Шахмат ойыны — жеңіске деген ерік-жігерді қалыптастырып, өзге де моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге септеседі. Сол арқылы адамның дүниетанымы кеңейеді, білім сауаттылығы артады. Мектептерімізде осы ойынға сұраныс неге аз деген ой келеді кейде. Шахмат ойынын ұйымдастыру аса қиын да емес. Мәселе, шахматты білетін мұғалімдердің аздығында болып тұр. Мектеп басшысы мұғалімге сабақтан тыс сағаттарды қосымша білім беру аясында бере алады, білім жетілдіру курстардан өтуге мүмкіндік жасай алады — мұның бәрі проблема емес, мәселе мұғалімді осы зияткерлік ойынды игеруге қызықтыру, оған бала дамуы үшін шахматтың мәні мен маңыздылығын жеткізу. Шахмат кез келген жастағы адамға (әрине, ерте болса, соғұрлым жақсы) қоршаған әлемнің үйлесімділігі мен сұлулығын түсінуге көмектеседі. Ғасырлар бойына шахмат ойынының көрнекті жауһарларының көптеген үлгілері жасалды. Әдемілігімен таң қалдыратын комбинациялар, терең стратегиялық идеялар мен позициялық сезімнің көріністері. Мектептегі шахматшыларды дайындаудың тиімді жүйесі, оның ең маңызды құрамдас бөлігі балалардың жаппай қатыстыруының нәтижесі екені анық.
Бұл тұрғыда Шалқар ауданында жыл сайын, биылғы жылы екінші рет өткізілетін ауданаралық спорт шеберлігіне үміткер атағының иегері, №5 мектеп-лицейінің 2016 жылғы түлегі, Мақсатов Мәди Қайратұлын еске алуға арналған жарысты мысал ретінде айтуға болады. Жарыс алдағы уақытта барлық деңгейде: төменгіден (мектептен) жоғарыға (облысқа) дейін нақты ұйымдастырушылықпен ерекшеленетін болады. Болашақта осы жарыс көптеген дарынды шахматшылар, болашақ еліміздің және әлем чемпиондары үшін жақсы мектеп және шахмат шеберлігін шыңдайтын алаңға айналатынына сеніміміз мол. Сонымен, бұқаралық сипат кез келген спорт түрінде, мысалы, шахматта да қажетті нәтижеге жетудің алғышарты болып табылады. Бірақ, назар аударатын жағдай, Мәди Мақсатовтың өмір жолына үңілсек, оның шахмат ойнауды мектепте үйренбегенін аңғарасың. Оған шахматтың қыр-сырын үйреткен туған атасы, ауданға белгілі еңбек ардагері Мақсат ақсақал үйреткен. Әсерлі статистика. Негізінде балалардың басым көпшілігі шахмат ойнауды үйде, көшеде, спорт секцияларында үйренеді екен.
Қосымов Мақсат ағай немересі оқыған мектебіне алда шахмат ойынына бейімделген, толық жабдықталған кабинет дайындауды көздеп жүр. Мектептің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталған соң, бір кабинетті жабдықтап, қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз.
Бұл кабинеттің шахмат спортына ден қойған жастарға тигізер тағылымы орасан болмақ. Алдымен мектебіміздің мақтанышына айналып, қысқа ғұмырында ала тақтадағы сайыстарда ел мерейін үстем еткен шәкіртімізге бірегей құрмет болары сөзсіз. Биыл шахмат ойыны жалпыға бірдей оқу бағдарламасына енгізілді. Енді әрбір бала шахмат ойнауды бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін үйренеді. Баланың талабын ұштап, шығармашылығын шыңдауға бәріміз де міндеттіміз. Бұл ретте адамның ойлау қабілетін арттыратын шахмат өнеріне жас өрендерді баулу өзекті мәселе. Сондықтан да оқушыларды шахматтан нәтижелі жетістіктерге жетіп жүрген аға буын өкілдерімен жиі кездестіріп, тәжірибе алмастыру маңызды. Немересін кішкентайынан шахматқа баулып, шаршы топтарда топ жарғызған ел ақсақалы Мақсат ағай аудандық «Шалқар», облыстық «Ақтөбе» газеттеріне шахмат ойынын дамыту бағытындағы өз ойын жазып, мақалалар жариялады.
«Баланың жастайынан спорт пен өнердің қандай түрінен болмасын бейімділігін анықтап, соған сәйкес бағыт-бағдар беріп тәрбиелеу — ата-ананың міндеті. Сондықтан да жас шахматшыларымыз шахмат өнерінің алғышарттарын отбасында үйреніп, дамыту сатыларын мектепте жалғастыруы тиіс. Сондықтан облыстағы жоғар-ғы оқу орындарының немесе колледждердің бірінен шахмат спортын терең меңгере білген ұстаз-бапкерлер дайындайтын факультеттер ашу керек», деп ой түйеді осы ойынға бірден-бір жанашыр ағамыз. Шынында да ойлылар ойынын терең ұғынып, шәкірт тәрбиелейтін кадрлардың жергілікті жерлерде аздығы айқын сезіледі. Алдымен шахмат өнері балаға не үшін керек екенін ата-аналар шын жүрекпен түсініп, оны өскелең буынға дарыта білу қажет. Бұл ойын арнайы физикалық дайындықты қажет етпейтін қызықты спорт түрінің бірі. Сондықтан баланың таным көкжиегінің кеңеюіне шахмат ойынының тигізер пайдасы орасан.
Әлия ӘБДІҒАПАРОВА, №5 мектеп-лицейінің директоры.