ШАЛҚАР ЖЕРІН КҮМБІРЛЕТКЕН КҮЙ САЙЫСЫ

ҚАЗАНҒАП ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА — 170 ЖЫЛ

       Ауданымызда 31 қазан мен 1 қараша  күндері күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына орай Шалқар ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен республикалық күй сайысы өтті.

       Оған еліміздің әрбір облысынан бір-бір үміткер және Астана, Алматы қалаларының кәсіби оқу орындарынан, облыстардағы филармония, оркестрлерден үміткерлер шақырылды. Бұл байқауға әділ қазылық жасау үшін белгілі өнер қайраткерлері келді.

        Атап айтсақ, қазылар алқасының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының доценті Мұрат Әбуғазы, ҚР мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының аға оқытушысы Асылбек Кенегесов, Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы, күйші, музыка зерттеушісі Аягөз Нұрсұлтанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқытушысы Жайлаубай Асылханов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Орынбасар Тереков.

            Күй байқауының басталар алдында қазылар алқасының мүшелері, үміткерлер ауданымыздағы Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде болып, ұлы күйшінің 170 жылдығына орай «Халықтың тарихын күймен қашаған Қазанғап» атты мәдени шараны тамашалады, С.Балмағанбетовтың кабинетін көрді. Киіз үй ішінде күйші, композитор Қазанғап бейнесін сомдаған аталған мектептің домбыра класының оқушысы Әли Ақтан ұлы күйшінің «Шыныаяқ тастар» атты күйін нақышына келтіре орындады.

             Сонымен бірге, күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінің фоесінде «Қазанғап мұрасы — халық қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мәдениет үйінде өткен күй сайыстың шымылдығы Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебі халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Торы жорға аттың бөгелек қағуы» күйімен ашылды. Және оркестр С.Балмағанбетовтың «Айналайын, Ақтөбем» күйін орындады. Ақын Бәкір Тәжібаевтың С.Балмағанбетовке арнаған «Күйші» атты өлеңі оқылды.

             Бұдан соң республикалық күйшілер байқауының аясында кіші ғылыми конференция өтті. Онда сөз алған аудан әкімі Жанболат Жидеханов былай деді:

            — Бүгін біз қазақ халқының музыкалық мұрасы мен ұлт руханиятының асыл қазынасы — күй өнеріне қайта үңіліп, ғасырлардан жеткен ұлы мұраға тағзым етудеміз. Күйдің қасиетті пірі Қазанғап Тілепбергенұлының есімі әр қазақтың жүрегінде жатталған. Оның сырлы саздары мен терең философиясы ұрпақтанұрпаққа рухани тәрбие беретін құнды мұра. Бұл мерейтой тек күйшілік өнерді ұлықтап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда ерекше маңызға ие. Қазанғап атамыздан қалған мол мұра — біздің болашағымызға жол нұсқаушы, елдігіміздің белгісі. Оның күйлері халқымыздың асқақ рухы, ерлік пен елдікке деген адалдығын бейнелейді.  

               Бүгінгі күйшілер де осы рухты жалғастырып, оны жас ұрпаққа жеткізіп келеді. Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық күйшілер байқауы — қазақ өнерінің жаңа биіктерге көтерілуіне септігін тигізетін маңызды шара. Бұл байқауда еліміздің әр өңірінен жиналған дарынды жас күйшілеріміз өз өнерлерін ортаға салып, Қазанғап күйлерінің сиқырын, ішкі құпиясын аша түспек. Осындай ауқымды мәдени шаралар ұлт өнерін ұлықтап, жас күйшілерге бағытбағдар беріп, рухани кемелденуге жол ашады.

                 Сонымен бірге, аудан басшысы күй додасына қатысушыларға сәттілік тілеп, «Ұлы күйшінің рухын асқақтатып, қазақ күйінің мәртебесін биікке көтере беріңіздер. Мереке құтты болсын, күй өнері мәңгі жасасын!» деген лебізін білдірді.

                Бұл ғылыми конференцияда Қазанғаптың күйшілік өнері, оның шәкірттері, жеткізушілері жөнінде жан-жақты сөз қозғалды. ҚР мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы:

                 — Қазақтың күй өнері ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан асыл мұрамыз. «Қазақ халқында жеті мыңнан астам күй сақталған» дейді музыка зерттеушілері. Әлемдегі ЮНЕСКО ұйымының шешімімен адамзаттың рухани мұрасына күй өнері қабылданған. Қазақтың күй өнеріндегі мақтан етер тұлға — күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлы. Ол кісіні «Саз зергері» деп атайды. Атақты күйші Сәдуақас Балмағанбетов «Қазанғаптың күйлері Шалқардың құмы сияқты иірім-иірім болып келеді» деп суреттеген екен. Шындығында Қазанғап күй орындауда ерекше бір мектеп қалыптастырған күйші. Ілме қағысты ұтымды пайдаланып, сыршыл, толғаулы, лирикалық күйлерді дүниеге әкелген.

                Қазанғап Тілепбергенұлының мұрасын алғаш зерттеген, ғылыми айналымға салған академик Ахмет Жұбанов. Қазанғаптың күйлерін жоғалтпай, кейінгі буынға жеткізген шәкірттері Жәлекеш Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Шүрен Сартов, Құрманғали Өмірзақов. Оның бер жағында Қазанғап мұрасын кеңінен насихаттауда, шәкірттер дайындауда үлкен еңбек сіңірген адам Сәдуақас Балмағанбетов. Мен және осы залда отырған Жайлау Асылханов, Аягөз Нұрсұлтанова Сәдуақас ағаның тікелей шәкірттеріміз. Сәкең Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда бізге сабақ берді, күй тартудың қыр-сырын үйретті, Қазанғаптың алғашқы күй табағын шығарды. Оның күйлерін радио, телевидение арқылы насихаттады. Жалпы, Қазанғаптың күйлерін жоғарғы орындаушылық деңгейге көтерді. Біз Сүгір күйшіні айтқанда оның күйлерін биік деңгейге жеткізген күйші Төлеген Момбековты еске аламыз. Тәттімбеттің мұрасын айтқанда күйші Әбекен Қасенов еске түседі. Яғни, бір ұлы күйші болса, оның артында мұрасын жеткізуші бір адам тұрады.

                Сол сияқты Қазанғапты Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сүгір, Дина секілді ұлы күйшілердің қатарына қойған Сәдуақас Балмағанбетов. Сәкеңнің 2001 жылы «Саз зергері Қазанғап» кітабы, 2016 жылы өзінің және Қазанғаптың күйлері енген «Күй дастан» деген жинағы шықты. Оның бәрін қолға алып, демеушілік жасап шығарған Сәкеңнің туған інісі Нұрболат Жанаманов. 2009 жылы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайына Қазанғаптың домбырасы тапсырылды. Аталған мұражайда ұлы күйшілердің қолына ұстаған домбыралары сақтаулы.

                Шағын тарихқа тоқталсақ, 1978 жылы кешенді экспедициямен тарих ғылымының докторы Бекежан Сүлейменов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев бастаған экспедиция Шалқар ауданына келіп, Қазанғаптың қызы Ақілгекпен жолыққан, ұлы күйшінің шәкірті Кәдіралы Ержановтың зайыбынан қалап алған Қазанғаптың домбырасын Алматыдағы Сәдуақас Балмағанбетовтың қолына табыстаған. Жоғарыда айтқанымыздай мен сол домбыраны Сәкең дүниеден өткеннен кейін Бәтима жеңгемізге ұсыныс айтып, жоғарыдағы аталған мұражайға өзім апарып тапсырдым. Оны сол кездегі мұражайдың директоры Хасен Қожахметов ағамыз қабылдап алды. Қазанғап бабамыздың өзі дүниеге келген Шалқар өңірінде 170 жылдығына орай күй сайыстың өтуі — тарихи сәт.      

           Дейтініміз, осыдан 30 жыл бұрын Ақтөбе қаласында Қазанғаптың 140 жылдығы өткенде Қаршыға Ахмедияров, Ақселеу Сейдімбек, Ілия Жақанов, Сәдуақас Балмағанбетов, басқа да қазақтың нарқасқа өнер қайраткерлері бас қосқан еді, ол бүгінде тарих болып қалды. Сол сияқты бүгінгі күй сайысы да тарих бетінде қалмақ. Мен бүгін күй байқауына қатысушы үміткерлерге сәттілік тілеймін, — деді Мұрат Әбуғазы.

           Бұдан кейін конференцияда сөз алған күйші, музыка зерттеушісі Аягөз Нұрсұлтанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлаубай Асылханов, ҚР мәдениет саласының үздігі, күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов Қазанғап күйлерінің өміршеңдігі, сыршылдығы, күйші бабаның шәкірттері, оның шығармаларын жеткізушілері туралы ой толғады.

            Ғылыми конференция аяқталғаннан кейін сахна төріне республикалық күй сайысына еліміздің әр қаласынан келген 22 үміткер шақырылып, көрермендерге таныстырылды. Бұдан соң додаға қатысушыларға Кәдіралы Ержановтан күй өнерін үйренген, 90 жастың үстіне шыққан қарт күйші Жұмабай Жансүгіров ақсақал ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

           Байқаудың ереже-шартына сәйкес үміткерлерге жеребе тартылып, күй додасы басталып кетті. Ереже бойынша байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер Қазанғаптың «Жұртта қалған» күйін орындау керек және С.Балмағанбетовтың «Саз зергері Қазанғап», «Күй дастан» кітаптарынан таңдауы бойынша қалаған Қазанғаптың бір күйін, С.Балмағанбетовтың «Күй дастан» кітабындағы шығармаларынан бір күй орындаулары тиіс. Бірінші кезеңнен өтпеген қатысушылар екінші кезеңге жіберілмейді. Бірінші кезеңде орындалған күйлер екінші кезеңде қайталанбайды.

               Екінші кезеңде үміткерлер Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз» күйін орындауы шарт. С.Балмағанбетовтың «Сөз зергері Қазанғап» және «Күй дастан» кітаптарынан арнайы таңдалған бес күйінен бір күй, «Күй дастан» кітабындағы Сәдуақастың таңдалған бес күйінен бір шығарма орындаулары тиіс болды.

             Күй байқауын жүргізуші «Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары. Күй халқымыздың рухын мәңгілікке көтере бермек. Себебі, күй — біздің ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық мәдениетіміздің төресі» дей келе, халқымыздың асыл қазынасын халқына өз өнерімен жүрегіне жеткізер талапкерлердің өнерін бағалайтын әділ қазылар алқасымен таныстырды.

               Бұдан соң күй сайысы басталып кетті. Күй додасы екі күнге созылды. Республикалық күй байқауын қорытындылаған екінші күні үміткерлер мен қонақтардың құрметіне Шалқар ауданы көркемөнерпаздарының қатысуымен гала концерт ұйымдастырылды.

                Байқауды қорытындылап, сөз сөйлеген қазылар алқасының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы жержерден келіп, күй байқауына қатысқан талапты да талантты үміткер күйшілерге қазылық етіп, әділ баға беру оңай болмағанын тілге тиек етті. Дегенмен, қазылықта отырған өнер қайраткерлерімен ақылдасып, саралай келе төмендегідей шешім қабылдағанын айтты.

                  Сонымен, Жәлекеш Айпақов атындағы арнайы жүлде Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінің әртісі Дәулет Жаншинге, Сәдуақас Балмағанбетов атындағы арнайы жүлде Қ.Тілепбергенұлы атындағы Шалқар аудандық саз мектебінің оқытушысы Думан Бекмырзаға, Матай Қуантайұлы атындағы арнайы жүлде А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің екінші курс студенті Диас Орынбасарға, Кәдіралы Ержанов атындағы арнайы жүлде Астана қаласы, К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті Нартай Нұрмұханбетке берілді. Жетісу облыстық Д.Рақышев атындағы филармонияның әртісі Мейрамбек Абдықадіров пен маңғыстаулық күйші Қанат Іңірбаев Шалқар ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

                Күй байқауында үшінші орынға Ақтөбе қалалық музыка колледжінің студенті Әлқадір Шайқақов, Астана қаласы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті Ерсаят Сапарғалиев, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғарғы музыкалық коллеждінің төртінші курс студенті Дана Үсен лайық деп танылды. Екінші орынды Алматы қаласы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті Мұхаммедин Көшербай мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Тимур Үмбетжан иеленді. Бірінші орынға Астана қаласы, К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің төртінші курс студенті Аяна Сатаева лайық деп танылды. Ал бас жүлде Алматы қаласы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Аян Хайрулла мен магистрі Ләззат Ақиқатқа берілді.

           Жеңімпаздарға жүлделерді әділ қазылық еткен өнер қайраткерлері табыстады: бас жүлдені алған екі күйшіге — 250 мың теңгеден, бірінші орынға — 400 мың теңге, екінші орынды алған екі күйшіге — 300 мың теңгеден, үшінші орынға ие болған үш күйшіге — 200 мың теңгеден ақшалай бәйге табысталды. Ал арнайы жүлделерге ие болғандарға — 85 мың теңге берілді. Байқауға қатысқан он жас күйшілерге Алматы қаласында тұратын белгілі күйші, кәсіпкер Алтынбек Үмбетовтің демеушілігімен әрқайсысына 50 мың теңгеден ақшалай ынталандыру сыйлығы берілді.

               Бас жүлдені иеленіп, озық шыққан күйшілерді марапаттаған аудан әкімі Жанболат Жидеханов:

               — Қазақ халқы үшін күй — жүректің үнін жеткізетін, атабабамыздың тарихын сөйлететін киелі өнер. Күйшілік — тек сазгерлік қана емес, ол даналық пен терең түсінікті талап ететін ерекше қабілет. Бабаларымыздың әрбір күйі ұлттық рухымыздың айнасы іспеттес, ал ұлы күйшілеріміздің қалдырған мұрасы ұлт мәдениетінің асыл қазынасы, — дей келе, бүгін осы өнерді биікке көтеріп, Қазанғап Тілепбергенұлының күйін орындаған жас таланттарға алғысын білдірді. Және әділ қазылық еткен өнер қайраткерлеріне аудан халқының атынан рахметін айтып, иықтарына шапан, камзол жауып, сый-сияпаттар жасады.

Қыдыралы ӘЛИН,

«Шалқар».