Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика министрінің м.а. Болат Ақшолақов Қазақстандағы жанар-жағармай нарығындағы қазіргі жағдай туралы айтып берді.
Оның сөзінше, үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 3 млн тоннаға өскен. Қазір жылына шамамен 17 млн тонна шикі мұнай өңделеді.
«Соңғы бес жылда біз бензин шығару көлемін 70%-ға, яғни бұл 3 млн-нан 5 млн тоннаға дейін, дизель отынын өндіруді 30%-ға – 4 млн нан 5,2 млн тоннаға дейін өсірдік», – деді Б. Ақшолақов.
Қазақстан өткен жылы дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш – 5,2 млн тоннаға қол жеткізсе де, қазіргі кезде еліміздің бірқатар өңірінде дизель отынының тапшылығы байқалып отыр. Бұл ретте энергетика министрінің м.а. 350 мың тонна көлеміндегі тапшылықты қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болғандарын айтты. Осы орайда, экономикада маңызды өнеркәсіп секторы болып саналатын тау-кен металлургиясы кешені және темір жол салаларында тұтыну көлемі сол қалпында қалған, яғни өспеген.
«Нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторларының бірі – транзиттік көлік ағыны, бұдан басқа, Қазақстаннан шетелге «сұр» схема бойынша алып кетіп жатқан экспорт. Мамандардың есептеуінше, өткен жылы шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады. Бұдан басқа, «сұр» экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна», – деді сала басшысы.
Қазақстанда дизель отынының тапшылығының басты себебі – бағадағы диспропорция. Спикердің сөзінше, Қазақстан әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарына кіреді және отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Мысалы, Ресейде дизель отынының бағасы орташа есеппен алғанда бір литрі үшін 345 теңге, яғни біздің нарықтағы бағадан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы бағасы біздегімен салыстырғанда екі есеге қымбат – литріне 480 теңге.