Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры еліміздегі заңдылықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері, 1966-1984 жылдар аралығындағы Қазақ КСР-нің Прокуроры, 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Өтеген Сейітұлы Сейітовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай оның есімін ұмытпау мақсатында 2023 жыл прокуратура органдары үшін «Сейітов жылы» деп жарияланды.
Қазақстан прокуратурасы өзінің қалыптасуы мен дамуы жылдарының ішінде ұрпақтар сабақтастығын әрдайым сақтап отырды, оның тарихы Заңға адал қызмет еткен прокурорлардың бірнеше ұрпақтарымен жасалды. Олардың қатарында көрнекті белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбегі сіңген заңгерлер болды. Солардың бірі — Өтеген Сейітұлы Сейітов еді. Ол 1923 жылдың 15 қыркүйегінде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Ақтоғай елді мекенінде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, аш-жалаңаш жүруі, балалар үйінде тәрбиеленіп, тағдыр тауқыметін тартуы, Ұлы Отан соғысына қатысып, қиындық көруі — оның жігерін жасыта алған жоқ. Өзінің еңбек жолын жасөспірім бала кезінен бастаған ол, бүкіл саналы өмірін прокуратура органдарында қызмет етуге арнады. Осы 40 жылдан астам еңбек қызметінде ол шын мәнінде өз кәсібіне адалдықтың және өзі таңдап алған ісіне сүйіспеншіліктің символына айналды.
Ө. Сейітов прокуратура органдарындағы қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында қатардағы хатшылық қызметтен бастап, сол жерден 1942 жылдың 28 ақпанында Шымкент қаласының әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылады және Ашхабад қаласының жаяу әскерлер училищесіне жіберіледі. Училищені тәмамдағаннан кейін, 1942 жылдың тамыз айында кіші лейтенант шенімен Сталинград-Дон (маршал К.К.Рокоссовскийдің басшылығына) майданына жіберіледі. 65 Армияның 27 гвардиялық дивизиясының 74 атқыштар полкінің кұрамында болып, взвод командирі ретінде әскери міндетін атқарады. Осы жерде ол Сталинград қаласын қорғау үшін болған әскери шайқастарға алғашқы рет қатысады. Ұлы Отан соғысы кезеңінде ол 3 рет жараланады, алайда, барлық жарақат алған кездерінен кейін госпитальдардан әскери бөлімшеге оралып отырған. 2, 3 және 4 Украин майдандарының құрамында Румыния, Болгария, Югославия, Австрия және Венгрия аймақтарын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады.
1945 жылдың қараша айында гвардия лейтенанты шенінде Кеңес Армиясы кұрамынан босатылып, одан кейінгі еңбек жолын прокуратура органдарында қызмет етумен жалғастырады. 1945-1949 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандарының прокуратураларында тергеуші, 1949-1951 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының аға тергеушісі, 1951-1959 жылдары Қазақ КСР прокуратурасының бөлім прокуроры, 1959 жылы Алматы қаласының Совет ауданының прокуроры; 1961-1962 жылдары Алматы облысының прокуроры, 1962-1966 жылдары Қазақ КСР прокурорының бірінші орынбасары, 1966-1984 жылдары зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Қазақ КСР прокуроры қызметтерін атқарған.
1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, соғыстағы және еңбектегі өрліктері, зандылықты нығайтқаны үшін «Қызыл жұлдыз», 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. Сондай-ақ көптеген мақтау Грамоталарымен де мадақталған. 1995 жылы «Құрмет», «Қазақ КСР еңбек сіңірген заңгері», «Прокуратураның Кұрметті қызметкері» ордендерімен марапатталған. Соғыстан кейінгі онжылдық конституциялық міндеті заңдардың дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын қадағалау болып қалыптасқан прокуратураның беделін онан әрі көтерумен сипатталады.
Қазақстан мемлекеттілігінің дамуымен қатар, республикалық органдар жүйесінде прокуратураның рөлі мен орны өзгеріп отырды, яғни, оның қызметі жаңа мазмұнмен толықтырылып, прокурорлық қадағалаудың міндеттері өзгертілді. Алайда, прокуратураның алдында тұрған міндеттер өзгертілгенімен, ол тұрақты түрде құқық қорғау органы, демек, оның қызметінің басты мазмұны — заңдылық пен құқық қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау болып қала берді.
Прокуратура органдарының алдында тұрған міндеттерді табысты орындаудың шешуші шарты әрқашанда кадрлардың кәсіптік құзіреттілігі, олардың тапсырылған іске жоғары жауапкершілікті сезінуі, ұстанымдылықтары мен әділдігі болып табылды. Өзінің қалыптасуы мен дамуы жолында Қазақстан прокуратурасы органдарында ұрпақтар сабақтастығы әрдайым сақталып отырды, оның тарихы заңға әділ қызмет еткен прокурорлардың бірнеше ұрпақтарымен жасалды. Олардың қатарында Александр Набатов, Петр Кудрявцев, Өтеген Сейітов секілді көптеген өте танымал көрнекті тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбегі сіңген заңгерлер болды. Прокурор қызметкерлердің бүгінгі ұрпақтары оларды ардақтап еске алады және республика прокуратурасының қалыптасуының қайнар бастауында тұрған, қуғын-сүргін мен заңсыздықтарға қарсы күрескен, қолдарына қару алып Отанын қорғаған, ұзақ жылдар бойы заңға мінсіз қызмет еткен осы асыл тұлғалардың істерін өздеріне үлгі етеді.
Өтеген Сейітовтың ғұмыры өз алдына бір өмір дастаны. Ата-анасынан ерте айырылып, аш-жалаңаш жүріп, тағдыр тауқыметін тартып, Ұлы Отан соғысына қатысып, ол шын мәнінде үлгі тұтуға лайықты өмір жолынан өтті. Қатардағы қарапайым прокуратура қызметкерінен прокуратураны үздіксіз 18 жыл бойы басқара отырып, Республика прокуроры дәрежесіне дейін көтерілді, еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті орнықтыру, прокурорлық қадағалауды нығайту істеріне баға жетпес үлесін қосты. Оның жарқын және қайталанбас тағдыры қызметтегі ерлікке, патриотизмге шабыттандыратын кәсіптік парызды орындау үлгісі болып табылады.
Прокурор қызметкерлердің бірнеше ұрпағы оны жай қарапайым және жинақы ғана біздің ұстазымыз деп атайды және де оның мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі танымалдығы мен бойындағы мінсіз жеке адамгершілік қасиеттерінің таң қаларлық үйлесім тапқандығы туралы үнемі естеріне алады. Прокуратура күнін мерекелеу қарсаңында прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлері алдағы келе жатқан кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді. Баршаңызға зор денсаулық, табыс пен жетістіктер, амандық және еліміздің одан әрі өркендеуін тілеймін.
Серік ӘБДЕНОВ,
ҚР БП ҚСжАЕ комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы.