Жас маманның жауапкершілігі жоғары

Өткен жылы Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке орналасуда артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес, Мемлекеттік қызмет туралы заңға қажетті түзетулер енгізілді.

Сондай өзгерістердің бірі — мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалуы.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тарту, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.  

Яғни, жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу нәтижесі 3,33 GPA-дан жоғары көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан өтпей, уәкілетті органның келісімі негізінде тағайындалады.

Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде қазіргі таңда республика бойынша 200-ге жуық түлек, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 13 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданды, соның бірі —  Шалқар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекші маманы Қайсар Қалағанов.

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Ақтөбе қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жанынан құрылған тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысындамемлекеттік қызметке конкурссыз тікелей тағайындалған жас мемлекеттік қызметші Қайсар Қалағанов қатысып, ел игілігі жолында аянбай еңбектеніп, халқына адал қызмет етуге ант берді.

Шара барысында «Өткен жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін қаржы мамандығы бойынша аяқтадым. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз тікелей тағайындау бағдарламасы туралы естіп,  бұл деген туған жеріме қызмет ету үшін өзіме берілген мүмкіндік деп түсіндім. Барлығын нақты сұрастыра келіп, керекті құжаттарды тапсырып, осы жылдың ақпан айында ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекші маманы болып қабылдандым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Қазақстан — дарынды жастар мекені, жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі» екенін атап өткен болатын. Сол қолдаулардың бірі — жоғарғы оқу орнын үздік бітірген түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз тікелей тағайындау. Бұл мемлекет тарапынан жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызметте өзімді жақсы маман ретінде көрсетіп, еңбек жолымда еліме адал қызмет атқаруға білімім мен бар күш-жігерімді жұмсаймын», — дейді жас маман Қ.Қалағанов.

Ендеше, мемлекеттік қызметке қабылданған жас маманға ел игілігі жолындағы қызметіне сәттілік пен табыс тілейміз.

Найманбай САДЫҚОВ,

Шалқар ауданы әкімі аппараты персоналды басқару бөлімінің басшысы.