МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕРЕКЕЛЕРІН АТАП ӨТТІ

Аудандық мәдениет үйінде еліміздің мемлекеттік қызметшілері мен  Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті.

Онда аудан әкімі Жанболат Жидеханов аталған сала қызметкерлерін,  ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.

— Ел мүддесі жолында абыройлы қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен елдің айбыны, қорғаны болған полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі мерекелердің мақсаты — мемлекеттік қызметтің дамуы мен өсіп-өркендеуіне, елін, жерін бейбіт күндегі алауыздықтан қорғап жүрген сала мамандарына көрсетілген құрмет. Дамыған мемлекет — тиімді, нәтижелі мемлекеттік қызметтің және қоғамдық тәртіпті, ережелер мен заңдылықтарды сақтаудың негізінде құрылады.

Мемлекеттік қызметші мен полиция қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді, олардың мәртебесі мен абыройы — Отанға, халқына адал қызмет етуімен бағаланады, — деп бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен  полиция қызметкерлерін, ардагерлерін Ақтөбе облысы әкімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын табыстап,  өз атынан да Алғыс хаттармен марапаттады. 

Жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Өз тілшімізден.

Posted Under
Санатталмаған