«Абаттандырылған ауыл» жобасы — ауылымыздың дамуындағы маңызды қадам

Бершүгір ауылында «Абаттандырылған ауыл» жобасы аясында ауылішілік жолдар мен ауылға кіреберіс жол жөнделіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – ауылымыздың дамуындағы маңызды қадам. Жолдардың сапалы жөнделуі тек көлік қозғалысын жақсарту ғана емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге және ауылдың жалпы көркеюіне зор ықпал етеді.
Ауылымыздың тұрғыны ретінде осы игі істерге бастамашы болған жобаға жауапты ұйымдарға және барлық атсалысқан азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. Бұрын жағдайы нашар болып, жүріп-тұруға қиындық тудырған жолдардың бүгінде тегіс әрі қауіпсіз болуы біз үшін үлкен қуаныш. Енді ауыл тұрғындары мен қонақтары жол сапасына алаңдамай, емін-еркін жүре алады.
Сонымен қатар, бұл жобаның тек инфрақұрылымдық дамуға ғана емес, ауылдың әлеуметтік жағдайына да оң әсерін тигізетіні анық. Сапалы жолдар арқылы ауылымызға жаңа мүмкіндіктер ашылып, халықтың өмір сүру деңгейі жақсара түсетініне сенімдімін.
Осындай бастамалардың жалғасын тауып, ауылымыздың әрбір саласы көркейе берсін! Бірлігіміздің арқасында еліміз одан әрі гүлдене береді деп сенемін.
Ыбырай Темірбаев, ауыл ақсақалы, зейнеткер ұстаз.