ЫСТЫҚКӨЛДІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы Орталық Азиядағы тұрақтылығын нығайту жөніндегі жоба аясында 15-19 шілде күндері аралығында Қырғыз еліндегі Ыстықкөлдің «Ақ-Марал» демалыс орталығында Орталық Азия жастарының креативті лагері ұйымдастырылды. Оған ауданымызға қарасты Бершүгір стансасының тұрғыны, 1999 жылы дүниеге келген Серікгүл Үсенова барып қайтты. Туған жеріндегі ауыл әкімшілігінде жастар тәжірибесімен жұмыс істеп жүрген жас бұндай керемет демалыс лагеріне барып қайтқанына өте қуанышты.
— Осыдан бір ай бұрын аталмыш бағдарлама аясында Ыстықкөлде жастарға арналған демалыс лагері барын естідім. Неге мен де мүмкіндігімді сынап көрмеске деп құжаттар жинақтап, анкеталарын толтырдым. Көп уақыт өтпей онда баруға мүмкіндікті иеленгендігімді естіп қатты қуандым. Облысымыздан барған жастар түрлі бағыттағы семинар-тренингтер мен оқыту дәрістеріне қатысты. Сондай-ақ, түрлі іс-шаралар қатарында, экскурсия мен спорттық шараларда біз де белсенділік таныттық. Ыстықкөлге табан тірегенімізде бізді «ОІОІО» командасы күтіп алды. Көп достармен танысып, бір үйдің баласындай болып араласып кеттік. Қызықты тренингтер барысында топтарға бөлініп, бағымызды сынадық. Мен кино әлеміне түстім, Болат есімді ұстазымыз болды. Ол кино түсірудің қыр-сырларын бізге түсіндірді. Бұл саланың жұмысы ауыр екендігіне менің көзім жетті. Киноның түсірілім алаңынан шаршап келгенімізде «ОІОІО» командасы түрлі қызықты ойындар ұйымдастырып, жастарға жақсы әсер сыйлады.
Осындай керемет лагерде демалуымызға, сол жерде рухани азық пен тың идеялар алу тұрғысында пікір алысуға мүмкіндіктер жасаған аудандық жастар ресурстық орталығына шын жүректен алғысымды білдіремін.
Мен де өз елімнің патриоты болып, болашақта абыройлы қызметтердің жолында тер төккім келеді. Қазіргі күні «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқуға қатысу үшін жастар орталығы арқылы өтініш білдірдім, — дейді Серікгүл Молдабайқызы.