САМАТТЫҢ САДАҚТАРЫ СҰРАНЫСТА

Садақ ату — халқымыздың қанына сіңген өнер. «Садақ пен қазақ» егіз ұғымға теңеліп, ежелден ұлтымыздың бес қаруының біріне саналған. Кешегі кеңестік кезеңде бұл қымбат мұрамыз көмескіленгенімен, қазір садақшылық өнер қайта жанданып келеді. Жастар арасында да осы жауынгерлік өнерге ынталылар қатары артқан. «Әр мектепте садақ үйірмелері болса екен…» деген де пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл өнерді өрлету үшін алдымен оның сапасы мен бағасы да тұтынушыға қолайлы болғаны дұрыс дейді садақ ісімен айналысатындар. Алайда дайын садақтар сырт елдерден келетіндіктен, оның нарықтағы  бағасы да қымбаттау.

«Ел іші — өнер кеніші» демекші, қолдау болса садақ жасау ісін отандық шеберлер де ілгерілетер  еді. Теміржол бойындағы Шоқысу бекетінің тұрғыны   Самат Жорғабаевтың  шағын шеберханасындағы садақ жасау ісін көріп, біз осылай ой түйдік.  Ердің жасы елуге таяған, қолы ұсынақты жігіт ауылындағы  Шоқысу негізгі орта мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс істейді. Жастайынан үйіне құрал-сайман жиған ол  қазір ауыл-аймаққа ағаштан түйін түйген шебер ретінде де  белгілі. Әрбір жасаған бұйымын ұлттық нақышта безендіріп, дәстүрлі ою-өрнекті ағашқа ұқыптылықпен таңбалаған туындылары көрер көзге тартымды.  

 —Абай атамыз: «Мал керек болса — қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» демей ме?! Аядай ауылдағы менің есімімді әйгілеген бойымдағы осы азғантай өнерім деп есептеймін. Ауылдың күнделікті тірлігінен босағанда шеберханама асығу үйреншікті  әдетіме  айналды. Тапсырыс ретіне қарай ағаштан  оюланған тостағандар, қонақ күтуге арналған заманауи үстелдер, бесіктер, қазақтың ұлттық асы — ет салатын ағаш астау табақтарын жасаймын. Кейінгі уақытта көшпенді халқымыздың иығынан түспеген қасиетті қару — садақ әзірлеуге бекіндім. Негізінен қаруға тән әр бұйымды жасайтын ісмердің оны қолдану тәсілінен де хабары болғаны жақсы. Оны іштей сезініп, жан дүниеңмен жасасаң, міне, сол кезде туындың таза шығады. Халқымыз дәстүрлі садақ жасау ісіне асқан ұқыптылықпен қараған, оның көркемдік сипатына, этноайыру белгісіне, қару ретіндегі айбарына айрықша мән берген.  Кешегі кезде бұл қарудың насихатталуына тосқауыл қойылуымен бірге оны  дайындау ісі де елімізде ұмытыла бастаған.

Осы кенжелеп қалған өнерді қолға алуыма — өзімнің намыс-жігерім себепші болды десем болады. Осыдан үш жыл бұрын аудан орталығында  Құрбан айт мерекесі тойланып, оның орта тұсында әуесқойлар арасында садақ ату сайысы ұйымдастырылды. Садақ атуға ниетті әрбір ойыншыға үш оқтан беріледі екен. Мен де бағымды сынап көрейін деп жастармен жағаласып суырылып ортаға шықтым, алайда санаулы оғым «теректен де, бұтақтан да» алшақтап айдалаға лақты. Сол шарадан  ауылыма намыстанып қайттым. Түбі осы садақ атуды үйренемін деп, өзіме жолай серт бердім. Содан садақ іздейін деп әлеуметтік желіні ақтарсам, еліміздегі садақтардың көбі тапсырыспен шетелдерден келеді екен. Бағалары да шарықтап тұр, қолжетімдісінің өзі — 50, 60 мың теңге, сапасына қарай бағасы одан сәл төмендері де бар. Ал жақсы ағаштан жасалған Түрік, Венгр және көрші Ресей елінде жасалынғандарының бағасы — 250, 300 мың теңгеден бастап жоғарылай беретініне көзім жетті. Садақтың негізгі құрылымы ағаш қой, неге өзім жасап көрмеске деп, оның жасалу жолын іздей бастадым, — дейді шебер.

 Дегенмен оның «үйренемін», «садақты өзім жасап аламын» деген әу бастағы талабы еш зая кетпепті, қазір Самат садақ атудан кәдімгідей тәжірибе жинақтаған. Аудан орталығында өтетін садақшылар сайысына ауылынан шәкірт ерте келіп, талай мәрте топ жарды. Төріне ілінген жігерлі сөз бен жылы лебіз жазылған Мадақтамалар мен Дипломдар Саматтың алда да жеңістерге жетелейтініне кәміл сенесің.

Енді оның алғашқы садағы қалай жасалғанына ойысайық. Бәріміздің де қалта телефонымызда күнделікті тірлігімізге, жасап жүрген жұмысымызға сай кеңесетін, жақын пікірлес адамдарымыз болады емес пе?! Сол секілді     Саматтың ұялы телефонында еліміз бойынша құрамына 250 адам топтастырылған «Өзіміздің шеберлер» атты чат бар екен. Сұрастырса, бұл топтағылар да садақтың жасалу жолын нақты білмейтін болып шығады. Көп ізденген Сәкең ақыры садақ істеуді ютуб каналдан үйренеді.

 —Осы кәсібімде бір байқағаным —  елімізде садақ жасайтын шеберлер саусақпен санарлық екеніне анық көзім жетті. Содан өз бетімше әрекеттенуге тура келді, қайың мен қарағашты қолданып, ең бірінші арнайы ұстайтын тұтқасы бар еуропалық үлгідегі садақты жасап шығардым. Дәстүрлі садақты жасауға кез келген ағаштың жарамайтындығын кейіннен білдім.

Осы ретте маған Алматы облысының Ұзынағаш ауданында тұратын Қытай елінен келген қандасымыз Жалын Қабылан есімді азаматтың көмегі көп тиді. Ол жас болса да он саусағынан өнері тамған ұста жігіт. Екеуімізді табыстырған да осы — ісмерлік жолдағы ізденісіміз. Жалын 2018 жылы Шымкент қаласында оқып жүрген студент кезінде мен оған арнайы барып, ағашқа ою салу, ағаштан қашап табақ жасаудың жолдарын үйренген едім. Қытай тілін жетік білетіндіктен, садақ дайындауға қолданылатын шыны талшықты ағаштарды, өзге де шеберханама қажетті құрал-жабдықтарды осы Жалын арқылы алдыртамын. Садақ оқтарын қарағай, қайың ағашынан жасаймын, жебесі мен қанаты да Қытай елінен келеді. Садақ оғының өзі: масағы, қанаты, сабы, жебе басы, ұшы, қыры, ысқырғышы, ұңғысы деп бірнеше бөліктерден тұрады. Жалпы садақ құрылымын жатқа білуді өз міндетіме санап, қолым босағанда  белгілі ғалым Қалиолла Ахметжанның авторлығымен шыққан «Жараған темір кигендер» (Алматы, «Жазушы», 1970) атты батырлардың қару-жарағы, әскери өнері және салт-дәстүрлер мазмұнындағы кітабына жиі үңілемін,— дейді ол.

 Самат  тұратын тоқсан түтіні бар   Шоқысу бекеті аудан орталығы Шалқардан жырақтау орналасқан мекен. ­Дегенмен ұлттық өнерді жоғары бағалайтын ауыл азаматы аймақтағы садақшылармен ұдайы тығыз байланыста жүреді.    

—Самат Сұлтамұратұлын садақшылық қырынан жақсы білемін. Оның  жасаған туындыларын да көрдім, ыңғайлы, өзге елдерде жасалатын садақтардан айырмашылығы жоқ. Бірақ, мынаны білуіміз қажет, садақ — әуесқойлық немесе алыс қашықтыққа белгіленген сайыстарға қолданатын болып бөлінеді. Сондай-ақ оны қолданушының қуат-күшіне байланысты үлкен-кіші, ұзын-қысқа болып тақталатыны тағы бар. Адырнасы  берік, иіні ұзын садақпен жақын нысанды да көздей алмауың мүмкін. Бұл ретте Саматтың қолынан шыққан садақтар жақын қашықтықты көздеуге және осы өнерді алғаш үйренушілерге өте ыңғайлы әрі бағасы да қолайлы, — дейді Ақтөбе облыстық «Jaujurek» дәстүрлі садақ ату федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Сәндігүл Әленова.

Қазір  Саматтың дайындаған садақтары 20, 25 мың теңгеге бағалануда. «Өнер сатылмайды, бағаланады» демекші, оның қол еңбегін бағалап, еліміздің әр өңірінен тапсырыс беретіндер бар. Шебердің туындысы уатсап желісінде, Olx.kz хабарлама тақтасында жарнамаланады.

Ұлттық рух пен патриоттық сезімді қоғамға бабаларынан мирас болған қолөнерімен  сіңіруді мақсат еткен ауыл шеберінің қадамы көпке үлгі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, «Шалқар».