
ЕРЕН ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН КӨК ТУ
Іргетасы өткен ғасырдың бас кезінде, яғни, 1921 жылы қаланған қаламыздағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы, «Ақтөбе магистральды желі бөлімшесі» филиалы, Шалқар байланыс және белгі беру дистанциясының (ШЧ-3) абыройы бұл күнде асқақтап тұр. Дейтініміз, Қазақстан темір жолының 120 жылдығына байланысты шығарылған ауыспалы көк туға 2024 жылы еліміздің барлық 36 байланыс және белгі беру дистанциясының жұмыстарын сараптай келе, біз мақалаға арқау етіп отырған ШЧ-3 кәсіпорыны лайықты деп табылыпты. Бұл күнде сол ауыспалы көк ту аталған кәсіпорын бастығы Нұрболат Төпештің жұмыс бөлмесінде тұр.
Басшыны іздеп барғанымда өздерінің жетістіктерін мақтанышпен айтқан Нұрболат Қыдырбайұлы осы көк тудың астында бірқатар маман азаматтармен бірге суретке түсті. Және өзі басқарып отырған дистанция ұжымы 2023 жылы өндірістік-шаруашылық қызметте жоғары нәтижеге жеткені, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін «Салалық жарыстың жеңімпазы» атанғанын, осыған орай дистанцияға «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Н.Сауранбаевтың қолы қойылған бірінші дәрежелі Диплом тапсырылғанын айтып берді.
Менің де аудандық газетте қызмет істегеніме 35 жылдың жүзі болған екен. Сонау кеңес үкіметінің тұсында марқұм, осы дистанцияны ширек ғасырдан астам басқарған Шәймерден Мәуметовтың кезінде ауыспалы Қызыл Туды үнемі осы кәсіпорын жеңіп алатыны есіме түсті. «Жарайсыңдар, жігіттер, әлі де сол деңгейден түспей келе жатыр екенсіңдер!» дедім.
Бірінші сұхбаттасқан азаматым, осы аталған дистанцияның бас инженері Ерболат Мұрсалов болды. Ол әуелі кәсіпорынның арғы тарихын әңгімеледі. Бұл мекемені өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап бері қарай А.И.Анпилов, С.А.Агиев, В.С.Краснов, Ф.К.Панкратов, Н.С.Охотницкий, И.Н.Рыба секілді білікті басшылар басқарып, кәсіпорын жетілумен, өсумен болыпты. 1921 жылы Орынбор темiр жолы кұрамында Шалқар стансасында механикалық байланыс шеберханасы ашылады. Осы құрам негiзiнде 1929 жылы Шалқар байланыс және белгi беру аралық дистанциясы құрылған. Ұлы Отан соғысына дейiн және одан кейiн дистанцияның қызмет жасау шекарасы Қотыртас-Шалқар-Тоғыз станциясы болып белгiленiп, №28 Шалқар белгi беру және байланыс дистанциясына өзгертiлген. 1952 жылдың басында пайдалануға бiр жолды автотежегiшпен тұрақты ток жүйесі енгiзiлген. 1952 жылы дистанцияның қызмет жасау шекарасы Қотыртас-Шалқар-Сексеуiл станциясы болып ұзартылған. 1956 жылы Шалқар белгi беру және байланыс дистанциясы ШЧ-28 болып аталған.
Ал 1973 жылы дистанция тізгінін осы теміржол саласында өсіп жетілген, білікті маман Шәймерден Мәуметов қолға алады. Сол жылдан бастап 1976 жылға дейін байланыс жүйесiне өзгерiстер енгiзiледі. 1977 жылы Батыс Қазақстан темiр жолы құрылуына байланысты Шалқар дистанциясы ШЧ-3 болып өзгертiледі. 1983 жылы дистанцияның қызмет жасау шекарасы Ембi-Шалқар-Сексеуiл станциясы болып 341 шақырымға ұзартылып, дистанцияны техникалық жабдықтау 530 техникалық өлшемге жетті. Дистанция 33 бөлек пункттермен қызмет жасап, 1979-1986 жылдар аралығында автотежегiш жүйесіне өзгертiлiп, сол жылы «НЕВА» системасы мен диспетчерлiгi пайдалануға берiлдi. 1982 жылы Шалқар, Ембi стансаларында байланыс үйлерi салынады. Және сол жылдары дистанцияның жұмыстарына үлкен қайта құрулар болып, өзгерiстер енгiзiлген еді.
Одан бері қарай, 1999 жылдан дистанцияға Аманғазы Бақтыбаев басшылық еткен кезеңнен бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы филиалының 03.01.2007 жылғы бұйрығына сәйкес Ақтөбе белгі беру және байланыс бас дистанциясынан бөлініп, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы филиалы «Шалқар байланыс және белгі беру дистанциясы» (ШЧ-3) болып қайта құрылады. 2016 жылы ұзындығы 500 шақырымды алатын Шалқар-Бейнеу темір жол торабы қолданысқа беріледі, оның ішінде 237 шақырымы Шалқар-Тассай телімі Шалқар байланыс және белгі беру дистанциясы құрамына енеді. Дистанция жұмысшылары Шалқар-Тассай телімінің құрылысына үлкен үлестерін қосады.
Одан кейін, 2018 жылдан бастап 2024 жылға дейін дистанция басшысы қызметін Айдар Еңсепов атқарды. Бұл кезеңде де дистанция жұмысы жоғары деңгейде болып, жұмысшы тұрмыс жағдайына көп көңіл бөлінді. Дистанция жабдықтары модернизацияланды.
— Бүгінгі күні ШЧ-3 кәсіпорыны бөлек пункттермен құрылатын жалпы ұзындығы 596-ға жуық шақырымды құрайтын те-міржол торабын қамтиды. 2024 жылдан бастап дистанция бастығы болып Нұрболат Төпеш тағайындалды. Оның орынбасарлары, теміржол саласында ысылған мамандар Елубай Бақтыбай мен Бағдат Жолмағанбетов болды. Бұл күнде дистанция ұжымы заманауи құрылғы-ларға техникалық күтім жасайды. Және дистанция ұжымында 375 адам: оның ішінде 311 ер адам, 64 әйел адам жұмыс істесе, мамандықтар бойынша 210 электромеханик, 63 электромонтер бар, — деді Ерболат Аманғалиұлы.
Иә, қарап отырсақ, тарихтары өткен ғасырдың басынан басталатын теміржолдың әр саласы секілді біз әңгімеге арқау етіп отырған дистанцияның да өткені тереңнен басталады, әрі мазмұнды. Бұл кәсіпорын құрылғаннан бері 17 «Құрметті теміржолшы» шығыпты. Басы өткен ғасырдың басында еңбек еткен Мария Филиповадан басталса, соңы жақында ғана осы құрметке лайық болған электромеханик Жәдігер Асабаев екен.
Кеңес заманында осы дистанцияда аянбай еңбек еткен Мұқатай Саурбаев, Сәден Өмірбаев, Жасан Жолмағанбетов деген кісілер «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болыпты. Ал ауданымыздың Қайдауыл станциясында тұратын Жасын Жолымбетов «Ленин» орденімен марапатталыпты. «Құрмет» орденіне әр кезеңде осы дистанцияны басқарған Шәймерден Мәуметов пен Аманғазы Бақтыбаев ие болған. ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін тағы да Қайдауыл станциясында тұратын Әлімбай Тасан алған екен.
Әрине, марапат мұнымен бітпейді. Әр жылдарда кәсіпорында тынбай жұмыс істеп келе жатқан жұмысшы-қызметкерлердің еңбегі үзбей мадақталуда. Мәселен, «Адал еңбегі үшін» белгісімен 14 адам, 2006 жылы «Теміржол көлігіне 100 жыл» белгісімен 5 адам, «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» белгісімен 4 адам, «Үздік маман» белгісімен 5 адам, әр жылдарда «Кәсібі бойынша үздік» белгісімен 7 адам және 2022 жылы «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ 25 жылдығына арналған мемлекеттік медальға 9 адам лайық деп табылыпты.
Бұл марапаттардың барлығы осы біз жазып отырған байланыс және белгі беру дистанциясы ұжымы еңбегінің бағаланғаны деп білу керек. Жоғарыда айтқанымыздай «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ауыспалы көк туын жеңіп алып, «Үздік теміржол ұжымы» болып табылуы да соның айғағы. Бұл жерде, кәсіпорын басшысының да зор еңбегі тұратыны белгілі. Сондықтан болар, акционерлік қоғам басшысы осы дистанция ұжымын басқарған Аманғазы Бақтыбаев пен қазіргі басшы Нұрболат Төпешке «Үздік басшы» атағын табыс еткен екен.
Міне, көк туды желбіреткен егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып келе жатқан Шалқар байланыс және белгі беру дистанциясының ұжымы да өздерінің қажырлы да адал еңбектерімен ауыспалы көк туды желбіретіп, үлкен абыроймен өздерін жоғары кәсіби деңгейде көрсете білуде. Лайым солай болғай.
ІСІНЕ БЕРІК БЕРДАЛЫ
Біз, журналистер қауымы әрбір мекеме, кәсіпорынға бас сұққанда басшыдан «Газет бетіне жазуға лайық еңбек адамы бар ма?» деп сұраймыз. Жоғарыдағы аталған дистанцияға келгенде де сол сұрақты қойдым. Бастығы да, төстігі де бірден жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асқан, осы кәсіпорынның техникалық жөндеу бөлімінде ерен еңбек етіп келе жатқан Бердалы Ізмұқанұлы Қарасаевты атады.
Хош… Іздеп барып Бердалы деген азаматпен де таныстық, «Пайғамбар жасы» дейтін белеске келіп қалыпты. Бұйырса бірер айдан кейін құрметті еңбек демалысына шығады екен.
— Уақыт деген көк дөнен, қазір осы дистанцияның үлкені болып қалыппыз. Қазір осы мекемеде еңбек етіп жатқандардың көбі менің шәкірттерім, — деді Бәкең.
Иә, айтса айтқандай, сонау Кеңес үкіметінің кезеңінен бері тынбай жұмыс істеп келе жатқан Бердалы Ізмұқанұлының еңбегі де зор екен. Дегенмен, әңгімені бірден «Мен!» деп төске ұрып бастамай, балаң кезеңінен өзін баулып, адам қылған әке-шешеден, ұлық ұстаздарынан бастады.
Әкесі Ізмұқан Қарасаев ұзақ жылдар ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет істеп, көптеген жандарға көмегі тиген, соңында сол мемлекеттік мекеменің басшысына дейін көтерілген адам екен. Ал анасы Ағния Қорғанбайқызы қаламыздағы №3 орта мектеп-интернатында аспазшы болып, сол интернаттағы малшы, теміржолшылардың балаларына қамқоршы болыпты. Яғни, елдің алғысын алған адамдар екен. Бұл күнде ол кісілер өздерінің өмір жолын аяқтап, бақилық болған жандар.
— Мен 1979 жылы өзіміздің Шалқар қаласындағы қара шаңырақ атанған №1 орта мектебін бітірдім. Біз оқыған мектепті «Ленин» орденді Ақық Қалағанова деген апай басқарды, — деп бастады әңгімесін Бердалы. — Мектеп бітіргеннен кейін мамандық алу керек, Ақтөбе қаласына барып құрылыс техникумына түстім, бірақ, көңілім теміржолшы болуды қалады да тұрды. Сөйтіп, бұл оқуды тастап кеттім, — деді ол.
Оқудан шығысымен Шалқар темір жолы торабының парткомы болып жүрген немере ағасы Еламан Шауменовке келіп, теміржолшы болғысы келетінін айтады. Ол кісі жұмысты деподан баста деген ақыл береді. Сол ақылмен 1979 жылы Бердалы депоның автомат цехында алғашқы еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай, 1980 жылы армия қатарына шақырылады. Ауғанстанға баратын бата-льонның құрамына ілігіп, дайындық жүреді. Жеме-жемге келгенде Ауған елі-не тек шоферларды алып, Бердалы аталған елге құрылыс материалдарын дайындайтын Ташкент бетон зауытына жұмысқа қалдырылады. Сол жерде екі жыл аянбай еңбек етіп, азаматтық борышын өтеп келгесін, депоның автомат цехындағы жұмысын қайта жалғастырады.
БЕРДАЛЫНЫҢ ТӘУЕКЕЛІ
— Осылай жұмыс істеп жүргенімде Шалқардан машинист көмекшісін оқы-татын курс ашылды. Бірден курсқа тіркеліп, бітіргеннен кейін машинист көмекшісі болып жұмысқа тұрып кеттім. Ол жұмысты да абыроймен атқарып жүрдім. Бірақ әлде де оқып, мамандық алғым келіп, жүрегім байыз таппады. Өйткені, мен орта мектепті жақсы оқып, үздік бітіргенмін, — деді кейіпкеріміз.
Содан не керек, алдына оқимын деп мақсат қойған Бердалы Қарасаев 1985 жылы тым жақсы жұмысынан арыз беріп шығып, білім алу үшін Алматы қайдасың деп тартып отырады. Өйткені Бәкең тәуекелшіл азамат болатын.
Алматы қаласында темір жол саласындағы «Автоматика-механика» мамандығына оқуға қабылданады. Оқып жүрген кезінде, 1986 жылы 16-18 желтоқсандағы КСРО-ның ыдырауына себеп болған еліміздегі алғашқы халық толқуына қатысады. Мұздай қарулан-ған әскерге қарсы тұрған қазақ қыз-жігіттерінің арасында болады.
— Кеудесінде ұлттық намыс оты оянып, бейбіт шеруге қарусыз шыққан қыз-жігіттерге сапер күрегі, қызмет иті, дубинкамен мұздай қаруланған әскер күштері қарсы қойылды. Оларға жалаң қолмен қарсы ұмтылған қазақтың қайсар, ержүрек қыз-жігіттерін көріп тәуба дедім. Бір әттеген-айы, сол кезеңдегі солақай саясат бейбіт шеруді орыс халқына қарсы қозғалыс ретінде бұрмалап, теріс түсіндірді. Сол бір қақтығыс кезінде жедел жәрдем «Уаз» көлігі келіп тоқтады. Жаралыларға келген болар дедік. Бірақ ішінен әскерилер түсіп, қыз-жігіттерді соққының астына алып, күштеп қамап жатқанын байқап, бір топ жігіт сонда ұмтылдық. Қамаудағы қыз-жігіттерді босатып, автокөлікті аударып тастадық. Менің айтып отырғаным бір ғана жағдай, қозғайтын әңгімелер көп, бірақ айтуға болмайды. Жалпы желтоқсандықтардың көзсіз ерлігі мақтан тұтуға тұрарлық, қазақ елі тарихынан ойып тұрып орын алары да сөзсіз, — деді Бердалы Ізмұқанұлы.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың көбі ұсталып, аяусыз жазаланғаны белгілі. Құдай сақтап, Бердалы бұл жазаға ілікпей қалады. Әке-шеше балаға қашан да жанашыр, бұл оқиғадан соң баласын отбасылық жолға салып, арандап қалмауға үндейді. Әке-шеше ақылын қабыл алған Бердалы сол 1986 жылы шаңырақ құрады. Ата-анасының ақ батасымен 1988 жылы оқуын аман-есен бітіріп келіп, бұл күнде өзі еңбек етіп келе жатқан Шалқар байланыс және белгі беру дистанциясына жұмысқа тұрады.
— Келген соң бірден сол кезде ШЧ-3 бастығы болып тұрған Шаймерден Мәуметов мені техникалық жөндеу бөліміне электромеханик етіп жұмысқа қабылдады және мені осы кәсіпорынның комсомол ұйымының секретары етіп сайлап, үлкен сенім артты. Әрине, мен арқаланып кеттім, үлкен ынтаммен осы дистанцияның жастарына басшы болдым. Шынын айту керек, Шаймерден ағамыз өте іскер басшы болды, ұжымды еңбекке жұмылдыра білді. Біз жұмыс кезінде де, жұмыстан тыс уақытта да аянбай еңбек еттік. Ол кісі бас-қарған кезеңде Шалқар-Ембі аралығына байланыс үйлері салынып, толық пайдалануға берілді. Сол жылы дистанция жұмыстарында қайта құрулар болды, өзгерістер енді. Шалқар қаласындағы қазіргі жұмыс істеп отырған кеңселер, Жомарт совхозындағы шаруашылық үйлері, кашарлар, тіпті сол кісінің мұрындық болуымен кірпіш зауыты салынды, Шалқар қалашықтарындағы мекеме, жұмысшы-қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер бой көтерді. Және Шәкеңнің ұсынысымен Шалқардағы теміржол вокзалы жанынан Ұлы отан соғысының қаһармандарына арналған тұғыры биік солдаттың ескерткіші тұрғызылды. Әлі есімде, вагоннан кірпіштерді түсіргенде жастар тізбектеліп қатар тұрып, кірпіш-терді қолдан-қолға беріп, лезде түсіріп тастайтынбыз, — дейді Бердалы.
Осы жерде сол кезеңде ШЧ-3 кәсіпорнында бас есепші болып жұмыс істеген Дәулетияр Әспенов ағамыздың аудандық газетке берген, ірі кәсіпкер Жақсыбай Әлин туралы «Өлкеміздің алғашқы кәсіпкері» деген мақаласында «Сол құрылыс қарқын алған 1985-1990 жылдары жеке тұрғындар және мекеме, кәсіпорындар есебінен үйлер салу қарқын алды. Мәселен, қаламыздың 6-шы ауыл, Жомарт бөлігіндегі, СМП, Ә.Жангелдин қалашығының шетіндегі ШЧ-3, ПЧ-8 секілді кәсіп-орындар салған тұрғын үйлердің дені сол кезеңде бой көтерді. Қаламыздағы газ саласының ЧЛПУ, СУ-3, ЖБИ секілді кәсіпорындары да келісім-шартпен ірі кәсіпкер Жақсыбай Әлиннің құрылыс дүкені арқылы материалдар алдырды» деп жазғаны еске оралады. Бұдан соң «Тұрғын үй — 91» бағдарламасы бастау алып, бұл игі іс тіпті қарқын алғанын жазады.
Бердалы бұдан кейін де кәсіпорынға басшылық жасаған Аманғазы Бақтыбаев, Айдар Еңсепов тұсында өндіріске көптеген жаңашылдықтар енгізіліп, дистанция өсіп, өркендеп, дамығанын тілге тиек етті.
Мен теміржолдың терминдерін жақсы біліп, ұғына алмайтыныма қарамастан Бердалыдан техникалық жөндеу бөлімінде жұмыстың қалай атқарылатынын сұрадым.
— Қазіргі менің қызметім аға электромеханик, — деді ол. Жалпы еңбек өтілім 43 жыл болса, ал осы дистанцияда жұмыс істегеніме 37 жылдың жүзі болыпты, кәнігі маман атандым. Бұндағы жұмыстың қыр-сырын Рахмет Әбдіғалиев, Әлім Сембаев, Жалғау Тебенов, Берік Тілеуқұлов деген ағаларымыздан, Зина Байсанова, Мариям Сұлтанова секілді апаларымыздан көп нәрсені үйрендік. Жалпы, мен өзім қызмет істейтін техникалық жөндеу бөлімін байланыс және белгі беру дистанциясының жүрегі деп атаймын. Себебі, бұл кәсіпорын жұмысын біздің бөлім қалыптастырады, — дейді Бердалы.
Менің ұғынғаным бір шеті Сексеуіл, бір шеті Ембі стансасына, бір шеті Тассайға дейін пойыздар қозғалысын реттеуде бұл техникалық бөлімнің қызметі қыруар екен. Пойыздар жүрісін реттеу барысында кезекші нүктені басқаннан кейін тоқ жүреді, бағдаршамдар жанады, рельстер бұрылады. Бұлардың барлығын қозғалысқа келтіретін не нәрсе? Ол — релелер. Міне, осы релелердің барлығын техникалық жөндеу бөлімі бақылап отырады, уақытында алмастырады, ақауларын жөндейді, орнына салдыртады дегендей. Яғни, бұл релелер болмаса пойыздардың қозғалысы реттелмейді екен. Бәкеңнің техникалық бөлімді дистанцияның жүрегі деп отырғаны да осы.
НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Бердалы Ізмұқанұлы бұл бөлімде бөлім басшысы Жұмабай Сағынайдан бастап 27 адам табысты жұмыс істейтінін айтты. Тоқсанбай Байсейтов, Күлайым Тілесова, Клара Ниязова, Бақытжан Байсейтова, Айбек Бухаев, Есейбек Молдабеков сынды тәжірибелі мамандар да бар екен. Бердалы маған жұмыс процесін жалпақ тілмен төмендегідей түсіндірді:
— Әр станса, бекеттерде қызмет істеп отырған электромеханиктер бар, олар релелерді уақытында қадағалап, қарап отырады, ақаулары болса айтады, бізден бар- ған релелерді салады. Пойыз қозғалысының қауіпсіздігі барлығынан да жоғары, жауапкершілік қатты, немқұрайлылыққа салынуға болмайды.
Бізде барлық жұмыс техникалық құжат арқылы басқарылады, схемалар бар. Бір жерден ақау шықса, жергілікті электромеханик схема арқылы оны тауып алады да бізге хабар береді. Біз және жергілікті электромеханиктер сол ақауды жою үшін жұмыс жасаймыз.
Техникалық жөндеу бөлімі темір жол қозғалысын автоматтандыруға мүмкіндік беретін аспаптар тобының негізінен екі түріне техникалық қызмет көрсетеді. Оның біріншісі реле және релелік блоктар. Ал қалғаны басқа да электронды құрылғылар. Бізде кезең-кезеңмен алмасатын бір жылдық, екі жылдық, үш жылдық, төрт-бес жылдық, тіпті он бес жылдық релелер болады. Олар міндетті түрде уақытылы алмастырылады. Әр жұмысшының алдында оны тексеретін стенд деген жабдық бар. Біз, аға электромеханиктер бір жылға, әр айға жоспар жасап, әр жұмысшыға тексерілетін релелерді жазбаша түрде, нормасымен бөліп береміз. Олар тексеріп, өлшеп, ақауы болса жояды. Ол тағы да компьютерлік сынақ жабдығына салынып, тексеріліп, соңында қабылдаушыға беріледі. Сосын әрбір реле орнына қондырылған кезде биркасына әуелі істеген адамның, сосын қабылдаушының аты-жөні жазылып, қолдары қойылады. Бұндай жүйелі іс жауапкершілікті арттырады, — дейді Бердалы Қарасаев. Менің бөлімнің жұмыс процесі туралы кейіпкеріміздің айтқанынан түсінгенімнің ұзын ырғасы осындай болды.
Әңгіме барысында Бердалының теміржол саласына әбден еңбегі сіңгенін аңғардым. «Әулетте өзіңнен басқа теміржол бойында қызмет істеген жандар бар шығар?» деген сауалыма ол «көп емес» деп жауап берді.
— Әке-шешем мүлдем басқа салада жұмыс істегенін әлгінде айттым. Біз отбасында бес бала болып өстік. Үлкен апам Бақыткүл қазір Ресейдің Саратов қаласында тұрады, медицина саласында жұмыс істеген. Ағам Мақсот жолаушылар пойызында жолсерік қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Екі қарындасым Айгүл мен Жаңагүл қазір Астана қаласында тұрады, олар теміржолшы емес, — деді ол.
Әңгіме барысында Бердалының көп балалы әке екенін білдік. Зайыбы Венера Нағметуллақызы екеуі алты бала тәрбиелеп өсіріпті. Бүгінгі күнде Айгерім, Назерке, Гүлдана, Марта жоғарғы оқу орындарын бітіріп, өз алдарына отбасылы болып, ел қатарлы еңбек етуде. «Балаларымның ішінде Марта қызым ғана менің жолымды қуып теміржолшы болды, қазір Ақтөбе қаласындағы теміржол басқармасында кадр бөлімінде қызмет істейді» деді Бердалы.
Ал кіші қызы Қарақат Түркияның Афьон-Карахисар қаласындағы Афьон-Коджатепе халықаралық университеті, кино және телевидение факультетінің үшінші курсында оқиды. — Осы қызым елге белгілі жұлдыз болатын шығар, — деді Бәкең күліп.
— Періште «Әумин» десін, — дедім мен.
Ал ұлы Мұқанбетулла Бердалин Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетте энергетик мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Менің түйгенім, Бердалы Қарасаев өмірде де еңбекте де отбасында да абырой биігінен көрініп жүрген азамат. Әріптестеріне де сыйлы, құрметті. Темір-жолдың жоғарғы басшылығынан алған Құрмет грамоталары бір төбе. Жақында ғана аудан әкімінің қолынан «Ауданға еңбегі сіңгені үшін» төсбелгісін алды. Желтоқсаншы есебінде де марапаттары бар.
— Жастау кезімде кәсіпорынның көркемөнерпаздар құрамында болып, көпке өнерімізді ұсындық. Өзің көрдің, мекеме кеңсесінің бір жағында дистанцияның спорттағы жетістіктерін айғақтайтын Грамоталар, Мақтау қағаздар қаптап ілулі тұр. «Еңбек пен спорт егіз» дегендей, бұл игі іске де өз үлесімді қосқан кездерім көп болды, — дейді Бердалы Қарасаев.
Жігіттің жақсы болмағы Құдай қосқан қосағына да байланысты екенін халқымыз әу баста айтқан. Зайыбы Венера ұзақ жылдар бойы ұстаздық жолда келе жатыр. Қаламыздағы І.Үргенішбаев атындағы орта мектепте табысты еңбек етуде, «Білім беру ісінің үздігі».
2019 жылы Қарасаевтар жанұясы Ақтөбе облыстық «Парасатты отбасы» байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынды алыпты. Және өткен жылы Қазақстан Халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық мәдениет, үздік дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауға қосқан еңбектеріне орай Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ж.Батырханның қолынан Алғыс хат иеленген. Бұны жазып отырған себебім, көп балалы Бердалы мен Венераның жанұясы көпке үлгі екенін айтқым келгені. Жанұя басшыларына әркез абырой биігінен көрініп, бала-шағаларының қызығын көруге жазсын деймін.
Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».