Тоқсан бес жыл. Бір ғасырға иек артқан тамырлы тарих. Міне, бұл ғасырлық шыңды Шалқар қаласындағы білімнің қара шаңырағы — №1 мектеп-гимназиясы бағындырып отыр. 24-25 мамыр күндері аталған білім ордасы осы айтулы мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. алғашқы күні ертемен киелі білім ошағын әр жылдары тәмамдаған түлектер бас қосып, мектептің акт залында ұйымдастырылған салтанатты шараны тамашалады. Бұл — екі күнге ұласатын мерекелік тойдың бағдарламасымен танысып, түлектердің араға ұзақ жылдар салып, ұстаздарымен емен-жарқын жүздесуіне арналған сағыныштың басқосуындай болды. айқара ашылған құшақ, өзара шүйіркелесу, шаттанған шәкірт пен ұстаз, шынайы күлкілер — соның айнымас айғағындай еді. Әсіресе, оқушылардың аула сыртынан бастап қаз-қатар тізіліп, қонақтарға өзгеше құрмет көрсетуі көңілдерге шуақ сыйлады.
Жиында ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков сөз алып, мектеп ұжымын торқалы тойымен, осы қуанышты сәтке ортақтасуға келген барша қонақтарды, аға буын түлектерді құттықтады. Мектеп директоры Жанар Есенғосқызы қасиетті қара шаңырақтың 95 жылдығын атап өтудің өскелең буын үшін қажеті мен мақсатына тоқталып, осы тұста өзіне қолдау көрсеткен ұжымына, ақылшы ардагер-ұстаздарына, мектеп түлектеріне, барша жанашыр азаматтарға алғысын айтты. Мектеп тарихын толық баяндаған №1 мектеп-гимназиясы энциклопедиясының тұсауын осы білім ордасының ардагер-ұстаздары кесті.
Ғасырлық жолда қасиетті қара шаңырақтан небір талантты түлектер түлеп ұшып, Тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуі жолында өздерінің азаматтық борышын атқарып жүр. Есімдері ел тарихына енгендері қара шаңырақтың айбыны іспеттес. Олардың алдыңғы легінен Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев, белгілі ғалымдар Бекежан Сүлейменов, Дәулет Үмбетжанов, атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтердің есімін кездестіруге болады. Өткенсіз бүгін жоқ, тарих кешегіні айна-қатесіз танысақ қана шынайы қалыптасары хақ. Бұл тұрғыда осы шаңырақтан білім алып, есімдері көпке мәлім болған белгілі тұлғаларға арналған оқу кабинеттерінің ашылуы да игілікті іс болды. Жиынға қатысушылардың барлығы мектептің жоғарғы қабаттарына көтеріліп, жаңаша жасақталған оқу бөлмелерін көруге асықты. Аталған оқу кабинеттерінің қатарында классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы қазақ тілі мен әдебиетін пәнін оқыту, педагогика ғылымдарының кандидаты, математик Советбай Елубаев атындағы математика пәнін оқыту, әлемдік деңгейдегі нейрохирург Серік Ақшолақов атындағы биология пәнін оқыту, техника ғылымдарының докторы, профессор Бекет Нұралин атындағы математика пәнін оқыту, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Өмірбек Көнесов атындағы алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту кабинеттері мен мектеп түлегі Дастан Сағыровтың демеушілігімен «Анаға тағзым» атты оқу сыныбы ашылды. Көпшілік пікірі аталған кабинеттердің оқушыларға қажеттілігі, оларға есімдері телінген тұлғалардың өмір жолы, жеткен жетістіктері жас буындарға үлгісі зор іс дегенге тоғысты. Бұл жақсы бастаманы өзгелер де жалғастырып, болашақ ұрпақ үшін тәжірибе алмасулары қажет деген ортақ тоқтамға келді. Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу кабинетінің ашылу рәсімінде қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев пен алдына келген талай шәкіртіне өмірден өз жолдарын тауып, өсуіне ақыл-кеңесін аямаған ардагер-ұстаз Сәбира Аяуова жазушының өмір жолы хақында мағыналы ой-пікірлерін айтты. Ұстаз алдында шәкірт әрқашан да шәкірт болып қала бермек. Классик жазушының шығармалары туралы Сәбира апайдың қойған тосын сауалы түлектеріне осы ойды қайта салды. Өзге де кабинеттердің атауын иеленген тұлғалар жайлы оқушылардың әзірлеген мазмұнды мәліметтері жұрттың жадын бір жаңғыртқандай болды.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қара шаңырақ қанат берген қыранға…» атты форумға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері мен ардагер-ұстаздар, мектептің әр жылғы түлектері, ұстаздар қауымы мен қала тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов білім ордасының мерейтойына ортақтасып келген барша қауымды құттықтап, аудан басшысы Бауыржан Қаниевтің атынан осы айтулы шараның өтуіне белсене атсалысқан бірқатар азаматтарға, мектептің ұстаздары мен қызметкерлеріне Алғыс хаттар тапсырды. Аудандық кәсіподақ кеңесінің төрайымы Гүлзира Махат республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі салалық кәсіподақ кеңесінің Құрмет Грамоталарын және ауданның білім бөлімі басшысы мен өз атынан Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтарды №1 мектеп-гимназиясының бірқатар ұстаздарына салтанатты түрде табыстады.
Бұл күні Мәдениет үйінің кең залында ине шаншар жер болмады. Мектеп басшысы Жанар Есенғосқызы сахна төрінен ғасырлық жолды артқа тастаған киелі шаңырақтың өткені мен бүгінін баяндады.
— №1 мектеп-гимназиясы — Шалқардағы білімнің қара шаңырағы. Мектеп ізі 1918 жылы Шалқар стансасында ашылған бастауыш сауаттанудан басталады. Алғашқы мұғалімі — Дүйсекен Әзірмәмбетов. Тарихи тағылымы тереңге бойлаған білім ордасының іргесі 1924 жылы бастауыш мектеп болып қаланады. Оның меңгерушісі болып Мейірхан Орынбасаров тағайындалған. Сауаттану екі жылдық мектебінен бастап алғаш дәріс берген ұстаздар Мейірхан Орынбасаров, Медіресін Тереков, Хайрулла Бектенғалиев, Төлепберген Төлебаев…
1926-1927 оқу жылынан мектеп бастауыштан жеті жылдыққа айналып, «Жұмысшы-шаруа жастар мектебі» болып ашылады. 1938-1939 оқу жылынан бастап онжылдық орта мектепке айналды және ең алғашқы түлектері 10-сыныпты бітіреді. Мейірхан Орынбасаров, Медіресін Тереков,Сыраш Асқаров, Әбдірахман Шолақов, Жексенбай Шүйтенов, Ақық Қалағанова, Дәулетжан Қыдыров, Әбдіғали Сүйіндіков, т.б. барлығы мектеп қабырғасында 29 педагог басшылық етіп, оқуды ғылыми еңбекпен ұштастыра біледі. Мектебіміз осыдан тура 20 жыл бұрын 75 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтіп, ізгілікті қоғамға барар жолда өзіндік өрнегін айқын көрсете білді. Одан кейін де білім ордасына басшылық еткен Марта Малайдарова, Саясат Шаншаров, Қорғанбек Исаев, Амангелді Қонақбаев, Қайрат Тілеш сынды ұстаздар мектеп өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. Осы уақыт аралығында киелі білім ордасынан 83 түлек «Алтын белгімен» бітіріп шықты. 95 жылдық мерейтойды өз мәнерінде атап өту — біздің шәкіртік һәм перзенттік парызымыз. Бұл ұсыныс тарихы тереңнен бастау алған киелі өлкеде дүниеге келіп, жүрегінде шарапаты мол, ел қамын ойлаған мектеп түлектері мен Шалқар елінің жанашыр азаматтары тарапынан қолдау тапты, — деді баяндамасында Ж.Есенғосқызы.
Форум барысында сахна төрінен айтылған тілектер, аға буын мен өскелең буынның ұрпақтар сабақтастығын көрсетіп естелік суреттерге түсуінде шек болмады. Мектептің 1968-1969 оқу жылындағы түлектері атынан тоқсаныншы жылдары Шалқар ауданы әкімінің қызметін атқарған Мақсот Сейтжапаров сөз сөйлеп, екі күнге белгіленген алтын ұяның ғасырлық мерейтойының мән-маңызын жоғары бағалап, ұйымдастырушыларға айырықша алғысын білдірді. Мектептің бұрынғы директорларының бірі Марта Малайдарова да өзінің лебізін арнап, қызмет еткен жылдарын еске алып, адамгершілік, жастар мен аға буын арасындағы сыйластық хақында мағыналы ойларын айтты.
Форум барысында ән мен күй төгіліп, мектеп тарихынан сыр шертетін композициялық көріністер қойылды. Шалқарды көпке танытып жүрген жерлес өнерпаздар, қара шаңырақтың түлектері, айтыскер ақындар Аян Сейітов, Қайнар Алакөзов пен актер Ерболат Төлегеновтердің өнерлерін көпшілік сүйсіне тамашалады. Бұл күні кешкілік қаладағы «Ақ отау» мейрамханасында осы тойға ат арылтып келген меймандарға ауызашар беріліп, үлкен дастарқан жайылды.
* * *
25 мамыр. Соңғы қоңырау. №1 мектеп-гимназиясы ауласындағы мерекелік көрініс кешегі күннен де кем түспеді. Қара шаңырақтың 50 жылдық, 30 жылдық, 20 жылдық түлектері сап түзеп, ортаға еніп, дәстүрлі шараның шырайын аша түсті. Алдыңғы қатарға орналасқан ардагер-ұстаздар кезінде өздері оқытып, білім нәрімен сусындатқан түлектерінің бір-бір азамат болып қалыптасқанына қарап, бойларын үлкен бір қуаныш пен сезім биледі. Аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев, облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі Дәулетияр Әспенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мереке Бисенбин, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», ардагер-ұстаз Бөпей Көрпебаева алтын ұяларымен қоштасқалы тұрған жас түлектерге сәт-сапар тіледі. Жасы сексеннен асқан ардагер-ғалым, математик Советбай Елубаев өз атынан мектептің озат оқушыларына тағайындаған сый-сияпаттарын табыстады. Сый-кәденің бірегей көрінісін мектептің әр жылғы түлектері де көрсетті. Осы тұста мектеп-гимназияның аудандық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне, аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі спорт сайыстарының жеңімпаздарына, өзге де оқу озаттарына марапаттар табысталды.
№1 мектеп-гимназиясы директорының мәліметінше, осы жылғы оқу жылында 729 оқушы білім алуда. Жалпы, мектеп бойынша 35 сынып комплектісі бар. Білім алушыларды жаңартылған мазмұнда оқытудағы басты мақсат — алған білім мен дағдыларын кез-келген жағдайда өмірлік тәжірибеде қолдану. Мектеп-гимназиясындағы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мен жүргізу жолындағы мектеп педагогтарының еңбегі зор. Қазіргі таңда 20 мұғалім жаңартылған білім беру мазмұны бойынша, бір оқу ісінің орынбасары критериялды бағалау жүйесі бойынша үйлестіруші курсын аяқтаған. Базалық және қайта даярлау курсынан бес, мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу тренерлік курсынан екі, тест тапсырмаларын талдау және дайындау курсы бойынша екі, деңгейлік курстан алты, инклюзивті курстан бес, робот техникасы курстан бір мұғалім өткен. Үш мұғалім жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде А1, А2, В1, В2 деңгейде меңгеріп, химия, физика пәндерінде терминдерді ағылшын тілінде қолдану арқылы сабақтар өткізуде.Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытылатын сыныптарда критериалды бағалау жүйесі енгізіліп, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер тарапынан қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Биыл киелі қара шаңырақтан 39 түлек бітірмек. Өткен оқу жылында ҰБТ-ден жалпы орта балл — 92,3 құраған. Биылғы мектеп түлектерден де ұстаздары жоғарғы көрсеткіштер көргісі келеді.
95 жылдықтың соңғы қоңырауы соғылып, сценарий бойынша алтын ұямен қоштасқалы тұрған түлектер Мемлекеттік туды ізбасарларына табыстап, «Түлектер вальсі» мен «Қоштасу әнін» айтты.
Одан соң мерейтой бағдарламасына сәйкес, қала сыртындағы ипподромда 24 шақырымға созылған аламан бәйге ұйымдастырылды. Нәтижесінде Жылтыр ауылынан қосылған Ернұр Жұмабайдың сәйгүлігі бірінші орынды иеленіп, 400 мың теңгенің Сертификатын алды. Екінші орынға тағайындалған 200 мың теңге Мырзағұл Шыманұлы ауылынан қосылған тұлпардың иесіне, үшінші орынға тігілген 100 мың теңге Қызылорда облысы, Сексеуіл кентінен қосылған тұлпардың иесіне тиесілі болды.
Аламан соңында қасиетті қара шаңырақтың мерейтойына ортақтасып, өз деңгейінде өтуіне атсалысқан барша қауымға арналып киіз үйлерде қонақасы берілді.
Кешегі күн — бүгінгі тарих. Бүгінгі тарих— ертеңге аманат. Қара шаңырақтың бұл торқалы тойы — ғасырлық ұлы белеске шығар алдындағы тарихын таразылап, аманатына адалдық танытқан өнегелі ісіндей болды.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.