Мәдениет

Мектеп оқушыларының қатысуымен ерлік сабақтарын өткізу – ұрпақтар арасындағы рухани көпір

Мемлекет басшысы Ассамблея сессиясында сөйлеген сөзінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай айтқан терең ойлары әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алды. Ауыл тұрғыны ретінде мен үшін бұл айтылғандар – жай ғана сөз емес, ата-бабаларымыздың ерлігіне берілген лайықты баға. Президентіміздің «Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз – батырларымызды жадымызда сақтау» деген сөзі менің де өмірлік ұстанымыммен үндеседі. Себебі біздің ауылымызда да тылда тер төккен аналар мен майдан даласынан аман оралған аталарымыздың есімі бүгінде ел арасында құрметпен айтылады.

Елді мекендердегі 500-ден астам көшеге жергілікті қаһармандардың есімі берілетіні туралы жаңалық – ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш. Бұл бастама арқылы жас ұрпақ өз елінің, өз ауылының ардақты ұл-қыздарын таниды, солардың өмір жолына қарап бой түзейді. Әсіресе, мектеп оқушылары үшін бұл – тірі тарих, патриоттық тәрбие көзі.

«Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспары аясында өтетін мыңдаған мәдени-тарихи шаралардың ауыл-аймақтарда да қамтылғанын қалаймыз. Ауылдағы ардагерлеріміздің үйіне барып, құрмет көрсету, мектеп оқушыларының қатысуымен ерлік сабақтарын өткізу – бұл науқан емес, ұрпақтар арасындағы рухани көпір. Осындай игі шаралар арқылы біз ұлт рухын күшейтеміз, береке-бірлікті нығайтамыз. Ұлы Жеңіс – тек өткеннің шежіресі емес, ол – бүгінгі және болашақ буынға ұлағатты аманат.

Шаншарова Гулзипа, ауыл тұрғыны.

Басқа материалдар

Back to top button