Мөңке бидің 350 жылдығы өткізіледі

Ауданымызға Алматы қаласынан «Тілеу-Қабақ», «Мөңке би» қорларының төрағасы Бақытжан Қосанов пен «Мөңке би» қоғамдық қорының Ақтөбе өңірі бойынша төрағасы Жоламан Алдияров келіп, Мөңке Тілеуұлының 350  жылдығына орай аудан активімен кездесу өткізді.

Жиналысқа төрағалық еткен аудан әкімі Жанболат Жидеханов Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Мөңке Тілеуұлының 350 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылданғанын айтты. Қазіргі таңда аудан көлемінде Мөңке Тілеуұлының 350 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар бағдарламасы бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Аудан активінің алдында сөз алған Б.Қосанов аталған министрліктің 24.02.2023 жылғы №60 бұйрығына сәйкес 2025 жылғы Мөңке бидің 350 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Онда әр айда өткізілетін Мөңке бидің өмірбаяны мен шығармашылық қырларын жергілікті БАҚ-та насихатталуын ұйымдастыру; Ақтөбе қаласындағы Мөңкенің ескерткіші мен Мөңке би көшесін абаттандыру; Мөңке тұлғасын насихаттайтын  дөңгелек үстелдер, танымдық сағаттар, тарихи кештер, оқырман конференциясы т.б. іс-шаралар кешенін ұйымдастырып, өткізу; Мөңке шығармаларын баспадан шығару; Астана қаласында Мөңке бидің атына көше алуды ұйымдастыру; Мөңкенің төрт күйін облыстық А.Жұбанов атындағы оркестрдің репертуарына енгізу; «Мөңке би» спектаклін жазу, түсіру және қою; «Дала данышпаны — Мөңке Тілеуұлы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу; «Мөңке мұңы» деректі фильмін түсіру; Мөңке Тілеуұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Құбыладан шыққан күн» атты республикалық айтыс өткізу шаралары жоспарланғанын айтты. Және осы іс-шараларды жүзеге асыратын мекеме, оқу орындарын, қоғамдық ұйымдарды атады, жауапты орындаушыларға да тоқталды.

Кездесуде еңбек ардагерлері Жеткерген Елемес, Қуанышбай Князбаев, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тілембаева сөз сөйлеп, өздерінің шараны өткізу жөніндегі ойларын, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу соңында аудан әкімі Ж.Жидеханов қонақтарға ауданымызға арнайы атбасын бұрып келіп, келелі кеңес өткізгендері үшін аудан жұртшылығы атынан алғыс айтты.

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».