МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Аудандық Мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтіп, шара шымылдығы медицина қызметкерлерінен құралған хор ұжымының «Дәрігерлерге алғыс», «Мың алғыс саған дәрігер» әндерімен ашылды.

     Аудандық аурухананың бас дәрігері Жангелді Былқайыр жыл бойы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктері жөнінде баяндама жасап, дәрігерлердің қоғамда алар орны ерекше екенін айтып, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

   Одан кейін аудан әкімі Жанболат Жидеханов құттықтау сөз сөйлеп, мереке иелеріне ізгі тілегін арнады.

   —Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі — ақ халатты абзал жандардың мерекесі.

  Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту — еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Ауданымызда денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайып келеді, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханаға ауданаралық көпсалалы аурухана ретінде қайта жарақтау жұмыстары басталды.

    Ардақты дәрігерлер, сала мамандары кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін. Төгілген тер, танытқан төзімдеріңізге алғыс айтамын. Саламатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Еліміздің бүгіні баянды, ертеңі нұрлы, келешегі кемел болсын, — деп 4 адамды «Amanat» партиясы облыстық филиалы  атқарушы хатшысының,  11 адамды өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады. 

   Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Былқайыр 4 адамға «Еңбек үздігі», 5 адамға «Аялы алақан», 2 адамға «Мейірім» медальдерін және 6 адамға «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Құрмет грамотасын, 3 адамға «Ақжелең» журналының Алғыс хаттарын тапсырды.

   Шалқар обаға қарсы күрес бөлімшесінің бастығы Ғ.Мәмбетов өз кәсібіне берілген мейірімді жандарды  мерекелерімен құттықтап, «Qazmed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ә.Матишевтің Құрмет грамотасын және өз атынан Алғыс хаттарды табыстады.

    Аудандық медицина саласының ардагерлері ұйымының төрағасы Төлепберген Назарбаев  аурухананың қалыптасу тарихына тоқталып, мейірімді жандарды төл мерекелерімен құттықтады.

    Шарада әр адамның денсаулығы үшін арпалысатын жедел жәрдем қызметкерлерінің күнделікті қауырт жұмыстары бейнеэкран және театрландырылған көрініс арқылы көрсетілді. Сонымен бірге «Салтанат бишілер тобының «Қазақ» биі, медицина қызметкерлерінен құралған «Әлемді құтқарайық» атты флешмобы және Г.Дәрібаева «Әдемі ана», Н.Тілеуберген орындаған киелі Шалқар жері туралы әндері мерекеге жиналғандарға керемет әсер сыйлап, ыстық қошеметтеріне бөледі.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».