Майданда да, еңбекте де ер болған Бәтен аға

Ақсақалдық жасқа келіп, өмірдің базарынан қайтып келе жатқан біздердің қатарымыз уақыт өткен сайын азайып келе жатыр, сиреп қалды десе де болады. Өткен өмір жолымызды саралап қарасақ, әсіресе, жас кезімізде өзімізге ұстаз, қамқор болған, көп нәрсені үйреткен адамдар естен кетпейді. Адамгершілігі мол, айналасына нұр шашып, білгенін үйретіп жүретін ұстаз ағаларымыз болды. Олардың қадірі өздері дүниеден өткен соң, біз үшін қатты сезілетіні жасырын емес. Сондай жақсы ағамыздың бірі де бірегейі, елінің асыл азаматы болған — Бәтен Алагөзов еді.
Ол 1920 жылдың қыркүйек айында Шалқар ауданының Жаңақоныс колхозында шаруа отбасында дүниеге келеді. Әкесі Алагөз бен шешесі Әмірен сол аталған колхозда ауылшаруашылығы артелінің мүшелері болады. Жастайынан зерек болып өскен Бәтен 1940 жылы Шалқар қаласындағы қазақ орта мектебін өте жақсы бағалармен бітіреді, мектепте аға пионер вожатый болады.
Сол жылдың қазан айында Бәтен Алагөзов Кеңес армиясы қатарына шақырылады және 1947 жылдың мамыр айына дейін армия қатарында болып, үлгілі қызмет етеді. Әуелі қарапайым жауынгер болса, кейін оның қабілетін байқаған басшылық оқуға жібереді. Мәселен, ол Қиыр Шығыс майданындағы әскери-саяси училищесінің курсанты болып, Хабаровск қаласында оқып шығады. Кейін Разенгартовка станциясында орын тепкен 30-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары болып тағайындалады. 1943-1944 жылдары Завитая қаласында офицерлерді қайта даярлау курсында білім алады. Ұлы Отан соғысының аяғына дейін Лаза стансасында орналасқан №1696 танктерді жою полкі, 5-батареясының ату взводының командирі болады. Ал 1945-1947 жылдары сол Лаза стансасында №494 танктерді жоятын артиллерия полкі, 5-батареясында аға офицер болып қызмет етеді.
1947 жылдың маусым айында аман-есен елге келгеннен кейін Ұлы Отан соғысы кезінде саяси жағынан әбден шыңдалған жас жігітті Шалқар аудандық партия комитеті парткабинетінің меңгерушісі қылып тағайындайды. 1949-1951 жылдары Шалқар аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі болады.
Ақыл-ойы толысқан, тәжірибе жинақтаған 31 жастағы жас маман облыстық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, онда үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Ол жерде екі жыл жұмыс істегеннен кейін Ақтөбе облыстық «Білім» қоғамы бөлімінің хатшысы болып бекиді. Бәтен аға қызмет атқара жүріп, сырттай Орынбор қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алады.
Бұдан соң Бәтен Алагөзов Темір аудандық партия комиетінің хатшысы қызметіне тағайындалады. 1957-1962 жылдары Темір аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімін басқарады.
Ол кезеңде партияның солдаты болғандықтан қайда жұмсаса, сонда жұмыс істеуің керек. Бәтен ағаны Коммунистік партия 1962 жылдың қыркүйек айында қайтадан Шалқар ауданына жібереді. Туған жеріне оралған ол аудандық атқару комитетіне қарасты мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады. Көп ұзамай Шалқар аудандық партия комитеті, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушілігіне ауыстырылады. Ал 1967 жылдың наурыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін Шалқар аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімін басқарады.
Алла Тағала адамды жарылқарда ақыл-парасат, білім және іскерлік сыйлайды екен. Бәтен ағаның бойынан осы аталған қасиеттердің барлығы да бар еді.
Кеңес үкіметінің кезеңінде аудандық партия комитетінің бөлімдеріне өте үлкен, жауапкершілігі зор міндеттер жүктелетін. Бәкең осы жұмыстарды өзінің іскерлік қабілетімен тап-тұйнақтай қылып атқарды. Және аудандық партия комитетіндегі аппарат қызметкерлеріне ақылшы, тәрбиеші бола білді, пайдалы кеңестерін беріп отыратын. Бәтен ағаның еңбек жолындағы соңғы басқарған ұйымдастыру бөлімінің жұмысы өте күрделі болды. Себебі, бұл бөлімнің міндеті — совет, партия, комсомол, кәсіподақ органдарына басшы кадрлар даярлаумен, оларды тәрбиелеу, жұмысқа тартумен айналысты. Бәтен Алагөзов аса жауапты міндетті абыройлы да табысты атқарды. Сонымен бірге, өзінің адал еңбегімен, азаматтық қасиетімен кейінгі буынға үлгі болды және өшпес із қалдырды.
Бәтен Алагөзовтың Ұлы Отан соғысына қатысқанын жоғарыда айттық. 1945 жылдың қыркүйек айында империалистік Жапонияға қарсы Кеңес армиясы құрамында Манчжурия жерінде ұрысқа қатысып қайтады. Бәкеңнің КСРО Жоғары кеңесі президиумының қаулысымен майданға қатысқаны үшін берілген әр жылдардағы бірнеше мерекелік медальдары бар. Ол кісі өзі қызмет істеген жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бірнеше мәрте аудандық кеңестің халық депутаты болып сайланды.
«Екі жақсы қосылса, шаңырағына Қыдыр қонады» деген халқымыз. Бәтен аға мен Ақық апайдың отбасы үлгілі, бақытты жанұя болды. Ленин орденді Ақық Қалағанова апай ұстаздардың ұстазы еді, көп жыл Шалқар ауданының қара шаңырағы атанған №1 қазақ орта мектебін басқарды. Бәтен аға өзінен кейінгі інісі Көкен мен қарындасы Сүткенжеге де қамқор бола білді. Баласы Рамазан мен келіні Лиман да ел-халыққа қызмет істеп, бүгінгі күні зейнеткерлік жаста. Тағы бір баласы Темірлан да елі үшін еңбек еткен азамат болған еді. Бәтен аға мен Ақық апай зейнеткерлікке шыққаннан кейін балаларынан немерелер көріп, бақытты қарттық ғұмыр кешті. Бұл күнде біз құрмет тұтқан, елге сыйлы аталған тұлғалар арамызда жоқ. Дегенмен олардың жарқын бейнелері ешқашан есімізден кеткен емес.
Жалпы біз әңгімеге арқау еткен Бәтен Алагөзов ағамыздың ұзақ жылғы еңбегі, біздердің, шәкірттерінің жүрегінде ұмытылмастай болып қалды. Ол кісінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор екені даусыз. Бұл мақаланы жазғандағы айтпағым, осындай елге ерен еңбек еткен тұлғаларды кейінгі буынға айтып, есімдерін есте қалдыру еді. Бұл кісілер туралы еңбек еткен жерлерінде ескерткіш тақталар орнатылса да артықтығы болмас еді.
Ағзам ЖӘМИҰЛЫ, еңбек ардагері.