Жаңалықтың жаршысы болып жүретін журналистерге артылар жауапкершілік қашан да жоғары. Шындықты шыңыраудан суыратын, Шер ағаң, Шерхан Мұртазаның: «Журналистің арқалағаны — алтын, жегені — жантақ» деген сөзі өміршеңдігін жойған емес.
Шалқар ауданындағы тоқсан жылға таяу тарихы бар аудандық басылым — «Шалқар» газеті редакциясынан кәсібіне берілген, ойы да сөзі де жүйрік небір дарынды қаламгерлер шықты. Кейінгілерін айтпағанда, газетті өмірге әкелуші, тұңғыш редакторы, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Әбидолла Биекеновтің есімі ел тарихында өзіндік орны бар. Алғашқыда «Социализм Туы» (20.08.1932 ж. тамыз 1962 ж.), одан кейін «Коммунизм таңы» (қаңтар, 1963 ж. — 02.1990 ж.) деген атаумен шығып, 1990 жылғы ақпан айынан бері «Шалқар» деген атпен шығып келе жатқан аудан айнасына Биекеновтен кейінгі кезеңдерде өлкеміздің тірі шежіресі атанған Тілеужан Шойғарин, қаламы қарымды, бүгінде сексеннің биігіне шыққан беделді жазушы Тауман Төреханов, ізбасарларына ақылшы аға Мұқамбетәли Есмағанбетовтер редакторлық етті. Қай кезеңдерде де аудан басылымында тер төккен алдыңғы толқын есімдері өрелі оқырмандар жадынан өшкен емес.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шалқар аудандық ұйымының бастамасымен таяуда өткен «Баспасөз майталмандары» атты әдеби-танымдық кеш қалам ұстаған қауымға көрсетілген құрметтің бір парасы еді. Кештің мәртебелі мейманы болып ұзақ жылдар аудандық газетте қызмет жасап, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына да белсене атсалысқан, белгілі журналистер, тіл жанашырлары Мұқамбетәли Есмағанбетов пен Жаңғабыл Қабақбаев қатысты. Мәні мол шарада қос журналистің шығармалары, баспасөз саласында қызмет еткен тұстан қызықты сәттер баяндалды. Ардагер-журналист, КСРО баспасөзінің үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі Мұқамбетәли Есмағанбетов баспасөз саласында еңбек еткен жылдары өлке тарихын парақтап, аңыз-ақиқаттарды зерделеу тұрғысында халыққа ортақ Қыз Жібекті, ұлы күйші-сазгер Қазанғапты, оның күйлерін бүгінге жеткізген Кәдірәлі Ержановты, Жәлекеш Айпақовты, Сәдуақас Балмағамбетовты, ұлт мақтанышы Ахмет Жұбановты, Батақтың Сарысы мен Әлиманы, т.б. Шалқар топырағында өмірге келген тарихи тұлғаларды көпке танытуда жасаған еңбектерімен бөлісті.
«Шалқардан» шыңдалып, республикалық деңгейдегі басылымдарда жиі қалам тербейтін жерлес журналист, Ақпарат саласының үздігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жаңғабыл Қабақбаев журналистік жолда өзіне үлгі болған аға-буын өкілдерінің есімін атап, аудан басылымында жұмыс істеген тұстағы замандасы, кеш кейіпкері Мұқамбетәли екеуі куә болған сәттерін әңгімеледі.
— Біз Мұқамбетәли екеуміз кішкентайымыздан журналист мамандығын қалап, содан бері жұбымыз ажырамай келеді. Ол кезде Қазақстан бойынша журналист кадрларын дайындайтын жалғыз факультет тек С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті болатын, біз де сол орданың түлегіміз. Оның күндізгі бөліміне түсу үшін міндетті түрде еңбек өтілің болуы қажет. Мектептің жоғары кластарын да оқып жүргенде-ақ аудандық «Коммунизм таңы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне хабар-ошар жариялап жүрдік. Мұқамбетәли — Шалқардағы баспаханада баспашы, мен жаңадан ашылған Мұғалжар ауданының орталығындағы аудандық газетке корректор болып еңбек жолымызды бастадық. 1969 жылы қыркүйек айында өзімнің туған жерімнің «Коммунизм таңына» әдеби қызметкер болып ауыстым, Мұқаң осы редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. Содан бастап екеуміз табан аудармай он екі жыл яғни, 1981 жылдың қыркүйегіне дейін бір кабинетте екі үстелді түйістіріп қатар жұмыс істедік. Бұдан кейінгі кездерде де еңбек өтілімізде сабақтастық өрби түсті. Кейін мен Қарабұтақтағы аудандық газетте, ал әріптесім Шалқардағы аудандық газетте редактор болды. Жаңадан құрылған «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымдарына төрағалық еттік,—деді Ж.Қабақбаев өткен жолдарды еске алып.
Мектеп оқушылары ардагер-журналистердің шығармаларынан үзінді оқып, көріністер қойды.
…Ей, Ақтөбе,
Құшағыңды жайып қарсы алғын,
Шалқардан келер өкілді.
Көш!
Жайлайсың енді Електің нардай қамысын,
Шуына көніп, қаланың көріп ағысын
Құмдағы тірлік бөлек,
Үйірге қосыл,
Қалалық болып, барысым!,—деген жыр жолдарынан құралған қаламдас досының өлеңі оқылған кезде Жаңғабыл аға ерекше шаттанып: «бұл өлең 1998 жылы Жақсылық деген ақын құрдасымның Ақтөбе қаласына қоныстанған кезімізде отбасымызға арнаған жыры еді»,— деп тарихын айтып, орындаған өрендерге ризашылығын білдірді.
Кеш барысында Мұқамбетәли Матқанұлының күйдің пірі Қазанғапты зерттеу кезіндегі туындаған қиындықтары, оның есімін ұлықтау үшін қоғам қайраткері Мұхтар Арынға жазған хаты жайында тағылымы терең әңгімелер айтылды. Әсерлі кездесу өткен №8 орта мектеп кітапханасына Жаңғабыл аға өзі қызмет ететін ұйымның атынан бірқатар кітаптар сериясы мен белсенді оқушыларға сыйлықтар тапсырды.
Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан шырайлы шараның басты кейіпкерлеріне Алғыс хаттар табысталып, иықтарына шапан жабылды. Осы жоралғыны жасаған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев: «Бүгінгі өткізіліп отырған шара жалпы журналистер қауымына көрсетілген құрметтің озық үлгісі деп білемін. Ана тіліміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қажет-тігін алға қойды. Төл тілімізді түгеліміз құрметтесек, оның келешегі де мәңгілік болары ақиқат. Өскелең буынды тағылымды сөзімен ана тіліміздің, ұлттық руханиятымыздың қадір-қасиетін терең ұғындыратын бүгінгі меймандарымыздай арда ағалармен жиі дидарластырудың мәні мол болмақ», — деді.
Риза көңілмен сахнаға көтерілгендердің барлығы шараны ұйымдастырушыларға, оның ішінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрайымы Роза Дәуітоваға ерекше алғыстарын жаудырды. Қонақтар шара соңында мектеп дәлізінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің жасақтаған «Баспасөз — өткеннің шежіресі» атты көрмені тамашалады.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.