Тахауи Ахтановтың ұрпағы қатысқан кеш

Сөз зергері, белгілі жазушы, жерлесіміз Тахауи Ахтановтың 100 жыл толуына орай №3 орта мектебінің мұғалімдері Г.Жасарова мен Г.Қожанованың ұйымдастыруымен «Оқуға құштар» жобасы аясында және жазушы шығармашылығына арналған «Шырағы сөнбеген жазушы» атты кездесу кеші өтті.

      Шараға Т.Ахтановтың ұрпағы Жансейіт Хасенов қатысып, өзінің қаламгерге туыстығы жайлы айтты. Жазушының үлкен атасы Есенжолдан үш бала Ақтан, Хасен, Асан тараған. Ақтаннан жазушымыз Тахауи мен Сапа, ал Хасеннен Алман, Әмірхан есімді балалар тараған. Жансейіт ағай Хасеннің Алман есімді баласынан өзінің және бауырлары Әбілсейіт пен Нұрсейіт тарағандығы жөнінде мағлұмат берді.

         Тахауи Ахтановтан Нұрлан, Әсия, Дулат есімді балалар туылған. Қазіргі таңда жазушының қызы Әсия мен ұлы Дулат Астана қаласында тұратындығын, ал тұңғыш ұлы Нұрланның дүниеден озғандығын айтып, жазушының өмірі мен шығармашылығы және балалары мен ұрпақтары туралы құнды деректерімен бөлісті. Кеш барысында мектеп оқушысы Көркем Ынтаева Т.Ахтановтың прозалық шығармасы бойынша «Жалған дос» үзіндісінен және драмалық шығармасынан монолог және 8-сынып оқушысы Диас Қанат «Дархан дарын» атты З.Әбдуәлиевтің жазушыға арнаған өлеңін мәнерлеп оқыды.

Мерейлім АМАНЖОЛҚЫЗЫ,

№3 орта мектебінің 8-сынып оқушысы.