Басты жаңалық

САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ — БЕЛГІЛЕНГЕН ТАЛАПТАР АЯСЫНДА

Қазақстан Республикасының Құрылтайы — заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы болып табылады. Қазақстан Республикасының Құрылтайы бір палаталы болып табылады.

Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда (одан әрі — Конституциялық заң) белгіленген тәртіппен бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады.

Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Саяси партиялар адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібін дербес айқындайды.

Бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы — елдің жаңартылған конституциялық жүйесіне сәйкес өткізілетін алғашқы сайлау.

Сайлау процесі оның тұтастығын және сайлау нәтижелерінің заңдылығын қамтамасыз ететін Конституциялық заңмен белгіленген кезеңдердің жиынтығын қамтиды.

Шалқар ауданы бойынша 35 сайлау учаскесі бар. Осы 35 сайлау учаскесінде 207 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері жұмыс жасайды. Барлық комиссия мүшелерінің сайлау өткізуде тәжірибелері бар. 35 сайлау учаскесінің 32 учаскесі білім беру мекемелерінде, 3 учаскесі мәдениет ошақтарында орналасқан. Барлық учаскелер белгіленген тәртіппен өз жұмысын жүргізеді.

Қазіргі таңда барлық сайлау учаскелері жергілікті атқарушы органның қолдауымен қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі күнгі есеп бойынша 24 учаскеде 130 мүгедектігі бар сайлаушылар, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 55 сайлаушы, есту бойынша мүгедектігі бар саңырау және саңырау мылқау сайлаушылар саны — 22, көру бойынша мүгедектігі бар зағип және нашар көретін 53  сайлаушы бар.

Шілде айының 8-10 аралығында облыстық сайлау комиссиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен «2026 жылы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» тақырыбы бойынша оқу  семинары ұйымдастырылды. 3 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссияларын оқыту жоспары бар. Яғни барлық комиссия мүшелерімен оқу — семинары өткізілетін болады.

Сайлаушылардың тізімдері сайлау комиссияларына 2 тамыз күні аудан әкімінің қолымен бекітіліп ұсынылады. Ал 3 тамыздан бастап сайлау учаскелері өз жұмысын бастайды және сайлау процесіне қатысты заңнамада көзделген рәсімдерді жүзеге асырады.

Дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктері бойынша жалпы жұрттың танысуы үшін тiзiмдердi ұсыну мен дауыс беру күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде УСК азаматтың өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде азаматқа немесе сенімхат бойынша оның өкіліне дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. 2026 жылғы 7 тамыздан бастап дауыс беру алдындағы күннің 18:00-іне дейін 2026 жылғы 22 тамызда.

Сайлау алдындағы үгiт саяси партиялар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.

Осындай дайындық шаралары сайлау процесінің заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылуына бағытталған.

Н. БИСЕКОВ,  Шалқар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button