Қазақстанның табиғи ресурстарға бай екенін ескерсек, оның ішінде уран қоры бойынша әлемде көш бастап тұрғанымыз бізге үлкен артықшылық береді. Осы ресурсты өз игілігімізге жарата отырып, атом энергетикасын дамыту – заман талабы.
Біріншіден, атом энергиясы көмір немесе газ сияқты дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда экологиялық тұрғыдан әлдеқайда таза. Атом станциялары парниктік газдардың атмосфераға шығарындыларын азайтып, климаттың өзгеруіне қарсы күреске үлкен үлес қосады. Бұл біз үшін, әсіресе, көмірге негізделген экономикадан жасыл экономикаға көшу кезеңінде, аса маңызды.
Екіншіден, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайту үшін атом станциясы таптырмас шешім. Қазіргі кезде біз сырттан келетін энергия көздеріне тәуелдіміз, ал атом станциясы ішкі қажеттіліктерімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрақты және үздіксіз энергия көзі ретінде атом электр станциясы өнеркәсіптің дамуына, өндірістің тұрақтылығына әсер ететін болады.
Сонымен қатар, атом энергетикасын дамыту – жаңа технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарының алға басуы және жоғары білікті мамандардың көбеюі деген сөз. Бұл өз кезегінде еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттырып, болашақта инновациялық экономикаға көшуімізге ықпал етеді.
Әрине, атом энергетикасына қатысты қоғамда қауіпсіздік мәселесі бойынша алаңдаушылықтар бар. Бұл орынды, себебі атом станциясын салу және оны басқару үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау, халыққа дұрыс ақпарат беру және мамандарды сапалы даярлау – басты міндеттердің бірі.
Атом электр станциясы – еліміздің энергетикалық болашағын қамтамасыз етудің сенімді жолы. Технологиялық даму жолына түскен Қазақстан үшін бұл – жаңа мүмкіндіктер мен экономикалық тұрақтылықтың кепілі болмақ.
Гулдерай ЭБИЛОВА, Тоғыз орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі.