Қарашоқат мектебінде түлектердің тал егу акциясы өтті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 28 сәуір күні «Түлектердің тал егу» эко-челленджі ұйымдастырылды.
Аталған бастамаға Қарашоқат жалпы орта білім беретін мектебінің биылғы түлектері де белсенді қатысты. Акция барысында мектеп ауласына 18 түп қайың ағашы отырғызылды.
Қарашоқат жалпы орта білім беретін мектебінде бүгінде 99 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында аталған білім ордасынан 13 түлек түлеп ұшқалы отыр. Олардың ішінде 5 оқушы «Алтын белгі» иегері атануға үміткер.

Түлектердің тал егу акциясы – оқушылардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және мектеп аумағын көгалдандыруға бағытталған игі бастама.
Отырғызылған әрбір көшет – түлектердің өз мектебіне деген құрметінің, жауапкершілігінің және ортақ іске қосқан үлесінің көрінісі.
Алдағы уақытта отырғызылған көшеттерге тұрақты күтім жасалып, мектеп ауласын көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады. Бұл бастама Қарашоқат мектебінің биылғы түлектері үшін есте қаларлық іс болып, кейінгі оқушыларға үлгі болары сөзсіз.



