Шалқар қаласында қазіргі күні 2801 кәсіпкер бар. Шағын кәсіпкерлік саласында өсім байқалады. Оның қатарында мемлекеттік бағдарламалар игілігін пайдаланып, кәсібін жолға қойғандар жетерлік.
Аудан орталығында жабық балалар ойын-сауық орталығының қажеттілігі көптен бері жергілікті кәсіпкерлерге құлаққағыс ретінде айтылып келе жатқан еді. Ата-аналардың осы талап-тілегін жақында шалқарлық Марғұлан Маханбетов орындап, жалпы аумағы 1100,0 шаршы метр болатын «Alua Park» балалар ойын-сауық орталығын ашты. Кәсіпкер енді осы жаңа нысанда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ жоспары бар.
Шалқар қаласының орталық көшесінен бой көтерген зәулім ойын-сауық орталығында бүлдіршіндерге арналған батут, карусель, лабиринт, тарзан мен әткеншек секілді түрлі ойын құрылғылары орнатылған. Ғимараттың екінші қабатында жеке кәсіпкер Алмас Нұрмановтың 50 адамға арналған «7я» отбасылық кафесі тұтынушыларға қызмет көрсетеді.
Бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық орталығының ашылуына аудан әкімі Жанболат Жидеханов қатысып, барша ата-аналардың тілегін орындаған жас кәсіпкер Марғұлан Маханбетовке алғысын білдірді.
— Осы орталықты іргетасынан бастап тұрғызу үшін 200 миллион теңгедей қомақты қаржы жұмсалды. Бұл іргелі іс болғандықтан оған серіктестер тартып, ойын құрылғыларының барынша сапалысына тапсырыс беріп, қауіпсіздігін бірінші орынға қойдық. Орталықтың есігі әрдайым айқара ашық, 13 жасқа дейінгі балалар келіп, ойнауларына болады. Балалардың туған күндерінде, өзге де атаулы сәттерде жеңілдіктер жасау ойымызда бар, — дейді кәсіпкер М.Маханбетов.
Сұраныстағы кәсіпті қолға алған балаларына әкелері Айтуған Маханбетов пен Қамбар Нұрманов баталарын беріп, істеріне сәттілік тіледі.
М.БОҚАН, Шалқар қаласы.