Мұз үстіндегі бәсеке

Аудандық Мәтей Қоқанұлы мешіті мен дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық бірлесе Шалқар көлінде балық аулаудан аудандық спорттық сайыс өткізді.
Мешіт жамағатының өзара бірлігін арттыру, мешіт қызметкерлері мен халық арасындағы байланысты тереңдете түсу мақсатында ұйымдастырылған игі шарада: «Тұрақтылықтың негізгі діңгегі – ауызбіршілік. Халқымызда «Береке басы — бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөздер бар. Келешегіміздің жарқын болуы бүгінгі татулығымызға тікелей байланысты. Бірлі-гімізге бекем болсақ, болашағымыздың баянды болары хақ» деп, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков қысқы балық аулау шарасының мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шалқар көлінде өткен жарыс қатысушыларына аудандық Мәтей Қоқанұлы мешітінің азаншысы Қайрат Қаймолдин сайыстың шарттары мен қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Жоғары деңгейде өткен шараға балықшылар қатысып, барлығы 65 азамат бақтарын сынады. Жарыстың қорытындысы бойынша I орынды Рауан Ілиясов жеңіп алды. II орынға Аслан Аманиязов, III орынға Саид Курбангалиев ие болды. Сондай-ақ Рашид Янгереев «Тәжірибелі балықшы», Асқар Бұрхан «Ең үлкен балық аулаушы», Аят Аяпов «Ең жас балықшы» номинацияларымен марапатталды. Жүлдегерлер қатарынан көрінген әуесқой балықшыларға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Осы мұз үстінде өткен балықшылар бәсекесіне ауданымызға қарасты Бершүгір ауылынан келген Асқар Бұрхан сайыстан ал-ған әсерін бізбен бөлісті.
— Жасым 54-те. Жылдың төрт мезгілінде де балық аулауға әзір жүремін. Оның ішінде қыс мезгілінде балық аулаудың қызығы мен қиындығы көп. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді, қауіпсіз-дікті сақтау және бар. Өзім ауылдағы «Мугалжарнефтестрой» ЖШС-де жұмыс істеймін. Бүгінгі сайысты естісімен уақыт тауып келіп отырмын. Осы еңбегіме орай арнайы номинацияға ие болдым. Балық аулау да спорттың бір түрі. Ол адамнан шыдамдылық пен тиянақтылықты талап етеді.
Қазір адамдар, әсіресе, жастар үйге қамалып, телефонмен уақыт өткізуді ермекке айналдырды. Бір мезет тысқа шығып, таза ауада серуендеп, осындай сайыстарға қатысып, ең болмаса көрермені болып кетсе, оның өзі де уақытты тиімді өткізгені болып саналады. Сондықтан мен барша азаматтарға қысқы спорттың барлық түрлеріне қызығушылықпен қа-рап, балықшылар сайысын жиі өткізуге шақырамын. Бүгінгі шарадан мен жақсы әсер алдым. Ұйымдастырушы азаматтарға алғысым шексіз, — дейді Асқар аға.
М.ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».