Отбасы — адалдық пен алғыс бағы

Отбасы — адам баласының алтын діңгегі. Адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, отбасының тәрбиесін алып ер жетеді.  Тәрбие —  тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Осы орайда прокуратура саласында бірнеше жылдар  қызмет атқарған, балалары да заң саласында еңбек етіп келе жатқан өнегелі отбасы жайлы жазуды жөн көрдім.

Сейітқали Болысбаев 1928 жылы Жұрын елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Сәрсенғали Жұрын-Темір ауданаралық  сауда базасында соғыс жылдарынан бастап, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жұмыс істеген. Көпшіл, кемтарларға қол созып, жәрдем етуден тартынбаған. Соғыс уақытында және одан кейінгі жылдарда елдегі ағайын қиындыққа кезіккенде қолұшын беріп, оларды ұн, тарымен қамтамасыз еткен. Елге елеулі, халыққа қалаулы әкесінен бойына сіңген өнегелі тәлім-тәрбиесі Сейітқали ағаның кісілік келбетін жоғалтпауына, адамдық борышын адал атқаруға міндеттеді.

Сейітқали Сәрсенғалиұлы 1950 жылы Алматы заң институтын бітіріп, еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы қалалық прокуратурада тергеуші қызметінен бастады. 1957 жылы Ленинградтағы заңгерлердің Бүкілодақтық алты айлық курсын жоғарғы бағамен тәмамдаған. 1958-1968 жылдары Қарабұтақ ауданының прокуроры, 1968-1977 жылдары өмірінің соңына дейін Шалқар ауданының прокуроры қызметін абыроймен атқарды. Сол кезеңнің талап-тәртібі бойынша ауданға екі мерзім прокурор болу екінің біріне берілмейтін қызмет еді.

Жиырма жыл қатарынан аупарткомның мүшесі, аудандық советтің депутаты болуы — Сейтқали ағаның біліміне зердесі сай, ел сыйлаған азамат екенінің дәлелі. Ол бар болғаны отыз жасында аудан прокуроры болды. Заң құжаттарын жетік меңгерген, қазақ және орыс тілінде сауатты жазатын, басқарушылық қабілеті жоғары болатын. Заңгерлік салада қызмет атқару барысында  Кеңес үкіметінің медальдарымен, Кеңес Одағы прокуратурасы және Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрмет грамотасы мен заттай сыйлықтары, оның ішінде КСРО бас прокуроры Р.Руденконың Құрмет Грамотасы мен алтын сағат сыйға беріліп, Алғыс хатпен бірнеше рет марапатталған.

«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Зәмзан Жұмағұлова жанындағы жарын құрметтеп, балаларына әкесін қадірлеуді үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп,   отбасының ұйытқысы болды. Ол 1954 жылы Ақтөбе мұғалімдер институтын үздік бітіріп, сол жылы Сейітқали ағамен қол ұстасып, жұбайлық өмірдің табалдырығын аттады. Ұстаздық еңбек жолын Ақтөбеде бастап, Қарабұтақ, Шалқар өңірінде жалғастырды.

Сол заманда ұстаздар қауымына артылған сенім, жүктелген парыз жоғары болатын. Ол ізденімпаз, жаңалыққа жаны құмар оқытушы екенін еңбегімен дәлелдеп, ұстаз деген ұғымды ұлық тұтып, сол биіктен көрінумен өтті. Әріптестері арасында сыйлы, ата-аналар алдында беделді болды.Тоғыз баланы дүниеге әкелген, «Күміс алқа» иегері еді. Өмірдегі адамдық, аналық парызын өтеді. Ұл-қызын тәрбиелі етіп өсірді. Келіндеріне тәлім-тәрбие берді, немере-жиен сүйді.

Тәртіпке берік, заңдылық қағидаларын терең білетіндігімен беделге ие болған, прокуратура саласында жас ұрпақты тәрбиелеуге өзіндік үлес қосқан Сейітқали Сәрсенғалиұлына 2007 жылы қаламыздағы аудандық прокуратура ғимаратының алдына мемориалдық тақта орнатылды.

Өнегелі, тәрбиелі  отбасынан шыққан тоғыз бала ата-анасының жолын қуып, жоғары білім алды. Қанапи Болысбаев — Әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген (бұрынғы С.М.Киров атындағы университеті), қазіргі таңда зейнеткер, Қанәділ Болысбаев — Ресей Федерациясы Саратов қаласындағы Д.Курский атындағы заң институтын бітіріп, тергеуші, аудан прокуроры, адвокат қызметтерін атқарған. Жанәділ Болысбаев — Б.Бейсенов атындағы Қарағанды ішкі істер академиясын  бітіріп, Шалқар қаласында нотариус қызметін атқарған. Қызы  Қарлығаш Болысбаева — Алматы қаласындағы  Қазақ Ұлттық медицина университетін ортопед-дәрігер мамандығы бойынша бітірген, бүгінгі таңда жеке кәсіпкер, Ақәділ Болысбаев — Қазақ Ұлттық  аграрлық зерттеу медицина университетінен (бұрынғы АЗВИ) мал дәрігерлік, содан кейін Ақтөбе қаласындағы «Қайнар» заң институтын аяқтаған, бүгінде Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман, Қалампыр Болысбаева — Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетін бітіріп,  Ақтөбе қаласындағы «Ерке» балабақшасында қазақ тілі  пәнінің мұғалімі, Майгүл Болысбаева — Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті тәмамдаған, Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі, Серік  Болысбаев — Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын, одан кейін Алматы қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін аяқтап, Астана қаласындағы «Қазақстан Темір Жолы» басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарады. Әрқайсысы отау иесі, меңгерген мамандық кәсіптері бар, ұл-қызды тәрбиелеп отырған жандар.

Қыз бала болса да, әке жолын қуған Айгүл Сейітқалиқызы 1992 жылы  Ақтөбе қаласынан тәрбиешілер курсын тәмамдап, еңбек жолын 1992-1996 жылдар аралығында №1 балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды, 1996 жылы бұл балабақша  жабылады. 1998 жылы Ақтөбе қаласындағы «Дүние» университетіне «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, 2002 жылы толық курсын бітіріп, заңгер  біліктілігін алып шығады. Ақтөбе қаласында «Фирма без проблем» ЖШС-де кеден брокері, 2002 жылдан бастап Шалқар аудандық сотының жетекші маманы болып қызмет етіп, 2009 жылы Ақтөбе облысы бойынша Соттар әкімшісінің бұйрығымен кеңсе бас маманы болып тағайындалды.  

Қазіргі таңда білімді де білікті маман Айгүл адалдық пен адамдықты ту етіп, лауазымына дақ түсірмей, әкенің ізгі жолын жалғастырып келе жатқан мемлекеттік қызметкердің бірі. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмыс барысында Айгүл шын ынта-жігермен, таза ниетпен ел игілігі үшін қызмет етуді өзіне басты талабы етіп алған.

2003 жылы Шалқар аудандық сотына іссапармен сол кездегі Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, кейін Сенат депутаты болған Иран Әміров келген-ді. Шалқар аудандық сотының ғимаратын қарап жүріп, Айгүлдің кабинетіне кіріп, аты-жөнін білгеннен кейін «Сәкеңнің қызы екенсің, қандай керемет, жақсы, әділ адамның баласы екенсің» деп «Ұрпақтарың көркейіп, жайыла берсін» деп батасын берген еді. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, И. Әміровтың берген батасымен сот саласында 21 жылдан астам уақыт адал, үздіксіз еңбек етіп келеді. Жалпы Айгүлдің еңбек тәжірибесі 24 жыл.  Мемлекеттік қызметті мүлтіксіз атқарғаны үшін  бірнеше рет Алғыс хатпен, Құрмет грамотасымен және осы жылы III дәрежелі  «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Жанұясы туралы айтсақ, екі баласы бүгінде ер жетіп, түрлі салада қызмет етіп жүр. Ұлы Нұртай  Ғалымжан  Ақтөбе қаласындағы Мемлекеттік медицина колледжінен «Дантист» мамандығын бітіріп, стоматолог болып жұмыс істейді. Қызы Нұрай Ғалымжанова Ақтөбе қаласындағы  А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжін бітірген, қазір бастауыш сынып мұғалімі. Үлгілі маман, аяулы ана жұмыспен қатар, отбасы тәрбиесін бірге алып жүрген, қазіргі таңда екі баласын аяқтандырып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты ана.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-анадан алған тәлім-тәрбиені жалғастыру —  кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары хақ. Болысбаевтар әулеті сол қадірлі жандардан алған тәрбиесін бойларына дарытып, өмірде өз жолдарын тауып, елге қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Нұржамал  ЕРНИЯЗОВА,

Шалқар аудандық соты әкімшісінің басшысы.