ШАХМАТ ШЕБЕРІНЕ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Шахмат — ақыл-ойдың спорты. Осы ойлылар ойынында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, алғырлығымен талай тартысты сайыстарда бақ сынап, аудан мерейін үстем еткен жастарымыздың бірі Мәди Мақсатовты еске алуға арналған шаралар соңғы кезде дәстүрге айналып келеді. Бұндағы мақсат — өмірден ерте өткен жас өреннің  жеңіске деген ынтызарлықпен өрілген жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету.

Жақында Мәди Қайратұлының түлеп ұшқан алтын ұя мектебі оның атына класс-музейін жасақтады. Жаңа сыныптың ашылуында  жас шахматшының өмірбаяны, жеңіс жолына деген ұмтылысы сөз болды. Осы шараға арнайы келіп, қатысқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт   бөлімінің басшысы Қамбар Бұхарбаев, еңбек ардагерлері Аманкелді Қалыбаев, Аманғали Төлебаев, Равиль Туюшев т.б. сөз сөйлеп, мектеп ұжымының игі бастамасына оң бағаларын берді.

№5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарова, Мәдидің сынып жетекшісі Галина Тещенко, т.б. ұстаздар шәкірттерінің озық қырларын сағынышпен айтып, еске алды. Осы шараның естелігі ретінде аталған мектеп-лицейдің 2 «в» сынып  оқушысы, кішкентай шахматшы Мәди Айтуғановқа қаржылай сыйлық берілді. Класс-музейде жас шахматшының сайыстарда иеленген сыйлықтары мен түрлі алқалары, естелік суреттері қойылған. Мектеп басшылығының сөзінше, бұл музей алда құнды заттармен толығып, жастардың зейінін арттыратын бірегей жәдігерлер бөлмесіне айналмақ.

Шара барысында Мәдиді жастайынан шахмат спортына баулыған атасы Мақсат Қосымов пен әжесі Зада Қазыбаева мектеп ұжымына шексіз алғысын білдірді. Мәдиді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Директор Ә.Әбдіғапарова шахматшының ата-әжесіне қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасады.

 2021 жылы 22 жасында өмірден өткен Мәди Қайратұлы жеті жасында аудандық жасөспірімдер арасында чемпион атанып, үлкен спортқа жолы ашылған. Ауданаралық мектеп жарыстарында өзі оқыған білім ошағына 4 рет кубок жеңіп әкелген. Шахматтан Шалқар ауданының 6 дүркін чемпионы және аудандық спартакиаданың 4 дүркін жеңімпазы, кубок иегері. Ақтөбе облысының 3 дүркін чемпионы және облыс әкімі кубогының бас жүлдесін жеңіп алған. Атырау облысының шахматтан ересектер арасындағы ашық турнирінің 2 дүркін, 14 жасында ҚР біріншілігінің жеңімпазы. 2018 жылы Ақтөбе қаласында республиканың жоғарғы оқу орындарының қатысуымен өткен командалық универсиаданың жеңімпазы болған.

М.БОҚАН.