Өткен аптада ауданымызда облыстық оқу-ағарту саласы ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Қаламыздағы №1 мектеп-гимназиясының акт залында өткен жиынға білім саласының ардагерлері, мұғалімдер қатысты.
Көшпелі отырысты облыстық оқу-ағарту саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Кенжеғазы Байғазин ашып, кеңестің мақсат-міндетін түсіндірді және аудандағы ардагерлермен танысу, жағдайларын білу, тәжірибе алмасу екенін айтты.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов көшпелі кеңес қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі:
— Шалқар ауданында 35 мектеп, 4 қосымша білім беру мекемесі, 28 мектепке дейінгі мекеме, балабақшалар жұмыс жасайды, 1600 педагог 8730 оқушыға білім беруде. Аудандағы оқу-ағарту саласының ардагерлер кеңесі өзінің кәсіби қызметін білімге арнаған, көптеген жылдар бойы педагогикалық қызметте еңбек еткен ұстаздардан құралып, жүйелі жұмыстар жасауда. Сіздер біздің Шалқар ауданының тыныс-тіршілігімен, педагогикалық еңбек ардагерлерінің жүзеге асырып жатқан игі істерімен таныстыңыздар. Оқушыларды патриоттық, кәсіби тәрбиелеуде қолдау-көмектеріңіздің маңызы ерекше екенін білеміз. Жақсы істеріңізді жастар арасында насихаттау біздің маңызды шараларымыздың бірі болмақшы.
Сіздерге жолдың қашықтығына қарамастан біздің ауданға келіп көшпелі отырысты өткізіп жатқандарыңызға рахмет айта отырып, алғыс білдіремін, — деді аудан басшысы.
Аудандық оқу-ағарту саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләй Жұмағалиева өзі басқаратын ардагерлер кеңесінің жұмысы туралы баяндады:
— Ауданымызда биыл құрылған кеңестің 11 мүшесі бар. Мақсаты — өзінің құзіреттілігіне сай аудандық білім бөлімі және кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, ардагерлердің құқығын қорғау, олардың қоғамдық өмірге араласып, аға буынның тәжірибесін насихаттау, жастар арасында моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуына ерекше ықпал ету. Ауданда 553 педагог ардагерлер бар, соның 303-і Шалқар ауданында болса, 250-і Ақтөбе қаласында және басқа жерлерге қоныс аударған. Аудандағы әр білім ордаларында 20 бастауыш ұйым құрылды. Директорлардың бұйрығымен төрағасы, мүшелері бекітілген, — деді ол.
Бұдан соң аналар кеңесінің төрайымы Маржан Бекетова сөз алып, аудандық аналар кеңесінің басты мақсаты — елімізде жүргізіліп жатқан облыстық демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, әлеуметтік көмек қажет ететін отбасыларға көмектер, кеңестер беру екенін айтты.
— «Мәңгілік ел бесігі — ананың жүрегінде» ұстанымын басшылыққа ала отырып, ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 21 қазандағы тапсырмасы негізінде «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасының тұжырымдамасы бекітілді. Осы жоба аясында «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана — бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы — бақытты балалық шақтың бастауы», «Жақсылыққа жетелейтін жандар» бағыттары бойынша отбасы мәртебесін көтеру, ажырасудың, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамда әйел мен ананың рөлін арттыру және жас ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған әртүрлі форматта 100-ге жуық, ал ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 30-ға жуық іс-шаралар өткізілді. Осы шараларға өмірлік тәжірибесі мол, айтары бар аяулы ана, әжелер тұрақты қатысады, — деді ол.
Және аналар кеңесі қайырымдылық қызметімен де айналысатынын айтты. Мәселен, республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында 28 оқушы мектеп формасы, спорттық киімдер, оқу құралдарымен қамтылған. Қасиетті Рамазан айында 7 отбасыға азық-түлік пакеттері таратылыпты. Жомарт жандардың көмегімен өткен жылы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға 3 193 393 теңгенің, ағымдағы жылдың үш айында 17 отбасыға 70 700 теңгенің киім-кешегі, тұрмыстық заттар беріліпті, тағы да басқа берілген көмектерге тоқталды.
— Түйіндеп айтқанда, — деді М.Бекетова, — Қазіргі таңда аудандағы барлық мәдени іс-шараларға белсене араласып жүрген кеңес мүшелері қоғамның тыныштығы мен берекесіне өз үлестерін қосуда. Алдағы уақытта ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын нығайту мен сақтауға, ХХІ ғасыр әйелінің қалыптасуына, өңіріміздің ілгері дамуына ықпал ете отырып, өзіндік үлестерін қоса бермек, — деді.
Көшпелі отырыста аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсайра Құлекенова аға буын өкілдерінің еңбектерін бағалау мақсатында білім беру, кәсіподақ бастауыш ұйымдары сұраныстары негізінде ардагерлерге кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтты. Мәселен, жоғарыда айтылғандай сұраныстар негізінде ардагерлерге әр оқу жылында марапаттар мен қаржылай сыйақы Сертификаттары табысталып келеді екен. Сондай-ақ, әр мерекелерде соғыс және тыл еңбеккерлеріне мерекелік құттықтаулар мен сый-құрметтер көрсетілетінін тілге тиек етті. Тағы да сол білім беру, кәсіподақ ұйымдарының сұранысымен зейнеткер ұстаздар «Еңбек ардагері» медалімен, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаттарымен марапатталуда екеніне тоқталды.
Отырыс барысында зейнеткерлерге шипажайға жолдама берсе деген тілек, сұрақ туындады. «Кәсіподақ төрайымы кәсіподақ жарғысына сәйкес кәсіподақ жарғысын төлейтін мүшелерге ғана жолдама тиесілі, ал зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаздарға шипажайға жолдама беру көрсетілмеген» деген жауап берді. Отырыс барысында оқу-ағарту саласының ардагерлері баяндамашыларға көкейде жүрген сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды, ой-пікірлерін ортаға салды.
№1 мектеп-гимназиясының директоры Мұхтар Оңғаров сөз алып, ауданымыздың қарашаңырағы атанған бұл білім ордасынан талай марқасқа жазушы, ғалымдардың білім алып, бүкіл елге танылғанын мақтан етті және қай жерде де ардагерлерге деген құрметтің азаймайтынына тоқталды.
Отырыс соңында аудан әкімі Ж.Жидеханов уақыт тауып ауданымызға келген, өздерінің іс-тәжірибесімен бөліскен облыстың әр ауданынан келген оқу-ағарту саласы ардагерлеріне алғыс айтты. Және өз тарапынан биылғы жылы аудандағы оқу-ағарту саласының ардагерлеріне шипажайға бес жолдама ұйымдастырып, алып беретінін жеткізді.
* * *
Сапар барысында облыстық оқу-ағарту саласы ардагерлер кеңесінің мүшелері Шолақжиде жеріндегі Есет-Дәрібай кесенесінде болып, бабалар рухына тағзым етті. Одан соң Е.Көтібарұлы округінің орталығындағы Қорғантұз орта мектебіне барды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде де болып, өлкеміздің тарихымен, ел қорғаған батыр, билермен, тарихи тұлғалармен танысты.
Қ. ӘЛИН, «Шалқар».