ҚЫЗМЕТ АЛУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛДЫ

         Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына ерекше назар беріледі. Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі — халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру болып табылады.

           Бұл ретте, азамат М. Ақтөбе облысы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына көлік құралын тіркеу үшін жүгінген. Қызмет алу барысында, ол ҚР Салық Кодексінің 622-бабы 5) тармақшасына сәйкес, яғни мүгедектігі бар баланың әкесі болғандықтан, мемлекеттік БАЖ төлеуден босатылғандығы туралы мәлімдеген. Алайда, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесінде қызмет алушының жеңілдіктері туралы мәліметтер шықпаған соң, оған мемлекеттік БАЖ-дың толық мөлшерін төлеуге тура келді. Алайда, азамат М. мұндай жағдаймен келіспей, департаментке шағым жолдаған болатын.

              Шағым негізінде қызмет берушіге қатысты жоспардан тыс тексеру ашылып, тексеріс қорытындысымен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесінде жеңілдіктері бар тұлғаларға қатысты толық мәліметтерді көрсетпеу салдарынан, мемлекеттік БАЖ толығымен алынғандығы анықталды. Осыған сәйкес, департаментпен қызмет алушыға мемлекеттік БАЖ сомасы толығымен қайтару туралы ұсыным енгізіліп, бұзылған құқықтарын толықтай қалпына келтірді.                     

           Жоғарыдағылардың негізінде, егерде Сіз негізсіз бас тарту, артық құжаттарды талап ету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің талаптарын бұзу немесе қызмет беруші ұйымдары тарапынан белгіленген мерзімде шағымыңызға жауап бермеу фактілермен кезіккен жағдайда, департаментке Ақтөбе қаласы, Әбілқайырхан даңғылы №40 мекенжайы бойынша немесе 55-09-68, 54-5657 телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы жүгінуге болатындығын жеткіземіз.

            Мархабат  ЖОНЫСОВ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.