ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов 1 наурыз — Алғыс айту күніне орай  ұзақ жылдар еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосқан бірқатар еңбек ардагерлерінің отбастарына барып, аталған мерекелік күнмен құттықтап, ыстық-ықыласын білдірді.

Ұстаздардың ұстазы, бүкіл саналы өмірін мұғалімдік қызметке арнаған еңбек  ардагері, 92 жастағы Бөпей Көрпебайқызының отбасына барған аудан басшысы қарт ұстазды атаулы күнмен құттықтап, Алғыс хатын тапсырды. Онда: — Сіз саналы ғұмырыңызда туған жеріңіздің дамуы мен өркендеуіне арнаған жансыз. Осы жолда жастық жігеріңіз бен жарқын өміріңізді жұмсап, халықтың ыстық ықыласы мен батасына бөлендіңіз. Жерлестеріңіз Сізді еңбексүйгіштік, кәсіби шеберлік, қарапайымдылық қасиеттеріңіз үшін ерекше сыйлап, қай кезде де жақсы ниеттерін білдіріп тұрады. Осы бір ел ықыласы Сіздің талай жылғы төккен теріңіз бен жұмсаған уақытыңыздың өтеуі іспеттес. Сондықтан да Сіз өмірден өз орныңызды таба білген бақытты адамсыз. Бұл күнде зейнет демалысында жүрсеңіз де, ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өзіңіздің өмірлік тәжірибеде жинақтаған біліміңіз бен білігіңізді жастарға үйретіп, ақыл-парасаттың кеніші болып келесіз. Көктемнің алғашқы күнінде Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, бақытты қарттық ғұмыр тілеймін! — делінген. Сондай-ақ, ардагер-ұстазға гүл шоғын ұсынып, үстіне камзол жауып, орамал тарту етті.

Сонымен қатар, аудан әкімі Ж.Жидеханов ауылшаруашылығы саласының ардагері Сағынғазы Төлебаевтың, денсаулық сақтау саласының ардагері Бекзада Дайрабаеваның шаңырақтарына барып, Алғыс айту күнімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпаттар жасады.

Еңбек ардагерлері атаулы күнде өздеріне жасалып жатқан сый-құрметі үшін аудан басшысына алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.