-томдарын құрастырып, текстологиясын қарап, алғы және қорытынды сөздерін жазды. Бұл елу томдықтың 26-томы тұтастай Ж.Асанның көркем шығармаларына арналған. Ж.Асан — Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Жазған әңгімелері мен повесі «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақ әдебиеті», «Таң-Шолпан» сияқты белді басылымдарда жарық көрді. «Шашты Әзиздің ұрпағы» деген атпен кітап түрінде баспадан шықты.

Ж.Асан Ақтөбе облысының ақын, жырауларына, би-шешендеріне, батырларына қатысты 200-дің үстінде ғылыми еңбектің, оның ішінде 6 монографиялық зерттеудің авторы.   Ақтөбе облысының рухани мұрасын байытуға зор үлес қосты. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Шалқар ауданының құрметті азаматы», «Үздік өлкетанушы», «Қазақстан Республикасының құрметті профессоры» төсбелгілерінің иесі.

«Үздік өлкетанушы», «Шалқар ауданының құрметті азаматы» Аманғали Мұхамбетулин, ағайындар атынан сөз алған білім беру саласының ардагері Зейнелабдин Жолекенов ғалымның өлшеусіз еңбегіне және жүздесу кешін ұйымдастырған аудан басшыларына шексіз алғыстарын білдірді, сый-сияпаттар жасады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген ғалым Ж.Асанның ғылым саласындағы еңбегін айта келіп, ҚР энциклопедиясына Тілеу батырмен бірге ғылыми дәлелдермен Қабақ баба,  Нияз билерді, Әзберген хан секілді тұлғаларды енгізгенін тілге тиек етті. Сонымен бірге облыстық басылымдарда, «Ана тілі» газетінің беттерінде жоғарыда айтылған батыр, билеріміз туралы, Сарышолақ шайыр, Жарас мерген жөнінде зерттеу мақалалар жариялағанын айтты. Қазанғаптанушы, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрболат Жанаманов көпке мақтан етер ағасына арнап Қазанғаптың «Домалатпай», «Көкіл» күйлерін орындады. Ғалымның шәкірті,  Шалқар қаласының әкімі Қорғанбек Исаев жас шағында Жұманазар ағасының өзіне қамқор болып, өлең жырларын Мұхтар Мағауинге хабарласып, «Жұлдыз» журналына жариялануына  ықпал еткеніне тоқталды. Ұстазына ыстық ықыласын білдіріп, сый-сияпат жасады.

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов  қазақ әдебиеті мен ғылымының    дамуына өлшеусіз үлес қосқан, халқымыздың рухани қазынасына  айналған тұлға — Жұманазар Асанды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.

— Халқымыздың тарихи мұрасын зерттеп, байтақ қазақ даласының әдебиетіне жаңаша серпін берген үлкен ғалым, өз елінің адал перзентісіз. Сіздің «Едіге» жырына арналған ғылыми еңбегіңіз — ұлтымыздың эпикалық мұрасын терең зерттеген, халықтың тарихи санасын жаңғыртқан құнды еңбек. Сонымен қатар, Мөңке би, Әзберген Мұңайтпасұлы, Сарышолақ шайыр сияқты тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеулеріңіз елдің рухани әлеміне шырақ жаққандай әсер етті.

Өзіңіздің туған жеріңіз Шалқарға деген сүйіспеншілігіңіз бен еңбектеріңіз арқылы сіз жерлестеріңізге ерекше үлгі болып отырсыз. Бүгінгі кездесуде сіздің жазушылық шеберлігіңіз бен ғалымдық ізденістеріңіздің сырларына қанығып, жастарымыз өзіңізден үлкен өнеге алатынына сенімдімін, — деді аудан басшысы. Және мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сый-сияпаттар тапсырып, кеудесіне «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Жүздесу барысында ғалым Жұманазар Асан өзіне қойылған сауалдарға жауап беріп, «инемен құдық қазғандай» ғылым жолындағы ізденіс жолдарын әңгімеледі.

— Сіздермен жүздесуге келгендегі мақсатым — Шалқар жерінің ұлы тұлғаларды өмірге әкелген қасиетті өлке екенін жас буынға ұғындыру, — деді ғалым. — Шерхан Мұртаза бір сөзінде «Нострадамустың бір айтқаны келеді, бір айтқаны келмейді, ал Мөңке бидің бар айтқаны келеді» деп мың жылдығын болжаған баба туралы айтқаны бар. Шекті Мөңке туралы Ахмет Байтұрсынов, Мәшһүр Жүсіп, Нұржан Наушабайұлы айтып кеткен, олар біздің батысқа қатысы жоқ адамдар. Сол Мөңке бабамыздың республика көлемінде 350 жылдығы биыл аталып өтілетіндігі қуантады.  Мен 9-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығына Мөңке әулиені енгіздім. Бірақ, Мөңке көп қырлы адам, әлі зерттеуді қажет етеді. Мәселен, ол кісінің бізге белгілі төрт күйі бар, ол консерватория, өнер ордаларының бағдарламаларына енбей отыр. Саясаткерлігі тағы бар, — деді Ж.Асан.

Ғалым Қопасор елді мекенінде он жыл, Мөңке би елді мекенінде он екі жыл тұрғанын айтып, сол кездердегі үлкендерден Сарышолақ шайыр, Мөңке би туралы көп нәрсені түйіп алғанын жеткізді. «Абай секілді жылдың төрт мезгіліне Сарышолақ шайыр жыр арнаған» деді және оның бірерін жатқа айтты.

Қазақтың ұлы күйшісі Қазанғаптың Шалқар өңірінде дүниеге келгенін мақтан етті. Ақселеу Сейдімбектің «Абайдың поэзиядағы орыны қандай болса, Қазанғаптың күй өнеріндегі орыны да сондай» деген теңеу келтірген. Он бір жыл бойы патша отаршылдығымен күрескен Есет Көтібарұлы және оның серіктес батырларына тоқталды. Осының барлығын айта келген ғалым «Ұлы би, шешендерді, батырларды дүниеге әкелген Шалқар топырағы — қасиетті» деген түйін жасады.

Ғалым өзі зерттеп жүрген ер Едігеге де тоқталды. — Түркі тілдес елдердің бәрін қосқанда Қобыланды батырдың 29 нұсқасы болса,  ер Едіге жырының 60-тың үстінде нұсқалары бар екен. Мұхтар Мағауиннің баласы Едіге Мағауин ер Едігенің бір нұсқасынан ғана кандидаттық диссертация қорғаған, қалған нұсқалары да зерттеуді қажет етеді деген сөз.

«Сарышолақ шайырды болашақта мектеп оқулығына енгізу керек, себебі ол мықты ақын, мен осыны өзімнен кейінгі ұрпаққа аманаттаймын» деді ғалым.

Ж.Асан әлде де Шалқар өңірінен шыққан немесе қатысы бар Төртқара Ашубай, Жаңғылыш Ақпан секілді айтулы ақындар шығармаларының толық жарыққа шықпай, зерттелмей жатқанын мәлім етті. Болашақта осындай айтулы тұлғаларымызды зерттеп, зерделеу кейінгі буынның ісі екеніне тоқталды.

Сөз соңында ғалым Ж.Асан осы жүздесу кешін ұйымдастырған аудан әкімі бастаған ел азаматтарына алғысын айтып, ел-жұрттың тыныштығын, амандығын тіледі.

 

*   *   *

Жерлес ғалым Ж. Асан осы сапарында Шалқар қаласындағы өзі оқыған №1 мектеп-гимназиясы және №3 орта мектептің педагогикалық ұжымымен, оқушыларымен кездесті.

 Қ. ӘЛИН, «Шалқар».

Басқа материалдар

Back to top button