Әмірқан 30 жылдан бері орманшы

Қапсағай денелі, кең жауырынды бұл жігіттің сан жылдар бойы аяқ талдырып, күнделікті жүретін жолы Шалқар көлінің батыс жағалауы. Ол таби­ғат жанашыры, тақыр жерге тамыры бойлаған жасыл желектердің қамқоршысы.  Еңбек жолына үңілсең, табиғат көркін сақтаудағы осындай табанды еңбегін ғана көресің.

    Әмірқан Тақаев «Үлкен-Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінде 1995 жылдан бері табан аудармастан жұмыс істеп келеді.  Бүгінде ол осы іргелі мекеменің тәжірибелі, алдыңғы буын орманшыларының бірі. Оның қарауына бекітілген Шалқар көлі жағалауында қазірде 1419 га. жерде сексеуіл, қаратал, жыңғыл ағаштары көкке бойлап өсіп келеді. Күнделікті жұмысы көл жағасына сән берген осы ағаштардың өсуін, өртке оранбауын, суық қолды адамдардың оларды кесуіне, бүлдіруіне жол бермеуін қадағалаудан басталады.

—«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзді жастайымыздан жадымызға жаттап өстік. Есейе келе еңбек жолымыз дала жұмысымен тығыз байланысты болғандықтан, қара жерден нәр алып, жапырағын жайған әр талдың еш кедергісіз биіктеп өскенін шын ниетіңмен күтесің. Сол аумақтағы қураған ағаштарды уақытылы жиыстырып, өрттің алдын алу мақсатында қажетті шаралар жасаймыз. Тізе берсек орманшыларға жүктелген міндет орасан, нағыз орманшының көкейінде алдында бой көтерген талдардың «тарихы» сайрап тұруы тиіс. Табиғатты қорғау қоғамның басты парызы. Сондықтан да орманды қорғау мәдениеті — бала кезден санада қалыптасып, отбасында, мектепішілік тәрбие сағаттарында жиі насихатталса екен. Жер ана көркіне аяушылық танытпай, жасыл желекті отай салатындар қоғамда кейде кездесіп жатады. Тамырланған әрбір тал ағаштың артында қаншама адамның есіл еңбегі, сабыр- төзімі тұрғанын ұмытпасақ екен,  — дейді орманшы Әмірқан.

          «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында  облыс елді мекендерінде 60 миллионнан астам ағаш отырғызуды міндеттеді. Осыған орай орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жиі шаралар қабылданып, оның аясында өлкеміздегі «Үлкен-Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің автопаркі де жаңарған.

      —Жаңадан жұмысқа қабылданған әрбір жас буынның санасында жұмыс барысында өзіне жақын тұтып, қамқорлығы жадыңда жатталатын жандар болады. Мен алғаш еңбек жолымды бастаған тұста жауапкершілігі мол осы ортаға үйренуіме көмегі тиген ақылшы аға буын өкілдері болды.  Солардың қатарындағы Рая Асанова апамызды, Ержан Бекмағамбетов ағамызды айрықша атап өткім келеді. Олар жастарға білгенін айтудан жалыққан жоқ, жігерлендіре отырып жұмысқа жетеледі, жақсы маман болып қалыптасуымызға жол көрсетті. «Үлкен-Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің директоры Исатай Көмекбаевтың да басшылық қабілетін, жұмысшы маманмен тең сөйлесетін қарапайымдылығын үлгі тұтамыз. Біздің мекемеге жылдың төрт мезгілінде де жүктелер міндет жоғары. Ала жаздай жаңа отырғызылған ағаштардың тамырлануын бақыласаң, күзде олардың дәндерін жинап, мекеме ауласындағы тәлімбақта өскін ретінде отырғызып,  қыстай баптап, көктемгі егуге әзірлейсің.

       Орманшылар жылдың ыстық-суығына қарамай айлап далада жұмыс істейді. Ауданымыздың Арал аймағы беткейіндегі  2500 га. аумақта  сексеуіл ағаштары өсіп келеді. Сексеуіл баяу өсетін қасиетті ағаш. Ол жерді құнарландырады, ауадағы тұзды бойына тартып, экологиялық теңдікті сақтауға септеседі. Сол үшін сексеуіл — біздің өңірдің табиғатының ажырамас бір бөлігі, табиғи байлық қорымыздың бірегейі болып бағаланады,— дейді орманшы аға.

       Әмірқан Шудабайұлы орман шаруашылығындағы ширек ғасырдан астам еңбек жолында басшылықтың бірқатар марапаттарын да иеленген. Олардың қатарында салалық III дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісі, «Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорын қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы т.б. бар.  

М. БОҚАН.