БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ЕЛІМІЗДЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ. ЖУРНАЛИСТЕР ҚАУЫМЫНЫҢ ОСЫ АЙТУЛЫ КҮНІ МЕРЕЙІ АРТЫП, АҚПАРАТ МАЙДАНЫНА НЫҚ СЕНІМ, ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАДАМ БАСТЫ. ҚОҒАМДА ҰЗАҚ ТАЛҚЫЛАНҒАН «МАСС-МЕДИА» ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА КҮШІНЕ ЕНУІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ САБАҚТАСЫП ТҰРҒАНДАЙ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданың төрінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосып, салтанатты жиын өткізуінің мәні де тереңде. Бұл алқалы басқосуда сөз бостандығы, журналист мәртебесі, оның құқығының қорғалуы, дәстүрлі БАҚ пен баспасөз болашағы туралы келелі ойлар айтылды.
— Журналист — мәртебелі мамандық. Ол — ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай.
Біздің мақсат-мұратымыз — ортақ. Бұл — баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл — бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады, — деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл — өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр. Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз» деді. Осы мерекеде облыс орталығында аймақ басшысы Асхат Шахаровтың қатысуымен салтанатты шара өтіп, аталған мамандықтың өкілдеріне құрмет көрсетілді.
«Сіздердің жұмыстарыңыз күрделі әрі «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл — өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр. Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз». Журналистердің ақпаратын қоғам қалай қабылдайтыны көбінесе бір сөзге, бір сөйлемге, тіпті бір санға байланысты. Сондықтан біз еңбектеріңізді әрдайым бағалаймыз және бағалай береміз. Өйткені, БАҚ өкілдері билік пен бұқараның арасындағы көпір, қабылданған шешімдер мен атқарылып жатқан жұмыстарды хабардар етуде айырықша миссияға ие», — деп атап өтті әкім.
Марапаттау рәсімінде «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қыдыралы Әлин облыс әкімінің қолынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін алды. Сондай-ақ, облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хаты мен арнайы сыйлығы «Шалқар» газетінің редакторы Мұхтар Мырзалинге берілді.
Бұндай марапаттаулар ауданымызда да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов 90 жылдық тарихы бар «Шалқар» газеті редакциясы қызметкерлерін арнайы қабылдап, аудан тарихымен үзеңгілес басылым қай кезде де уақыт үнімен үндесіп, бұқара мен биліктің ортасында алтын көпір болып, оқырман алдындағы өз міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқандығын айтты. Өткен жолында бірнеше аға буын қаламгерлер шыңдалып шыққан «Шалқар» газетінің аудан тарихында өзіндік орыны бар екендігін айта келе, өз атынан редакция ұжымына Алғыс хат пен сый-сияпат тапсырды.
— Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Газет — уақыт айнасы. Ол арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінін бағамдап, ауданымыздың тыныс-тіршілігін қадағалап отырамыз, — деп, газет қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі. «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қыдыралы Әлин ауданның жылнамасын жазып келе жатқан тарихы әріден басталатын басылымның бүгінгі ахуалы, бағыт-бағдарын айтып, әрдайым қолдап, шығармашылық шабыт сыйлап отырған ойлы оқырмандарына, барша баспасөз жанашырларына ризашылығын білдірді.
Мереке күні редакциямыздың ұжымын аудандық сот төрағасы Сақыпжамал Дәріқұлова, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ринат Сатаев, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергенов, т.б. құттықтап, сый-сияпаттар табыстады. Кәсіби мерекемізге орай редакциямызға хабарласып, тілегін білдірген Елубай Төлепберген, Мақсат Қосымов, Өмірзақ Жұмабаев, Сәбира Аяуова сынды баспасөз жанашырларына алғысымызды білдіреміз.
М.БОҚАН.