КИЕЛІ МЕКЕНДЕ ҚОЛТАҢБАМ  ҚАЛҒАНЫНА ҚУАНАМЫН 

Мәлік ЖЕКЕЕВ, Шалқар ауданының Құрметті азаматы:

     Шалқар ауданының құрылғанына 90 жыл толғаны көпшілікке мәлім. Көп тарих енді түгелденіп жатыр. Бұл негізінде ресми дерек. Ал жалпы өңірдің даму кезеңдері тым әріден бастау алады. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Мәлік Наурызғалиұлы Жекеев 1985-1991 жылдар аралығында әуелі Шалқар аудандық атқару комитетінің төрағасы, сосын бес жылдай аудандық партия  комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Қазірде Ақтөбе қаласында тұратын, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «ҚР Құрметті жерге орналастырушысы», Ақтөбе облысының Құрметті азаматы Мәлік Наурызғалиұлы бүгінгі күні де ат үстінде, қоғамдық қызметтерге де белсене араласады. Ол Шалқар  өңірінде еңбек еткен жылдарын өзінің өнегелі өмірінің айшықты бір белестері деп есептейді. Әлі күнге дейін елге елеңдеп, жақсылығына қуанып отырады. Біз ел құрметтеген абзал ағаны әңгімеге тартып, сауалдарымызға жауап беруін өтінген едік.

   — Сіз кеңестік кезеңнің кадрысыз. Партиялық жолмен билік сатыларынан өттіңіз. Ал Шалқар ауданы басшылығына қалай келдіңіз? Әңгімені осыдан бастасақ…

   — Қобда аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүрген кезім. Сочи қаласы аумағында орналасқан Фрунзе атындағы санаторийде демалып жатқанымда Ақтөбеден, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Балакиревтен 1 шілдеде келуімді талап еткен жеделхат келді. Тездетіп Сочи қаласы партия комитетінің бірінші хатшысына барып, соның көмегімен самолетке билет алдым. Облыстық партия комитетінде маған «Сізді Шалқар аудандық кеңес атқару комитетіне төрағалық қызметке жіберейік деп басшылар ұйғарды, ертең аудандық кеңестің сессиясы болады, бүгін жүруің керек» деп хабарлады. Мен бұған бірден қарсылық білдірдім. «Онда негізінен қазақтар шоғырланған, өзінің тарихи қалыптасқан әдет-ғұрыптарымен ерекшеленетін аудан. Мен Қобдада орысқолдау, көп ұлттың арасында орысша сөйлеп, құжаттар мен шешімдерді орыс тілінде жазып, оқып жүрген қазақпын». Сылтауым осы болды. Алайда партиялық тәртіпте сенің пікірің қабылдана бермейді. Сол күні облыстың бірінші басшысымен кездесіп, одан кейін, Қобдаға барып, әке-шешемізге мән-жайды айттық. Өмір өткелдерінде әр кез әкемізбен ақылдасып, ойын, тілегін ескеріп, батасын алып барып іске кірісетінбіз. Бұл — 1985 жылдың шілде айы еді. Әкем былай деп еді: «Қобдадан қашықтау, сирек қатысатын боласыңдар. Алдымен, сеніп тапсырған қызметті абыройлы атқарыңдар, ұлағатты ел, қасиетті жерді қазіргі қиыншылықтан шығару керек, сонда арыз, бәтуасыз әңгіме тоқтайды. Әділ бол, бәріне бірдей қара, алалама, бәрі де бір қазақтың баласы. Өкіметтің адамысың, билікті пайдалана білген жөн. Өз қара басың емес, халықтың мүддесі үшін». Оның бұл тілегі бізді қанаттандырып, елге адал еңбек етуге жігерлендірді. Ертеңіне облыстық атқару комитетінің төрағасы Сапар Сағынтаевпен Шалқарға жүріп кеттік. Содан алты жылдай уақыт, яғни 1985-1991 жылдары осы ауданда қызмет жасадым.

     — Сіз аудан басшылығында болған тұстардан есіңізде қалған, сынақ болған кезеңдер туралы айтып бере аласыз ба?

     — Ел басқарған адамға күнде сынақ қой. Көп жайлар бастан өтті. Ең бастысы, абыройсыздыққа ұрынғанымыз жоқ. 1988-1989 жылдың қысында Арал теңізі өңірінде, әсіресе Борсық құмының аймағында бұрын-соңды болмаған боранды-жауынды қыс қаhарын шашып, алты айға созылды. Сол жылдары жоспарланған, артығымен дайындалған жем-шөп қорының өзі қоғам және жеке қожалықтардың төрт түлік малына жетпейтін қаупі төнді. Мәселені жан-жақты талдағаннан кейін, жағдайдың қиындығын түсініп облыстық кеңес атқару комитеті шешім қабылдап, Шалқар ауданына Ақтөбе, Алға, Мәртөк аудандарынан 15 мың тонна шөп, салом, 2 мың тонна жем бөлді. Оны вагондарға тиеп, Шалқар станциясына жеткізіп, әрбір шаруашылықтарға және жеке қожалықтарға қолдағы малдарының санына қарай бөліп беріп отырдық. Қалың қар, күнде соққан боранға қарамастан К-700 тракторлары мен «Урал» автокөліктері 47 күн жем-шөп тасып, малды қыстан аман алып шықты. Мал жайылымға сол жылы мамыр айының үшінші жұлдызында шықты. Құм бойының қысынан көршілес Арал ауданының шаруашылықтары үлкен зардап шекті. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Сапар Сағынтайұлының көрегендігінің, ыждағаттылығының, іскерлігінің арқасында уақытында нақтылы, қомақты көмек көрсетіліп, аудан жұртшылығы мал қыстатуды ойдағыдай өткізіп, жоспарланған өнімді артығымен алды. Әрине, өзіміз де сол күндері ат үстінен түспей, ұйқы-күлкіні ұмытып, шаруа басында жүрдік. Сөз реті келіп қалған соң Сапар ағамыздың адами қасиеттерінен бір үзік сыр шертсек. Ауданға бір келгенінде «Шетырғыз» совхозына бардық. Ауданда көп балалы отбасылар баршылық. Соның ішінде 15 бала сүйген жанұялардың саны 17 еді. Солардың біреуі Қаратоғай ауылында тұратын қойшы еді. Сәкеңмен жасы қатар. «Құрдасқа соғайық» деді. Совхоз директоры Келмағанбет Ещанов мал қыстағына алып келді. Сәкең өзіне тән әзіл-шыны аралас әңгімесін бастап, шопанның хал-жағдайын, жаңа босанған әйелі мен баласының денсаулығын сұрап, жаңалықтарына құтты болсын айтып жатты. «Құрдас екенбіз сен сырыңды айтшы менде бір ғана бала бар, ал сен он бес бала сүйіп үлгеріпсің», — деп қалжыңдады. Малшы қысылып, ыңғайсызданғанмен жауабы дайын екен. «Қысты күні түн ұзақ, свет жоқ, басқа ермек екі бастан, сол құрдасыңыздың қызығын көріп жатырмыз. Құдайға шүкір, ішетін ас, киетін киім бар, балалардың үлкендері оқып жатыр, кішілері бірін-бірі бағады», — деп жымиып күлді. Сапар Сағынтаев ағамыз еңбек демалысына шыққан соң өмірбаяндық бірнеше кітап жазды. Осыдан бірер жыл бұрын, өмірден өтерінің алдында Шалқар ауданында болып, сексеннің биігіне көтерілген сол құрдасы Сағынай Жайымов ақсақалмен кездесті, кітабын ұсынып, иығына шапан жапты. Бұл — ұзақ жыл билік тізгінін ұстаған абзал ағаның қарапайым еңбек адамына деген ерекше құрметі еді. Бұл көрініске бәріміз тебірендік.

     — Көпшілік жұрт анық біле бермейтін тағы да қандай жайларды еске алар едіңіз? Қалай болғанда да шешімі ауданның бірінші басшысына тірелетін мәселелер аз емес еді ғой.

     — 1990 жылы Одақ тізгінін ұстап отырған М.С.Горбачев Байқоңыр космодромында болып, қажеттілігін ескертіп, №12 «Соленый» газкомпрессор станциясынан газ құбыры жүйесін тарту туралы КСРО Үкіметінің шешімін қабылдауға мұрындық болды. Оның құрылысын Арменияның құрылыс кәсіпорны жүргізеді деп Одақтың мемлекеттік газ концерні бұйрық шығарған. Содан Соленый теміржол станциясына Жапонияда дайындалған құбырлар жеткізіліп, тау-төбе болып үйіліп жатты. Шалқарға газ құбырының құрылысын жүргізетін мердігер кәсіпорынның басшы-мамандары техника, вагондарын әкеліп, орналасып, жұмысты бастауға дайындыққа кірісті. Сол жылы Арменияда жер сілкінісі болып, Спитак, басқа да қалалары қирап, тұрғындары үлкен зардап шекті. Шалқарда орналасқан «Уралтрансгаз» бірлестігінің №2 құрылысмонтаж басқармасының техникасы мен адамдарын Арменияға көмекке жіберіп, газ құбырының құрылысын осы кәсіпорынға емес, армяндарға берген шешімін жергілікті тұрғындар, басқарма ұжымы түсінбеушілік танытып, қарсылықпен қабылдады. Бұндай шешімнің артында «Газпром» концерні басшысының орынбасары Г. Вартанян тұрғанын анықтап алғасын, мен Мәскеуге, Газ өнеркәсібі министрі Виктор Степанович Черномырдинге телефон шалып, жағдайды түсіндіріп айтуға мәжбүр болдым. Себебі, Шалқарға келген армяндар әйел адамдарға әдепсіздік, дөрекілік көрсетіп, ерлермен текетірестікке барған еді. Сондықтан жергілікті кәсіпорынды ауылда қалдырып, газ құбырының құрылысын осыларға беріп, Спитак қаласындағы жер сілкінісінен қираған нысандарды жөндеу, үйінділерді тазалау жұмыстарын армяндық кәсіпорындар атқарса, шығын азайып, бірлестікке тиімді болатынын басып айттым. Сонымен қатар, осы ойымды СОКП Орталық Комитетіне жеткізетінімді жасырмадым. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының Орталық партия органдарына тікелей шығатын мүмкіндігі бар болатын. Оны Виктор Степанович білетін еді. «Жақсы, біз бұл мәселені қайта қарайық. Тиімді ұсыныс екен, жауабын береміз» деп менің көңілімді бірыңғайлап тастады. Сөйтіп, Армениядан келген құрылыс мекемесі еліне қайтты. Бірақ шалқарлық мекеме жұмысшылары да Спитак қаласына барып, жер сілкінісінің апатынан болған елді қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатынасты. Бұл — сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік маңызы бар, егер оңды шешім жасалынбаса соңы үлкен зардаптарға соқтыратын күрделі мәселе еді.

      — Қай кезде де әлеуметтік мәселелердің жайы жұртшылықты мазасыздандыратыны анық. Өзіңіз аудан басқарған тұстағы жағдай қандай еді?

     — Қол қысқа, қаржы тапшылығы орын алған сол кезеңнің өзінде қордаланып қалған көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тапқанын айта кеткім келеді. Мәселен, Аяққұм, Қосқақ елді мекендеріне кеңес заманында электр және байланыс жүйелері тартылмаған. Шағын электр станциясын пайдаланып, тек кешкісін ғана үйлерге тоқ береді екен. Тұрақты энергия болмағасын телефон қондырылмаған. Сол жылдары Аяққұм, Қосқақ, Южный елді мекендеріне жоғары кернеулі электр қуатын беруге қадамдар жасалды. Көп кешікпей Аяққұм ауылына телефон жүйесі де жетті. Типтік жобамен екі қабатты орталау білім беретін мектептің де құрылысы аяқталып, елжұрттың еңсесін көтерді. Сол жылдары Қосқақ елді мекенінде де типтік жобамен екі қабатты мектептің құрылысы жүріп жатты. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Иван Дрожжин ауданға келіп, құрылыс нысандарын көріп, Қосқаққа барып қайттық. Біз мінген тікұшақ қатты желдің әсерінен құм бораған ауылдың алаңына әрең қонды. Сондағы өкілдің айтқан сөзі әлі есімде: «Мынандай қатынасы қиын, құмның арасында халық қалай күн көріп отыр, мектеп салып жатқандарың ақымақтық қой, ертең жұрт көшіп кетсе, бәрі қалады». Ол кездегі көзқарас, талап, тілек өзгеше. Совхоздың бөлімшесі түгіл, айдалада отырған малшы, механизаторға қыруар қаржы жұмсап, электр жүйесін тартып, құдық қазып, мал қора, үй салып, жағдай жасайтын. Шалқар қаласының өзінде мектеп қажеттілігі көптен шешілмеген мәселе еді. 1985 жылы мен атқару комитетіне төраға болып қызмет жасай бастағанда №2 мектептің іргетасы құйылып, тұрып қалған нысандардың бірі еді. Оны1986 жылдың жоспарына кіргізіп, құрылысын бастап, сол жылы қазан айында негізінен үш қабатты 1176 орындық мектеп дайын болды. Іргелес көшеде газ құбыры жүріп жатса да, жылу беретін жүйеде көмір жағатын қазандар қондырылады деп жоспарланған. Бұл мәселені жобаға өзгерістер енгізіп, қазандықты газға керек КИП, автомат құралдарын Свердловск қаласынан алдырып, қараша айында жылу жүйесін іске қосып, оқушыларға жаңа мектепте оқуға мүмкіндік жасалды. Келесі жылы, теміржол қалашығындағы №41 мектептің жанынан елді мекен, станция, разъездерден келетін балалар жатақханасының құрылысы басталып, аяқталды. Ә.Жангелдин атындағы мектептің қасынан қосымша корпус салынып, күрделі жөндеуден өтті. Жаңадан типтік жобамен екі қабатты жаңа балабақша салынып, өкпе ауруына бейімді балаларды күтіп, емдейтін орталыққа айналды. Қопасор ауылында орталау мектептің ғимараты іске қосылды. Көптен бері шешілмей келген мәселелердің бірі — ауданның Шалқар қаласынан басқа елді мекен тұрғындарының Қазақстан теледидар бағдарламасын көре алмауы еді. Бұған бір жағынан техникалық мүмкіндіктер шектеулі болса, негізінен қаражаттың жоқтығы қолбайлау болды. Екінші мәселе — көптеп салынып жатқан жеке үйлерді газға қосу. Ақтөбедегі осы шаруаға қатысты жұмыстарды атқаратын мекеме бастығы Леонид Блинецкий көп нәрсені қолдан қиындатып, бюрократтық жүйе құрып, жұртты аузына қаратып қойған. Айшуақ, Южный, Соленый елді мекендері газкомпрессорлық станциялардың іргесінде орналасса да газға қосылмаған. Осы мәселелерді шешу үшін облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары — облыстық жоспарлау басқармасының бастығы Ян Тампаевқа өтініш айтып, қасыма «Тоғыз», «Шалқар», «Бершүгір» совхоздарының директорлары Нағым Қобыландин, Аманғали Төлебаев, Елемес Жуминді алып, Свердловск қаласына барып қайттық. «Уралтрансгаз» бірлестігінің бас директоры Эдуард Сергеевич Батюшев өзінің орынбасарларымен қарсы алып, біздің өтініштерімізді жан-жақты қарап, талқылап, көмек көрсететіндігін білдірді. Осындай қолдау нәтижесінде Қазақстан телебағдарламасын алып, 8 наурыз күні эфирге шығардық. Сол күні теледидарды қазақша көріп отырған жұртшылықтың қуанышын айтып жеткізу қиын.

     — Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Сенат депутаты болған, облысымызды біраз жыл басқарған Елеусін Сағындықов баспадан таяуда жарық көрген «Шынның жүзі» атты кітабында Қазақстандағы көп салалы үлкен өңірлердің бірі — Шалқар ауданындағы басшылық қызметіңіз сіз үшін ерекше табысты болғанын айтады. «Сол Шалқар іргедегі Арал теңізінің экологиялық зардабын тартып-ақ отырған еді. Бірақ, айқайшысы болғанмен, естір құлақ болмай, экологиялық апат аймағына кіре алмай-ақ қойды. Мәлік осы шаруаға жеңді түріп, білегін сыбана кірісті. Ол шалқарлықтардың жанайқайын республика басшысына жеткізіп баяндап берді. Нәтиже болды — Шалқар ауданы Арал экологиялық апат аймағына енгізілді» деп жазыпты. Осы жайды өз аузыңыздан толығырақ тыңдасақ деп едік.

      — 1990 жылы Арал проблемаларына байланысты Қазақ Ұлттық Ғылым академиясы төралқасының Қызылордадағы өткен көшпелі отырысына Ақтөбеден облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ян Тампаев бастаған делегация қатысқан болатын. Ырғыз ауданының басшысы Қуаныш Ахметкереев екеуміз Арал қаласына келгеннен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, Шалқар, Ырғыз өңірінде экологиялық жағдайға байланысты халықтың, мал шаруашылығының зардап шегіп отырғанын баяндадық. Ол Қазақ КСР Министрлер кабинетінің Премьері Ұзақбай Қарамановқа «Біз Шалқарды ескермеген екенбіз, Арал экологиялық апатының аймағына кіргізу керек», — деді. Ал, Ырғыз ауданының теңізден қашықтау екенін ескертті. Шалқарлықтар осы уақытқа дейін жалақысына, зейнетақыларына, балалар мен әйелдерге беретін жәрдемақыларына қосымша ақша, тағы да басқа жеңілдіктер алып жүр. Бұл бір сәті түскен шаруа болды. Айтуға ғана оңай, әйтпесе, сол кезде күн-түн қатып, қаншама құжаттар әзірледік, дәлелдемелер жинақтадық десеңізші.

     — Шалқардағы мұражайдың ашылуын, жемісті жұмысын көпшілік сіздің еңбегіңіз деп бағалайды. Шынында да осы игілікті істі қолға алу идеясы қалай туындап еді?

      — Былай қарағанда, Шалқар тарихының өзі тұнып тұрған шежіре емес пе? Журналист Мұқанбетәли Есмағанбетов 1986 жылы аудандық «Коммунизм таңы» газетінде «Ұрпақ алдындағы қарыз» деген мақаласын жариялап, жергілікті партия, кеңес органдарына ой тастағандай болды. Мәселе өте өзекті еді. Шалқар — тарихы бай өлке, небір зиялы адамдар осында дүниеге келген. Ғұмырларында өзіндік қолтаңбасымен терең із қалдырған елеулі жандар да баршылық. Солардың ерлігін, еңбегін, өмірін, елінің көркеюіне қосқан үлесін келешек ұрпаққа жеткізетін мұражай ашып, ескерткіштер, мәдениет орталықтарын салу, барын күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан құралдап, оларды елжұрттың ауызбіршілігіне, рухани баюына, сыйластық қарым-қатынастың қалыптасуына қызмет жасату көзделді. Осы шараларды іске асыру үшін аудандық партия комитетінің 1986 жылғы 21 қазандағы бюросы Шалқар өлкетану мұражайын ұйымдастыру жайлы мәселені қарап, мұражай ашуды ұйымдастыратын комиссия құрып, оның төрағалығына аудандық газеттің редакторы Тауман Төрехановты бекіттік. Туған өлкенің құпия сырын, тарихын, тыныстіршілігін ол жақсы білетін еді және бір жағы аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде ұйымдастыру қабілеті мен мүмкіндігі бар екендігі ескерілді. Мұражайды орналастыру үшін орталық көшенің бойындағы қонақ үйдің ғимараты босатылып берілді. Көп кешікпей сол кешеннің жартысын алып отырған комсомол-жастар үйі де мұражай иелігіне тиді. Бұл шешімді жүзеге асыру мақсатында қажетті материалдық, қаржылық және экспонаттық мәселелер туралы аудандық, қалалық кеңес атқару комитеттерінің қаулылары қабылданды. Әдістемелік көмек көрсетуге, қажет экспонаттар мен тарихи деректердің көшірмесін алуға облыстық мұражай директоры Рысжан Ілиясоваға өтініш айтқан болатынмын. Ол кісі тәжірибелі қызметкерлерін ертіп алып келіп, көп көмек көрсетті. Музейдің экспозициясын жасақтау үшін жергілікті ағаш-темір шебері Александр Левинді, қала коммуналдық шаруашылығының көркем суретшісі Жұмағазы Ешмұханбетовті іске қосқанбыз. Аудандық мәдениет бөлімін басқарған Әкімжан Дүйсенбаев, оның қызметкері, кейін музей директоры болған Гүлнар Ізтаева елді мекендердің бар қиырын аралап, экспонаттар жинады. Шалқар тұрғындары да бұл іске айрықша ынта-ықылас танытты. Аудандағы революциялық, жауынгерлік, еңбек даңқы музейі 1987 жылы 6 қарашада ашылды. Шалқар — ел қорғаған ерлер мекені. Бағзы заманда атамекенді сыртқы жаулардан қорғаған нағыз батырлар осы өңірден шыққан. Біз мұражай жұмысы арқылы сол батырларымыздың даңқын жандандыруға үлес қостық, алғашқы зерттеу жұмыстарына негіз қаладық деп ойлаймын. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер үйінде дәстүрлі кездесулер ұйымдастырылатын. Осы басқосулардан туған ойлардың бірі — Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевқа ескерткіш қою керектігі. Ақырында қаражат көздерін белгілеп, Алматыда тұратын мүсінші Бек Төлековке тапсырыс бердік. 1990 жылы Шалқарда батыр ескерткіші ашылды. Сол жылдары теміржол қалашығындағы бауырластар зиратында «Даңқ» мемериалдық кешенінің құрылысы салынып, жерлесіміз, армия генералы, КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары Владимир Михайлович Архипов, «Эмба» полигонының бастығы, генерал Василий Романович Унучконың қатысуымен ашылды.

    — Осы тақырыпты тереңдете түссек. Сіздің әдебиет пен өнерге қатысты өнегелі істеріңіз де ел аузында көбірек айтылып жүр.

     — Сол жылдары Сары Батақұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Қазанғап Тілепбергенұлы, Төлеу Бәсенов атындағы жүлделерге конкурс жарияланып, халық таланттарын ынталандыру мүмкіндігін таптық. Артында мұңды сазды әуендерін қалдырған Таразы, Әлима апалардың жырлары кеңінен насихатталды. Бүгінде қазақтың танымал әншісі атанған Жанар Айжанова сол жылдары жарыққа шықты. Жас әншілер — ағайынды Қадыровтар Жапонияда өнер додасына қатысып қайтты. 1989 жылы маусым айында Шалқарға  Абай атындағы опера және балет театорының директоры жерлесіміз Базарғали Жаманбаев пен бас режисері Байғали Досымжанов келіп, «Қыз Жібек» операсын Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Сағи Әшімовтың қатысуымен қойып, он күн бойы аудан, елді мекендердің жұртшылығымен кездесіп, көңілдерін көтеріп, ризашылығына бөленді. Сол жылы Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестірімен келіп концерт қойып, музыка мектебінде оқушы, ұстаздармен кездесіп, сыр шертті. Ленинград қаласында дайындалған академик Ахмет Жұбановқа арналған ескерткіш ауданның мәдениет үйінің алдына орнатылып, қызы Ғазиза Жұбанованың қатысуымен ашылды. 1963 жылдан «Коммунизм таңы» атанып келген ауданның газеті 1990 жылдан бастап «Шалқар» деп өзгертілді. Ол елдегі қарым-қатынасты демократияландыру кезеңіндегі облыстағы алғашқы батыл қадам еді. Шалқар ауданының партия комитетінің пленумында қарап, газеттің атын өзгерту жөнінде шешім қабылдағанбыз. Оң өзгеріс елеусіз қалған жоқ. Облыстың партия комитетінің хатшысы М. П. Слинченко телефон соғып газеттің атын өзгертуге байланысты түсінік беруді талап етті…

     — Ел басқарған тұсыңызда қызмет бабында талай жақсылармен жүздескен шығарсыз…  

       — Шалқар ауданының басшысы болып тағайындаларда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болған сәтім ұмытылмайды. Димекең орнынан тұрып, маған қарай жүріп, қолын созып амандасып: «Қалай інім, елің тыныш, тоқ па?» — деді. «Мен Шалқарда болдым, Жоғарғы Кеңестің сайлауында халықпен кездесуге барғанмын. Құм бойындағы қарағайлар бар ма? Өсіп ендігі зәулім болған шығар. Сақтаңдар, кез-келген жерге өспейді, күтімді талап етеді. Білемін, Аралдың қасіреті сіздің аймаққа да әсер етіп, табиғатын өзгертіп, халықтың тұрмысы мен шаруасына кеселі тиіп тұр.Үкіметтің белгілеген шаралары бар. Қаражат қаралған, сол бағдарламаны жүзеге асыру керек. Аудандық партия комитетінің тұрақты, нақтылы бақылауында болсын. Биылғы жылда қиындықтар кездеседі, мықты бол, інім» — деп сөзін аяқтады. Ерекше тұлғаның сол бір ауыз тілегі жадымнан шыққан емес, ылғи да жігер беріп жүрді. Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірнеше рет мағыналы кездесу болды. Ол кісімен республикалық семинар-кеңеске барғанда Алматыда 1988 жылы кездесіп, танысқанбыз. Әбекең «Шалқар менің өскен, оқыған, ер жеткен, Отан соғысы майданына аттанған аэродромым. Туған жер көк теңіз Аралдың Көкаралы болса да, өскен жер осы қала. Сондықтан болар, туған жер де, өскен, есейген жер де мен үшін ыстық» — дегені әлі есімде. «Тауқымет» романының авторы, «БибіАна» республикалық қорының төрайымы Бибігүл Иманғазинаның шаңырағында Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтановпен танысып, әңгімелестік. Ағамыз — Шетырғыз ауылының туысы. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүргенде, өзі сұранып, майданға аттанған. Әбекең мен Тахауи ағамыздың өмір жолдары ұқсас, елін қорғап, халқына адал қызмет жасаған, көпке өнеге болатын алып тұлғалар.

     — Бүгінгі ұрпақ үшін маңызды бір тақырып — әке тәрбиесі. Осы туралы өз өміріңізден айтсаңыз.

      — Бір мысал келтірейін. 1988 жылдың тамыз айының бірі күні әкеміз Наурызғали өмірі бітпейтін барлық шаруасын тастап, Қобдадан жолға шығып, шешеміз Зейнепті ертіп Шалқарға поезбен келіп түсті. Себеп — мені туған күніммен құттықтау. Шешеміздің айтуынша, әкеміз «Мәліктің 40 жасқа толған тойына барайық, 50-ге келгенше маған құдай ғұмыр бере ме, бермей ме?» деген екен. Айтқанындай дүние тұрғанымен, өзі ол күнге жете алмады. Жанұя қуанышын өзімізше атап өттік. Ертеңіне әкемді соғыс кезінде жараланып, Свердлов облысының Камышов қаласындағы госпитальда емделіп жатқанда танысып, суретке бірге түскен майдандасы, Шалқар елінің перзенті Сыражаддин Әспенов ағамызбен кездестірдім. Қырық бес жыл бірін-бірі көрмеген адамдардың айтары-сұрары көп екен. Әкем «ертең қайтамын» деп асыққанмен, әлі Шалқар ауданының құрылғанына 90 жыл толғаны көпшілікке мәлім. Көп тарих енді түгелденіп жатыр. Бұл негізінде ресми дерек. Ал жалпы өңірдің даму кезеңдері тым әріден бастау алады. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Мәлік Наурызғалиұлы Жекеев 1985-1991 жылдар аралығында әуелі Шалқар аудандық атқару комитетінің төрағасы, сосын бес жылдай аудандық партия  комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Қазірде Ақтөбе қаласында тұратын, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «ҚР Құрметті жерге орналастырушысы», Ақтөбе облысының Құрметті азаматы Мәлік Наурызғалиұлы бүгінгі күні де ат үстінде, қоғамдық қызметтерге де белсене араласады. Ол Шалқар  өңірінде еңбек еткен жылдарын өзінің өнегелі өмірінің айшықты бір белестері деп есептейді. Әлі күнге дейін елге елеңдеп, жақсылығына қуанып отырады. Біз ел құрметтеген абзал ағаны әңгімеге тартып, сауалдарымызға жауап беруін өтінген едік.

де бір күн кідіріп, майдандас жолдасының үйіне барып, қонақ болып кетті. Бір есте қалған жайт, ол майдандасының кигізген шапанын алмай, көңілін қалдырғаны. Артынан неге олай жасадыңыз десек, «Сендерге сөз келе ме?» деп сақтанғандығын білдірді. Ол ала жіптің үстінен өтпейтін, сыз жерді баспайтын, өте сақ адам еді. Артынан бір кездескенде Сыражаддин ағамыздың: «Ойпырмай, Сіздің кімге тартқаныңызды енді байқадым. Қазақ дұрыс айтады ғой, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»» деп…» айтқаны есімде. Міне, біз көрген әке тәрбиесінің бір ұштығы осындай. Әкемнен алған бір үлгім — оның атқұмарлығына байланысты. Ол ер-тоқымы мен жүген-ноқтасын сайлап ұстап, жүйрік ат ұстайтын. Жұмыс бабында ат шана не тарантас арба жегетін. Сол дағды маған да ауысты. Институт бітірген соң Қобда ауданының «Жарық» совхозында агроном болғанымда мен де қызметтік көлік ретінде ат ұстадым. Берігіректе «TS-Агро» серіктестігін құрып, асыл тұқымды көшім жылқысын өсіруді қолға алдым. Қазіргі уақытта алыс-жақындағы біраз кәсіпкерлер біздің жылқыларымызды сатып алуда. Бұл шаруада белгілі ғалым, Шалқардан шыққан азамат Серікбай Рзабаевтың көп көмегі тиді.

    — Өмір — өзен деген рас шығар. Уақытта тоқтам жоқ. Міне, биыл жетпіс бес жастың биігіне көтеріліп келесіз. Қазір немен шұғылданасыз, бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Жастарға, әсіресе жас басшыларға не айтар едіңіз?

   — Біздер комсомолдың тәрбиесінен өттік, сол жүйеде шыңдалдық. Одан кейін партиякеңес қызметінде болдық. Шалқар ауданынан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, облыстық жер ресурстары комитетіне басшылық жасадым. Жалпы жастарға айтарым — ең алдымен ескерімді болыңдар. Қай кезде де аға буын кейінгі толқынға үлгі-өнеге көрсетіп келеді ғой. Жастарымыз солардың жақсысын үйреніп, қалғанын заман ағымына қарай жетілдірсе екен деймін. Уақыт — ұлы ұстаз, таным таразысы. Оның үйретері көп, тек қажеттіліктерін қабылдап, барды бағалай білу керек. Бұл жарық дүние әр адамның өз келбетін көрсететін айна іспеттес. Өмірдің алғашқы сабақтарынан ұққаным — біліктілік шыңынан шынайы кәсіби мамандыққа, қай сала болса да, адал қызмет жасап, еліңе, халқыңа пайдаң тисе, сенен бақытты адам бола қоймас. Мемлекеттік қызметте жүргендерге айтарым: биліктен биік, кең пейілді, өршіл және рухани толысқан, жаны да, ары да таза, ажарлы азамат болғанын қалаймын. Нағыз азамат, «жүрегін еліне, жанын құдайға арнаса ғана намысын ешкімге бермейді» деп тұжырым жасағым келеді. Мен зейнеткерлік демалысқа шыққаныммен жұмыстан қол үзгенім жоқ. Көп салалы шаруашылығы бар біздің «Геобазис» ЖШС мұнайшыларға қызмет көрсетеді. Жұмысымыздың бір бағыты — республикалық ет, сүт өнімдері бағытындағы жылқы палатасын құрдық. Осындай игілікті шаруалардың басы-қасында жүріп, өмірлік тәжірибемді жас буынға үйретуді өзім үшін бақыт сезінемін. Бүгінде өзіміз де ата-әже болдық. Оралда студенттік шақта жарасып, шаңырақ көтерген жарым Сақыпжамал Айғалиқызымен жарты ғасырдан астам уақыт бірге келеміз. Балаларымыз Абат, Әсия, Әлия өмірден өз орындарын тапты. Олардан тараған немерелеріміздің өзі жақсы жетістіктерімен бізді қуантып жүр. Өзім әке ретінде балаларымды ең алдымен еңбекке баулығандығым — басты жетістігім деп білемін.  Өзім алты жылдай қызмет атқарған Шалқардың киелі жері, шежірелі елі әрқашан да маған ыстық. Әлі күнге дейін елдің азаматтарымен тығыз араласып тұрамын. Олар мені қолдады, бірігіп, түсінісіп көп жұмыстар тындырдық. 1999 жылы Сарышолақ ақын Боранбайұлының мерейтойына сол уақыттағы аудан басшысы Жеткерген Оралмағамбетов мені арнайы шақырып, үлкен құрмет көрсетті. Маған Шалқар ауданының Құрметті азаматы атағын берді, астыма ат мінгізіп, үстіме шапан жапты. Мен бұл құрметті өте жоғары бағалаймын. Өзінің құрылғанына 90 жыл толып отырған ауданның тарихында қолтаңбам қалғанын мақтаныш сезімімен еске аламын.

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқандар:

Нұрмұханбет ДИЯРОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Қыдыралы ӘЛИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.