Осыдан 50-60 жыл ілгері уран мен одан жасалатын ядролық отын қауіпті болған шығар. Қазір одан қатер жоқ. Ғылым мейлінше дамыды, атом элементтері ел игілігіне игерілді. Таяуда «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкиймен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Сергей Владимирович, зауыт бағыты туралы қысқаша айта кетсеңіз.
– Ұзақ уақыт бойы «ҮМЗ» АҚ уран өндірісінің соңғы өнімі – отын таблеткаларын шығарып келеді. Әлемде мұндай кәсіпорындарда толық технологиялық цикл бар, оның соңғы өнімі реакторға құюға дайын отын – отын жинағы болып саналады. Біздің зауыт 1977 жылдан бері уран түйіршіктерін шығарады. Әрине, қазір заман талабына сай жаңардық.
– Уранды өндіру мен байыту елімізде қазір қай деңгейде жүргізіліп жатыр?
– Елімізде уран қоры мол. Әлемде уран өндірісі бойынша екінші орында тұрмыз. Геотехнологиялық полигонда уран тікелей өндіріледі. Оған жер асты шаймалау әдісі пайдаланылады. Ғалымдар бұл тәсіл қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әрі өнімділік жағынан ең тиімді әдіс екенін айтып жүр. Ұңғымалар арқылы уранды жер астында ерітіп, дайын өнімді еріткішке дайындап, сору ұңғымасы арқылы арнайы ерітінді қабылдау мен тарату қондырғысына жеткізеді. Жер астынан алынған сұйықтық бірнеше сатыда химиялық өңдеуден өтеді.
Одан кейін табиғи уран отын жобасы шеңберінде Ресейге конверсияға (уран гексафторидінің өндірісіне), одан кейін байытылуға жіберіледі. Ядролық отынды алуға табиғи уранды уранның гексафториді түріне көшіру қажет және 235U изотопы 5% төмен деңгейге дейін уранды байытуды жүргізу керек. Байыту үдерісі бірнеше ай жүреді. Әрі қарай байытылған уран өнімі ұнтақ пен отын таблеткасын өндіруге «Үлбі металлургия зауытына» жеткізіледі.
Қазір елде уран өндіру едәуір артты. Былтыр 21 112 тонна өндірілсе, биылғы жоспар – 22 500 тонна. Әзірге өндірілген табиғи уранның басым бөлігі өзге елдерге экспортталады. Ядролық отынның 40-45%-ы Азияға кетсе, қалғаны Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтіледі.
– Кәсіпорында ядролық отын қалай өндіріледі?
– Отын таблеткасы – ядролық отынның негізгі компоненті. Бұл 235U изотопы бойынша байытылған уран диоксиді ұнтағын нығыздау, одан әрі қақтау әдісімен өндіріледі. Отын таблеткаларын шығарудың технологиялық үдерісі – өте күрделі, жоғары технологиялық өндіріс. Таблеткаларды дайындау екі кезеңнен тұрады. Алдымен уран гексафторидінен керамикалық сұрыпты уран диоксидінің ұнтағын шығару іске асырылады, бұдан кейін алынған ұнтақтан ұнтақты металлургия әдісімен таблеткаларды дайындау жүргізіледі.
Таблеткалар тегістеу, кептіру, геометриялық өлшемдерін және сыртқы түрін бақылау операцияларынан өтеді. Ұзындығы, диаметрі, ақауларының болуы бойынша бақылаудан өтпей қалған таблеткалар өндірістік үдеріске қайтарылады.
Өндірістік таблеткалардың бір бөлігі «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытына жіберіледі, мұнда заманауи технологияларды қолданумен оларды қуыс құбыршаларға – жылу бөлетін элементтерге (твэлдер) салады. Бұдан әрі твеэлдер жылу бөлетін құрамаларға жиналады. Жылу бөлетін құрамалар – соңғы өнім, ядролық реакторда жылу энергиясын алуға арналған жоғары технологиялық, машинақұрастырушы бұйым.
– Зауытта өндірілген ядролық отынның басқа елдер мен компанияларда өндірілетін ядролық отынмен салыстырғанда қандай айырмашылығы бар?
– Үлбі металлургия зауыты отынының сапасы оны өндіру технологиясы иелерінің сертификаттарымен расталады. Бұрын «ҮМЗ» АҚ кеңес және Еуропа елдерінің АЭС қажеттіліктері үшін Ресей дизайнындағы ВВЭР және РБМК реакторларына арнап отын таблеткаларын шығарған. 2011 жылдан бастап зауыт Қытай атом стансаларына француз дизайнындағы отын таблеткаларының сертификатталған жеткізушісі атанды. 2021 жылдан бастап «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС біріккен Қазақстан Қытай кәсіпорнында («Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ – 51% («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес компаниясы) және CGNPC-URC – 49%) AFA3GTM дизайнындағы жылу бөлетін құрамалары шығарылады. Өнім CGN қытайлық корпорациясына тиесілі ҚХР атом стансаларына жеткізіледі.
– ҮМЗ-де дайындалған ядролық отынды Қытайдан басқа елдердегі АЭС реакторларында пайдалануға бола ма? Ол барлық реакторға жарамды ма?
– Иә, егер реактор AFA3G™ француз дизайнындағы жылу бөлетін құрамаларда жұмыс істесе, әрине, болады. Сәйкес дизайн таңдалған жағдайда ҮМЗ-де отын жинағын дайындау әбден мүмкін. Қытайдың, сондай-ақ Францияның да ұқсас реакторы болса игі. Егер ресейлік немесе корейлік дизайн таңдалса, оны жасай алмаймыз. Өйткені ол үшін басқа жинақтарға арналған жаңа өндіріс орнын ұйымдастыру қажет. Бірақ жоба экономикалық жағынан тартымды болуы үшін өндіріс қуаты жылына кемінде 200 тонна болуы керек. Отандық атом электр стансасының қайта жүктеуі небәрі 35 тонна (бір реактор) болатынын ескерсек, оны сатып алу оңай әрі арзан болады.
Әйтсе де, отын жинағын құрастыру зауытында орнатылған қондырғы жылына 400 тонна уран эквивалентін шығаруға есептелген. Әзірге 200 тоннаны жария еттік. Көлемді ұлғайтуға кәсіпорын жұмыс режімін өзгерту керек, яғни екі ауысымда жұмыс істеуге көшеміз. Ол үшін бірқатар әріптестермен келісім және үйлестіру жұмысын жүзеге асыру керек.
– Егер АЭС салу туралы оң шешім қабылданса, болашақ атом электр стансасы үшін отын өндіруге ҮМЗ дайын ба?
– Атом стансасын салуға байланысты оң шешім қабылданған жағдайда, еліміз белгілі бір шарттарда оны өзінің ядролық отынымен қамтамасыз ете алады. Қазір «ҮМЗ» АҚ қатысуымен біріккен кәсіпорнының қуаттарында AFA3G™ француз дизайнындағы жылу бөлетін құрамалар шығарылады. Егер стансаға отынның осындай түрі қажет болса, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндігіміз бар.
Тіпті, басқа реактор құрылымы, сәйкесінше басқа дизайнды отын таңдалса да, «ҮМЗ» АҚ технологияны түзеткен соң отын таблеткаларын, яғни жылу бөлетін құрамаларды дайындау мақсатында құрамдас бөліктерді шығара алады. Бірақ кез келген жағдайда еліміздегі АЭС үшін ядролық отынның компоненттерін өндіру, сондай-ақ AFA3G™ дизайндағы жылу бөлетін құрамаларды шығару үшін ҮМЗ-де барлық қажетті технологиялық мүмкіндіктер мен кадрлық кәсіби құзырет бар.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»