Зеңгі баба төліне зейін қойғандар

Адал азамат — Адал еңбек

Асылтұқымды мал — табыстың қайнар көзі. Сондықтан төрт түлік тұқымын асылдандыру — мал шаруашылығын өркендетудің бірегей жолы. Осының маңыздылығын ұғынып, тиімділігін түсінген жергілікті шаруалардың соңғы кезде малдың санынан гөрі сапасына деген ұмтылысын байқайсың. Шаруалар мал тұқымын асылдандырсаң, еңбегің зая кетпейтінін, атакәсіптегі бәсекелестікте төрт түліктің сапасы арқылы басым түсуге болатынын айтады…

Асылтұқымды ірі қара өсіретін қожалық

Нұрболат Нұрғалиев туған ауылы Байқадамдағы орта мектепті бітіргеннен кейін қатар-құрбылары секілді қаланың тірлігіне араласып, бірнеше жыл облыс орталығында тұрып, жеке шаруашылықпен шұғылданады. Өмірлік серігі Гүлназ Тұрғанбаеваның мамандығы — дәрігер. Жанына жақын осы кәсібі бойынша оның кезінде Ақтөбе қаласында тым-тәуір қызметі де болған. Алайда жас отбасы келешегін іргелі істердің ұйытқысы болумен байланыстырады және сол биікке ауылда тұрып та жете алатындықтарына сенеді. Мемлекеттің ауылшаруашылығы саласына жасап жатқан қолдауынан  жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сеніп, шаһардағы қонысын  өзгертеді.Қазір Нұрболат пен Гүлназ Байқадам ауылында тұрады. 2020 жылдан бастап Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Дастан» шаруа қожалығына жетекшілік ететін олар бүгінде асылтұқымды мүйізді ірі қара өсірумен өлкемізге таныла бастады. Шаруашылық малы қыста құм бойындағы Бекеш қыстағын, жазда Байқадамның күн батысындағы Мұзбел жерін жайлайды.

— Біздің қожалық асылтұқымды мүйізді ірі қара өсірумен және шөп шабумен шұғылданады. Осы шаруашылықты ашқан жылдан бастап шабындық жұмысына араласып, ауданымыздың қысқы мал азығын дайындауына  үлесімізді қосып келеміз. Өзімізге тиесілі 9 мың гектар шабындық жеріміз бар, оны шауып, таситын арнайы техникаларымыз да жеткілікті. Мал азығын әзірлеу маусымында көбіне ауыл жастарын жұмысқа тартамыз. Өзге жерлердегідей биыл біздің Мұзбел жазықтығында  да шөп шығымы жақсы болды. Біз бір орама шөптің бағасын 8000 теңгеге бағалап отырмыз, шөпшілер қосыны  мен округ орталығының арасы 90 шақырымға созылып жатыр. Орама шөпті көбіне Байқадам ауылы мен оған жақын маңдағы ауылдық округтегі шаруалар алады, — дейді Нұрболат Нұрғазыұлы.

Біз осы Мұзбел бағытына жасаған сапарымызда шабындыққа барар жолдың іргесіндегі құдық басында екі бүйірі бұртиып, күйіс қайырып жатқан «Дастан» шаруа қожалығының асылтұқымды табын сиырын көрдік. Жаз бойы жайлауда еркін жайылған малдың жақсы қоңданып, қыс­тан да қысылмай шығатындығы белгілі. Сол үшін ерте көктеммен сонау 100 шақырымдағы Ұлықұмның іргесінен осында сиырды жеткізу бұл қожалықтың жылдағы дәстүрлі ісіне айналған. Осы шөбі шүйгінді кең өрісте шаруашылық сиырлары күн әбден суытқанша  жайылады. Кеңестік кезеңдегі шопандардан қалған ескі құдықтың суы жүздеген сиырдың мейірін қандыруға жеткілікті. Бір тетікті баса қалсаң, құдықтан су айдайтын насос күннен қуат алатын батареямен қосылып тұр. Құдық басындағы күнделікті істің осындай үйлесімділігін көріп, бұрынғы малшылар кешкен күйкі тірліктің қазір едәуір жеңілдегенін сезесің.

— Мал бағуға барынша жағдай жасалса да, бүгіндеқожалықтарда малшыға деген мұқтаждық бар. «Мал баққанға бітеді» демекші, атакәсіпті серік етсең, ырысты боларың сөзсіз. Қазір қожалығымызда жүздеген сиырымыз бар. Осы жылы Алға ауданының «Алақозы» шаруа қожалығынан 92 бас асылтұқымды ақбас сиырын және 4 бас аталығын әкелдік. Ол үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 28 миллион теңге несие алып, өз қорымыздан 11 миллион теңге қаржы жұмсадық.

Кәсібіңді түрлі бағытта дамыта білсең, оның нәтижесі де берекелі болмақ. Ол үшін ізденіс пен адамға таудай талап қажет. Халқымыз «Мал өсірсең қой өсір — пайдасы оның көл-көсір» деп бекер айтпаған ғой. Алайда ұсақ малдың бейнетінен қашып, көбі қазір Шопан ата төлін азайтты. Біз енді асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуды жоспарлап отырмыз.  Туған мекен баурайында 500 бас қойды өрістеткім келеді. Осыған әзірлік ретінде былтыр қыстақтан көлемі 450 шаршы метр болатын кашар тұрғыздық, енді 300 шаршы метрлік екінші кашар саламыз, — дейді Нұрболат Нұрғазыұлы.

Атакәсіпті уақыт ағымымен үндестіріп, өлкеміздің әлеуметтік әлеуетіне үлесін қосқан «Дастан» шаруа қожалығы биыл қазақтың ақбас сиырының асылтұқымды палатасына тіркеліп, мәртебе алған.

«Жаңбырдың» жалақысы — жарты миллион

Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты «Жаңбыр» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылған. Қожалық иесі Асқар Құрмановтың әкесі Қойшыбай ақсақал — кезінде Жаңақоныс кеңшарында ұзақ жыл зоотехник болып қызмет істеген ауылшаруашылығы саласының кәнігі маманы.Түздегі шаруаны бес саусақтай білетін 83 жастағы ақсақал жеке қожалығындағы жұмысты кенже ұлы Асқардың ақсатпайтынына сенеді. «Баға білсең мал — ырысың» деп, ол шаруашылықтағы балаларына ұдайы ақыл-кеңесін айтып отырады.

Қожалық 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 58 млн теңге несие алып, оған Ресей елінен 68 бас асылтұқымды сиырлар және шөп шауып әзірлейтін арнайы құрылғылар мен трактор сатып алған. Кезінде төрт түлікті тең өргізіп, бүгінде біреуіне ғана күш салған шаруашылықтан қазір етті бағыттағы табын сиырды ғана көресің.

— Алдымыздағы ақбас тұқымының қазақы сиырлардан айырмашылығы біздің жердің табиғатына тез төселуінде дер едім. Төрт түліктің  қай-қайсының да сыры қыс мезгілінде аян. Қыстағымыз құмның бойындағы №30 теміржол бекетінің маңындағы Қаратал деген топырағы құйқалы жер. Қақаған қы­стың атан түйені алып жығар

аязы­­нда да ақбас сиырлар қолға тұрмай, өз аяғымен қыстай жайылып шығады. Кейде қоңы түспесін деп, алдына қолдан шөп шашамыз. Бірақ олар оған беттегісі келмей, өріске ұмтылады. Қалың қарда да өз аяғымен түзде жайылған малдың көктемде де ширақ болатынын жақсы білеміз.  Ірі қара малың қыстай қолға қарар болса, оның жемшөбін тауып беруің де қиямет. Біз ондай қиындыққа кезіккен жоқпыз, міне, ақ­бас сиырлардың басты артықшылығы — осы.Жаз жайлауымыз бен шабындығымыз Қопасор ауылының батыс беткейіндегі Ақсай деген жерде. 2020 жылы мемлекеттік бағдарламамен жайлау басынансу ұңғымасын қаздырттық. Осы жерде қыстың алғашқы қары түскенше сиырымызды жаямыз. Ал бұларды өткізуге келгенде Ақбас сиырдың салмағы бар еңбегіңді ақтайды, — дейді Асқар Қойшыбайұлы.

Округ бойынша ұйымдастырылатын қоғамдық мәдени іс-шараларға қолдау танытып, қайырымдылық істерден қалыс қалмайтын «Жаңбыр» шаруа қожалығының жайылымы мен шабындығына тиесілі 11 500 гектар жері бар.  Осы науқанға тыңғылықты кірісетін шаруашылық жыл сайын өздерінен артылған шөппен өзге ауылдарды қамтиды.

Қазір қай салада да жұмысшы көзі тапшы. Оның ішінде ауылшаруашылығы техникаларын тізгіндейтіндер қат.

«Жаңбыр» шаруа қожалығының шабындығында шөп шауып жүрген тракторшы бізге есімін Нұрлыбек деп таныстырды. Қапсағай денелі жігіт Ойыл ауданының тумасы екен.

— Осы қожалықтың шөбін қараша айына дейін шабамын. Астымдағы техникам тың, әзірге бейнет көріп жатқаным жоқ. Ауылда бос жатқанда не бітіремін? Шаруашылық иелері бұл еңбегіме ай сайын 500 мың теңге төлейді, —  деді ол.

Шалғайдағы шабындықта шаң жұтып, желдің өтінде жүргендердің бейнеті батпан. Төзімділікті талап ететін түздегі істің тізгінін ұстағандардың мерейін жоғары еңбекақымен арттыра алсақ, кәнеки…

Үкіметте мал шаруашылығын өркендетудің тиімді тетіктері жиі талқыланады. Соның бірі — мал басын асылдандыруға басымдық беру. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Бүркітовтің сөзінше, қазір Шалқар ауданы бойынша  47 746 бас мүйізді ірі қара бар. Биыл мүйізді ірі қараны асылдандыру бойынша  45 қожалық — 151 бас асылтұқымды бұқа, екі қожалық 116 бас асылтұқымды аналық қашар  әкелген.

Зеңгі баба төлінің сапасына зейін қойған қожалықтардың барлығы субсидия қаражатына қол жеткізгенМұның барлығы мемлекеттік бағдарламалардың тікелей жемісі екені талассыз.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.