Ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасындағы маңызды рөлін айқындайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше назар аударуы – ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасындағы маңызды рөлін айқындайды. Президент өз сөзінде аграрлық секторды экономиканың негізгі драйвері ретінде атап өтіп, осы салада қол жеткізілген нәтижелерді жоғары бағалады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның рекордтық өнім жинауы – мемлекет тарапынан жасалған жүйелі қолдаудың және фермерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Ауыл шаруашылығы саласының 13,7% тұрақты өсім көрсетуі – агроөнеркәсіптің ел экономикасының басқа салаларынан оқ бойы озық екенін дәлелдейді. Бұл көрсеткішке фермерлер үшін несиелендіру көлемін ұлғайту және мемлекеттік қолдау шараларының дер кезінде жүзеге асуы ықпал еткені сөзсіз.
Президенттің биылғы егін науқанына 700 миллиард теңге бөлуді тапсырғаны – сала дамуына үлкен серпін беретін шешім. Бұл қаржының тиімді игерілуі фермерлердің техникалық жабдықталуын арттырып, тыңайтқыштар мен жоғары өнімді тұқымдарды қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға, егін жинау науқанының сапалы әрі уақытылы өтуіне жағдай жасайды.
Мұндай қолдау шаралары ауыл тұрғындары мен фермерлер үшін үлкен үміт ұялатып, олардың еңбегін одан әрі өнімді етуге ынталандырады. Мемлекет тарапынан берілетін қаржы ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және ауылдық аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені болашақта да экономикамыздың негізгі тірегі болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз. Президенттің бұл салаға қойған міндеттері уақытылы орындалып, ауыл шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Ерсайын Төремұратов, «Бағдат» шаруа қожалығының төрағасы.