Астана күніне арналған мерекелік шара қаламыздағы орталық саябақта аталып өтті. Алдымен аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз алып, заман талабына сай бой көтерген, әлемге танылған елордамыз бүгінде елдің мақтанышына айналғанын айтты.
— Астана — елдігіміздің нышаны, береке-бірлігіміздің ұйытқысы, абыройымыздың айғағы. Жас елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған әз Астанамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз. Қазақстанның елордасы, бүгінгі Астана — қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Астана — болашағы жарқын қала. Сондықтан да еліміздің бас қаласы одан әрі гүлдене берсін. Сіздерді осы тамаша мерекемен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құтбереке, еңбектеріңізге табыс, елімізге бейбітшілік пен баянды болашақ тілеймін, — деп, өзінің құттықтау лебізін білдірді.
Аудан басшысы ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлесін қосып келе жатқан «Қопа» шаруа қожалығының төрағасы Сәрсенғали Көпеновке ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін, көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына белсене атсалысқан жеке кәсіпкер Сағыныш Көшетовке төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасын тапсырды.
Сондай-ақ республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің III орын иегері Төребековтер, II орын иегері Елеукеновтер, I орын иегері Төлебаевтар отбасыларын Дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтың Сертификатын салтанатты түрде табыстады. Және ауданның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға Алғыс хаттар берді.
Сахна төрінде ауданымыздың өнерпаздары Астана, туған жер туралы әсем әндер шырқап, мың бұрала билеп, шараға жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».