Шалқарлық Болат Тағыбергеновты жерлестері қолынан іс келетін азамат ретінде жақсы біледі. Қандай да шаруаға икемді, елгезек жігіттің қолы бос кезі болмапты. Кезінде аудан орталығындағы газ шаруашылығы мекемесінде, теміржол саласында жұмыс істеп, еңбекке жастайынан араласады. Оның бойында шеберлік қасиет бар. Кезінде қаңылтырдан тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасауды кәсіп етіп, көптің сұранысын да орындады. Осылай үнемі ізденіс үстінде жүретін Болат қазір кәсіпкер, Шалқар қаласындағы «Жиһаз әлемі» цехының иесі. 2018 жылдан бастап үй жиһаздарын дайындау кәсібіне бет бұрған оның алға қойған жоспарлары жетерлік. Соның бірі — өзіміздің елде өндірілетін шикізаттарды пайдаланып, отандық өнімді дамытқысы келеді. Ол өткен жылы Шалқар қаласының орталығынан жалпы көлемі 126 ш.м. болатын шеберхана нысанын салды.
— Заман дамыған сайын адамдардың талғамы да жоғарылап келеді. Соның ішінде тұрғындардың үй жиһазына деген сұранысы өте жоғары. Біз сол талаптарға сай сапалы қызмет етуді басты мақсат етеміз. Цехымызда қазір үй жиһаздарының барлық түріне тапсырыстар қабылданады. Балалар мен ересектердің жатын бөлмелерінде тұратын жұмсақ дивандарын, пайдаланылған диван мен орындықтарға қайта өңдеу жұмыстарын жасаймыз. Көбіне тұтынушылар үйінің көлеміне қарай жиһаздарға тапсырыс береді. Біз жиһазға қажетті маталарды Алматы, Ақтөбе қалаларынан, ал ағаштарын Шалқардан аламыз. Цех өніміне көпшілік риза, сұраныс бар. Өзім жыл сайын шеберлігімді шыңдау үшін Алматы қаласындағы үлкен жиһаз цехтарына барып, тәжірибе алмасып қайтамын, — дейді кәсіпкер жігіт.
Қазір Болаттың жанында үш тұрақты көмекшісі бар. Соның бірі тәжірибелі тігінші Бақытгүл Шектібаева. — Осы цехта жұмыс істегеніме үш жыл болды. Уақытында жергілікті тоқыма фабрикасында тігінші болып жұмыс істедім, бертін келе ол жердегі жұмыстан қысқарып, өзге салаларға бет бұрдым. Қайда жүрсем де ине жіптен алыс кетпедім. Енді міне, екі айдан кейін зейнетке шығамын. Бірақ бәрібір үйде қарап отырғым келмейді, осы кәсіпте жүре беремін, — дейді Бақытгүл апай.
Қазір Шалқар қаласында жиһаз жасаумен айналысатын 3 цех бар. Өткен жылы қала бойынша 25 кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрген болса, солардың қатарында біздің кейіпкеріміз — Болат Тағыбергенов те бар. Ол аталған бағдарлама бойынша 8 млн. 600 мың теңге несие рәсімдеп, шағын цехына қажетті заманауи құрал-жабдықтарын алып, шеберхана жұмысын нығайтқан.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.
Суретте: кәсіпкер Б.Тағыбергенов пен тігінші Б.Шектібаева.