Құқық

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

Бүгінгі таңда мемлекеттік биліктің ашықтығы мен тиімділігінің басты көрсеткіші – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып табылады.

Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызмет алу барысында азаматтар тарапынан түсетін шағымдардың басым бөлігі белгіленген мерзімдердің сақталмауымен, негізсіз бас тартулармен және артық құжаттарды талап етумен байланысты. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысына тұрақты түрде бақылау және мониторинг жүргізіледі. Жүргізілетін тексерулердің басты мақсаты – заңбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу барысындағы жүйелік кедергілерді жою.

Егер қызмет беруші орган тарапынан қызмет көрсету мерзімдері негізсіз созылса, заңнамада қарастырылмаған қосымша құжаттар талап етілсе немесе толық құжаттар топтамасына қарамастан негізсіз бас тарту шешімі шығарылса, бұл әрекеттер азаматтың құқығын өрескел бұзу болып табылады.

Осылайша, Департаменттің атқарған жұмысының нәтижесінде 2026 жылдың I жартыжылдығында 120 қызмет алушының арыз-шағымы қаралып, оның ішінде 30 арыз бойынша қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 11 арыз уәкілетті органға әрі қарай жолданып, 23 арыз азаматтардың өтінімі бойынша тоқтатылды.

40 әкімшілік бұзушылық анықталып, аталған бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 2 203 795 теңге әкімшілік айыппұл төленді. Анықталған әкімшілік бұзушылықтарға жауапты мамандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 34 ескерту, 5 сөгіс, 1 қатаң сөгіс берілді.

Сондай—ақ, тексеру қорытындылары бойынша 232 қызмет алушының, басқа да бақылау шараларының қорытындысы бойынша 564 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.

Мәселен, 2026 жылдың 16 сәуірінде азамат «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу мемлекеттік қызметібойынша жер учаскесіне өтінім берген. Алайда өтінімге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан бас тарту берілген. Бас тарту себебі азамат сұратып отырған жер учаскесіне бұрын берілген өтінімнің аяқталмай, нәтижесінде жер учаскелерінің қабаттасуына алып келгендігі анықталды. Шағымдағы материалдарды қосымша зерделеу барысында аталған жазбаның мұрағаттық сипатта болғаны және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде іс жүзінде одан әрі есепке алынбағаны анықталды. Департаменттің жасаған жұмыстарының нәтижесінде, мұрағаттық жазба алынып тасталып, азаматтың құқығы толықтай қалпына келтірілді.

Біздің басты мақсатымыз – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайту және ашықтықты қамтамасыз ету. Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қандай да бір заңсыздықтар мен бюрократиялық кедергілерге тап болсаңыз, Департаментке ресми түрде жүгінуге болатынын ескертеміз. Ол үшін @kenes.1414.kzтелеграм бот арқылы, сондай-ақ e-Otinish платформасы арқылы өз жағдайыңызды баяндап, арыз-шағым түсіре аласыз.

Өз құқығыңызды қорғау арқылы сіз қоғамдағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасының артуына және заңдылықтың сақталуына өз үлесіңізді қосасыз.

   Ердәулет Айтмағамбет

  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті       Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.

Басқа материалдар

Back to top button