Басты жаңалықМәдениет

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ

Өткен аптада С.Батақұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде жазушы, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, бірінші дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Бибігүл Қабиқызы Иманғазинамен «Мейірім шуағын шашқан — Бибі-Ана» атты шығармашылық кеші өтті. Іс-шараға аудан әкімі Жанболат Жидеханов, мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара Бибігүл Иманғазинаның өмір жолы туралы және ол басқаратын «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының қызметі туралы деректі фильмімен ашылды.

Қоғам қайраткері 1942 жылдың 24 желтоқсанында Шалқар қаласында дүниеге келеді. Он жеті жасында мүгедек болып қалған ол өмірдің бар тауқыметін тарта жүріп, «Тауқымет» атты күрделі шығармасын жазады. «Оқырманы көп автор» дипломына ие болған бұл шығарманың бірінші томы 1995 жылы жарық көреді.

1990 жылдың басында мүгедек аналардың мәселесін шешу үшін «Бибі-Ана» қайырымдылық қорын құрады. Қор құрылғаннан бастап Бибігүл Иманғазина мыңдаған отбасыларға жәрдем етеді. Мүгедек аналардың балаларына жоғары білім алуына мүмкіндік береді, жүздеген балаларды жоғарғы оқу орындарына орналастыруға атсалысып, көптеген жерлестеріне қолдау көрсетті.  Ол 23 жыл бұрын тоқ соғып, екі қолынан айырылған қаламыздың тұрғыны Тайбек Өтегеновке бағыт-бағдар  беріп, баспаналы болуына көмектесіп, оның рух-жігерін көтерді. Және көп балалы ана, мүгедек бала бағып отырған Бағила Бекішоваға қор арқылы 8 бөлмелі жер үй сатып алып бергенінен жұртшылық хабардар. Қазір бұл екі отбасы да шүкір, ел қатарлы өмір сүріп, кәсіптерін жасап отыр. Бұл шексіз мейірімділіктің, Бибі-Ана көрсеткен тәлімгерлік мысалдардың бұл  бір парасы ғана.

Аудан әкімі  Жанболат Жидеханов құттықтау сөзінде қоғамның дамуына үлес қосқан Бибігүл Иманғазина адамдарды өзінің өмірлік үлгісімен, рухани төзімділігімен шабыттандыратынын, қиын өмірлік жағдайға тап болғандардың барлығына қолдау көрсеткенін атап өтті.

—Бұл кездесу — жай ғана шығармашылық жүздесу емес. Бұл — өмір жолы өнегеге айналған тұлғамен, тағдырдың сынағын қайсарлықпен еңсеріп, өз өмірін қоғамға қызмет етуге арнаған азаматпен, қаламы арқылы ой айтқан, қайырымдылығы арқылы талай жанға үміт сыйлаған жанмен сырласу мүмкіндігі.

Жазушының өмірі мен еңбегі — төзімнің, табандылықтың, рух мықтылығының айқын үлгісі. Адам баласының биігі оның қандай жағдайда өмір сүргенімен ғана емес, сол өмірді қалай қабылдап, қоғамға қандай із қалдырғанымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бибігүл Қабиқызының жолы көпшілікке, әсіресе, жастарға үлкен сабақ деп білеміз.

Алдағы уақытта шығармашылық жолыңызға шабыт, қоғамдық қызметіңізге табыс, деніңізге саулық тілеймін, — деген  аудан басшысы кештің басты кейіпкеріне гүл шоғын ұсынып, құрмет көрсетті.

Шарада қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, еңбек ардагері, ҚР құрметті құрылысшысы Жеткерген Елемес, еңбек ардагері Боранбай Дәменов, т.б. құттықтау сөз сөйлесе, Жұлдыз Үмбеталы кеш иесіне арнаған жырын оқыды.

Кездесуге Бибігүл Иманғазинаның көмегін көрген, оның қолдауымен жоғарғы оқу орнында баласын оқытқан, басқалай жетістікке жеткен жандар қаумаласып, рахметтерін айтып жатты.

Бибігүл Қабиқызы да оларға деген лебізін жеткізе келіп:

   — Мен қаржы мәселесіне байланысты оқуға түсе алмай немесе оқуын жалғастыра алмай қиналған жастарға бірінші кезекте көмектесу керек деп ойлаймын. Өйткені жастар — біздің болашағымыз. Біздің қор 700-ден аса жастың диплом алып шығуына ұйытқы болды. Әрине, демеушілердің көмегі тиді, жоғары оқу орнының ректорларымен, басшылармен сөйлестік, тіпті өзімнің қымбат бұйымдарымды кепілге қойсам да, оқимын деген балаға қалайда қолдау көрсетуге тырысқан сәттерім болды. Біз баланың болашағын, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті бірінші орынға қоюымыз керек, қолымызда не бар, соны, ең алдымен, баланың тәрбиесіне, білім алуына, ертеңгі күні мықты азамат болып өсуіне жұмсауымыз керек. Бұл — менің басты ұстанымым, — деді.

Ауылдардағы түрлі жазылмайтын сырқатпен туылған балалар көбіне тиісті ем ала алмайды. Өйткені жақын жерде арнайы орталық пен мамандар жоқ. Ал, үлкен қалаларға, шетелге апаруға ата-аналардың шамасы жете бермейді.

  —Баласын емдетуге апарғысы келетінін айтып, көмек сұраған хаттар  маған жиі келеді. Неге ата-аналар көмекті алыстан іздеуі керек? Аудандардан неге оңалту орталықтары ашылмайды? Мен осы мәселені көтеріп жүрмін. Қазіргі күні Шалқар қаласы орталығынан жер телімі бөлініп, бұл істі де қолға алдық, — деді Бибігүл Қабиқызы.

Бибі-Ана адам үшін, ең бастысы, еш қиындықтан тайсалмау екенін тағы да атап айтты:

   — Бір-бірімізден күш-қуат алып, бір-бірімізді жігерлендіре білейік. Заң аясында, әділеттілік аясында барлық мәселені шешуге болады. Тек соған қажымай-талмай ұмтылу керек, — деді ол.

Қайырымдылық — байлықтың емес, жүректің ісі. Ал жүрегі кең адамның мерейі әрқашан үстем. Олай болса, Бибігүл Қабиқызына ұлтым деген үлкен жүрегіңіз бен қарымды қаламыңызбен биігіңізде қалықтай беріңіз. Әлі талай ұрпақ сүйсіне сусындайтын игі істеріңіз көп болсын дегіміз келеді.

 Қ. ӘЛИН, «Шалқар».

Басқа материалдар

Back to top button