ШӨП ҚОРЫН ЖАСАҒАН «ЖАНАР»

Жаңақоныс ауылдық округінде 61 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен  айналысады. Олардың арасында төрт түліктің жайын жақсы білетін бұрыннан қалыптасқан табанды шаруашылықтар да бар.

Кешегі кезде Жаңақоныс кеңшарының абыройын арттырған шопандар сапында Қайбулла Таласбаевтың есімі де жиі аталған. Оның әкесі Таласбайдың да мал шаруашылығына еңбегі еселеп сіңіпті. Қайратты шағын ат үстінде өткізген Қайбулла шопан көзі тірісінде балаларына ата кәсіптен ажырамауды аманаттап, жеке шаруашылық құрып берген екен. «Жанар» деп аталатын сол қожалыққа бүгінде  кенже ұлы Есет  төрағалық етеді. Құм бойындағы Жиделі күзек жеріне қыстап, жаз мезгілінде жазықтықтағы Тас-құдық мекенін жайлауы еткен шаруашылықта қазір төрт түлік тең өріп жүр.

Кейінгі кездегі қыс мезгілі қай малдың да өрісіне тұсау болып тұрған жоқ. Алайда табиғат-ананың осы бір кеңдігіне арқа сүйеп, қысқы жем-шөптің қорына ден қоймауға тағы болмайды. Жиделі күзек қыстағындағы жал-жал болып үйілген шөп қорын көріп, шаруашылық иелерінің тия-нақтылығын байқадық.

— Отбасымызбен осы мал ауылда  тұрамыз. Анамыз Хадиша бізге әрдайым ақылшы, бағдаршымыз болып жанымызда жүреді. Шаруашылығымызда әзірге қолға қарап тұрған мал жоқ, барлығы сыртта жайылымда. Қыс қаһарын сездірсе ірі қара мал Борсық құмының ішіне ауып, қыстай өз аяғымен жайылып шығады. Ұсақ-түйек мал қолға тұрған ана бір жылдары қыстай 300-дей орама шөп жеп шықты. Жыл сайын шөп шабу нау-қанына қамданып, желінген шөптің орнын артығымен толықтырамыз. Қазір 1500-дей орама шөбіміз бастаусыз тұр. Ауылшаруашылығына жасалып жатқан қолдаулардың барлығынан да хабардармыз. Жем-шөп әзірлегеніміз үшін Үкіметтен субсидия аламыз, жайлау басынан жеңілдікпен ұңғыма қаздырып алдық,— дейді қожалық төрағасы.

Есеттің алда мал санын арттырсам, шаруашылық техникаларын жаңаласам, шұрайлы шабындық жерлер болса деген тілегі де бар. Қалай дегенде де әке аманатынан ауытқымай, ата кәсіпке адалдық таныту — кенже ұлдың абзал борышы екенін аңғардық.

 «Жанар» шаруа қожалығы аудан,   облыс орталығында өткізілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қоңды малдарын апарып, түрлі қайырымдылық шараларына, мереке күнде-рінің аталып өтуіне демеушілік танытады.

— Қыстың жайлылығына сеніп, мал азығын дайындауға үстірт қарайтын шар-уалар да кезігеді. Бұл ретте «Жанар» қожалығының шөп қорын қалыптастырудағы тәжірибесі өзгелерге үлгі,—дейді Жаңақоныс ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары.

Шөп қоры демекші, аудандық кәсіп-керлік және ауылшаруашылығы бөлімі-нің мәліметінше, өткен жылғы шөп шабу науқаны қортындысы бойынша ауданда 308 750 тонна шөп дайындалған. Аудандағы жеке кәсіпкерлердің күшімен облыс орталығынан, Қостанай облысынан және де Ресей елінен қажетті жем азығы тұрақты түрде жеткізіліп, бүгінгі күні Шалқар қаласының 11 сауда нүктесінде сатылымда тұр. Кебек жемнің бағасы 18-25 келідегілер — 2500, 2800 теңге болса, 25-30 келідегі арпа жем бағасы — 2500-2800 теңгеден сатылуда. Сала мамандарының сөзінше, аудан бойынша малдың осы қыстағы жем-шөбіне алаңдауға негіз жоқ.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.