Мәдениет

Жиенбай ерліктері Мырзақоңыр биігінен айтылды

Деректерге сүйенсек, II Дүниежүзілік соғысына Шалқар ауданынан 7143 азамат аттанып, оның1231-і хабарсыз кеткен. Ұлықұм іргесіндегі Ордақонған табанынан 60-тан астам бозбала майданға алынып, оның 43-і елге оралмаған. Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ортақ қасіретіне айналған осы зұлмат жылдарда етігімен су кешкен ерлердің  ерлігін, олардың бейбіт күнге деген ұмтылысын, тылда еңбектің ерен үлгісін көрсеткен қара жұмыс қаһармандарының табандылығын насихаттау — ұрпағының абзал мұраты.

Айшуақ ауылдық округіне қарасты Мырзақоңыр биігіндегі қорым жанында Ордақонған табанынан аттанған Отан соғысының ардагері Жиенбай Мәтеновтың туылғанына 100 жыл толуына орай ұрпақтарының ас беріп, рухына тағзым етуінің түпкі мәні осы еді. Ордақонған табанынан (қазіргі Есет ауылы) өсіп-өнген ауылдастар жан-жақтан жиылып, соғыстан оралмаған 43 боздақтың есімдері жазылған Мырзақоңыр биігіндегі еңселі ескерткіш белгінің алдында жалпы   қорымға тізе бүгіп, әруақтарға Құран бағыштады. Арнайы тігілген қос ағаш үйде көз көргендер соғыс даласында бірнеше мәрте жараланып, оң қолынан айырылып елге оралған майдангер Жиенбай Мәтеновтың ерлікке толы өмір жолын, кісілік келбетін айтып, шешіле сөйледі.

Соғыс ардагері Жиенбай Мәтенұлы  1925 жылы №11 ауыл советінде дүниеге келген. Бір әулеттен Қалдыбай, Сүндеталы, Ниеталы, Жиенбай есімді ағайынды жігіттер тарайды. Балаң мұрты тебіндеп, аяғын енді тең баса бастаған тұста бұл төртеудің тағдыры тосыннан өзгеше өріледі. Сүндеталы елді жайлаған ашаршылық кезінде қайтыс болады, бірнеше жылдан соң Ниеталы, Қалдыбай және Жиенбай Ұлы Отан соғысына алынып, әрбірі майдан даласының әр қиырына жөнеледі.

Ниеталыдан соғыс аяқталғаннан кейін іс-түссіз жоғалғандығы туралы елге қара қағаз келеді. Ағасы Қалдыбай соғыстан елге бір аяғынан айырылып, мүгедектік жағдаймен оралып, ақырғы сәтіне дейін ауданға қарасты Алақозы ауылында ғұмыр кешті. Оның артында қалған ұрпақтары бүгінде мәуелі бәйтеректей кеңге жайылып отыр.

Жиенбай Мәтенұлы соғысқа 1942 жылы небәрі 17 жасында аттанып, оқ пен оттың ортасында талай қалады. 1945 жылдың қаңтар айында Берлинге таяу жерде оң қолынан айырылады.

Әйгілі №150 атқыштар дивизиясында атқыш болған Жиенбай әскери госпитальден шыққан соң, пошта қызметіне араласып, елге қайтқанға дейін газет таратушы болып жұмыс істейді. 1946 жылы туған жерге оралысымен 1974 жылға дейін 8-март селосында  пошта бастығы болған.

Қосағы Мағрипа Түлкібайқызы екеуі  3 ұл, 8 қыз тәрбиелеп, олардан бүгінде 33 немере, 80 шөбере өрбіген. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында тұратын ұрпақтарының алды қазір зейнет жасында.

                                                                     Ауыл үлкендері

Майдангер рухына берілген ас барысында оның көзін көрген еңбек ардагерлері Әлібай Мұхамбетжанов, Жәрдемберген Піралин, Ұзақбай Тарғынов, т.б. сөз сөйлеп, ата рухына бас иіп, өнегелі іс жасап жатқан ұрпақтарына ризашылығын білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген Жиенбай ақсақалдың үлкенге тән өнеге үлгісін  жиналған жұртшылыққа жеткізді.

—Мен де Ордақонған табанында дүниеге келдім. Есет ауылындағы Сарыбұлақ бастауыш мектебінде 1959-1963 жылдар аралығында білім алдым. Біздің тұста бүгінгідей мектепке үйден тікелей қатынайтын мүмкіндік болмады, әке-шешеміз Борсық құмының іргесінде мал бақты. Арасы 5 шақырым болатын сол қыстақтан  ауылдағы мектепке күнде атпен қатынап оқыдық. Сабағымыз біткенше мініп келген атымыздың ауыздығын алып, жайлап кететін сенімді жеріміз  осы — Жиенбай ақсақалдың үйі болды. Сол тұста     пошташы болып жұмыс істейтін Жиекең сөзге сараң, соғыс көрген батыр мінезді  адам болып, біздің бала санамызда қалыптасты,— деп еске алды Е.Төлепберген.

Жиенбай Мәтенұлы 2000 жылы 75 жасында өмірден озғанға дейін сұм соғыстан алған дене жарақаттарының зардабын тартады. Тән жарақатынан бөлек, жан жүрегіне  салған соғыс ауыртпалығын қоса арқалайды. Ұлы Жеңіс күніне арналатын ауылішілік патриоттық шараларда жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындырып, тыныш өмір тілеп, ақсақалдық батасын беруден еш қалыс қалмайды.

Ерлік пен еңбекті қатар өрген Жиенбай Мәтеновтің омырауына көзі тірісінде медаль-ордендер шоғырлы жұлдыздай жымдасады. Олардың қатарында 1944 жылы жоғары қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығымен жазбаша берілген алғысы бар. Сондай-ақ «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, СССР жоғары кеңесінің 1985 жылғы 11 наурыздағы бұйрығымен  «Ұлы Отан соғысының I  дәрежелі орденімен» марапатталған. ТМД қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес берілген  «Жуков медалі» және Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60 жылдық  төсбелгілері бар. Жеңістің  55 жылдығында «Соғыс ардагері» белгісін кеудесіне таққан. 1995 жылы Тәуелсіз мемлекетіміздің қолдауымен Жеңіс мерекесінде «Таврия» автокөлігін мінген.

Аталар жүріп өткен жолға үңіліп, есімдерін алға жетелейтін әрине, артта қалған абзал ұрпағы. Майдангердің бауырына басқан немересі  Ұлан Жиенбаев   қазірде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқытушы, PhD докторанты. Борсық құмының іргесіне киіз үйлер тігіп, ата есімін асқақтатар ұлағатты шара ұйымдастыруда Ұлан бастаған ұрпақтарының ауызбіршілігі байқалып тұрды. Кішкентайынан майдангер атасының тізесінде отырып, ауылдағы көкірегі кеніш ақсақалдар өсиетін тыңдап өскен немересі атасының өз аузынан естіген соғыстағы ерлікке толы сәттерін айтып, көпшілікті сілтідей тындырды.

—Соғыстың бастапқы жылдары неміс әскерінің қарқыны қатты болыпты. Бірде немістер Кеңес Үкіметі әскерін тықсыртып, Днепр өзеніне тірейді. Өзеннің ені 1 шақырымдай екен. Ауылдан келген 18 жастағы менің атам жүзуді мүлдем білмейді, кейін қашайын десе артында фашистер келіп қалған. Өлген жерім осы шығар деп, не істерін білмей тұрады. Сол кезде жанындағы қапсағай бойлы, биік денелі, славян тектес жігіт суға секіруге бекінеді. Оны байқаған Жиенбай атам мойнына мылтығын іліп алып, суға онымен бірге секіріп,  оның шинелінен айырылмай, мықтап ұстап алады. Днепр өзенінің келесі бетіне жеткенше шинелді жігіт атамды аяғымен тебе берген екен, сонда да атам одан айырылмапты. Жағаға аман-есен шыққан соң, орта жасқа келген қаруласы: «Казах, молодец!» деп, атамның арқасынан қағыпты. «Бір ажалдан осылай қалдым» деп отыратын-ды.

Жалпы атамыз соғыста бірнеше мәрте жарақаттанып, госпитальға жиі түскен. Денесінде оқ жарқыншақтарынан қалған белгілерді талай көзім көрді. Ең ауыр жарақат 1945 жылдың қаңтар айында болған.  Неміс әскерлерін барлап жүріп, қаруластарымен үлкен үйдің жертөлесіне жақындайды. Алдыңғы лекте келе жатқан атамыз есікке жақындай бергенде кенеттен снаряд жарылып,  оң қолын иығынан төмен жұлып түскен екен, — деді Ұлан.

Жиенбай Мәтеновтың туылғанына 100 жыл толуына арналған ас түс ауа Айшуақ ауылдық округі орталығының күншығыс беткейіндегі аламан бәйгеге ұласты. 22 шақырымға созылған атжарысқа көрші Қызылорда облысынан және Ырғыз, Әйтеке би аудандарынан барлығы 12 шабандоз келіп бағын сынады. Қорытындысында I орынға тігілген 300 мың теңгенің Сертификатын шалқарлық Сәндіғали Тобажанов иеленді. II орынға тігілген 200 мың теңгенің  Сертификатын Шалқар ауданы, Жылтыр ауылынан келген Ернұр Жұмабай олжа тұтты. III орынға тігілген 100 мың теңге қаржылай сыйлықты Жылтыр ауылынан ат қосқан Жолдымұрат Жұбаев алды.

Сарғайған қағаз беттеріне тайға таңба басқандай  таңбаланған майдангердің өр жолдары ешқашан ұмытылмайды. Мырзақоңыр биігінен айтылған жауынгер Жиенбайдың соғыстағы ерліктерін естігенде біз, осыны нақты ұғынғандай  болдық.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

 

Басқа материалдар

Back to top button