НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КӨРІНІСТЕР

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз  мереке-сінде қаламыздағы Есет Көтібарұлы көшесінде киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, айрықша сән-салтанатымен тойланды. Мейрамға жиналған халық бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, бауырсақтан ауыз тиіп, наурыз көжеден дәм татты. Сонымен қатар ұлттық спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов   Наурыз мерекесімен жиналған қауымды  құттықтады.

— Баршаңызды еңбек пен берекенің, бірлік пен татулықтың, ырыстың жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Татулықтың бастауы болған, әрбір шаңырақтың берекесі мен несібесінің жемісі әз-Наурыз ұлтымыздың болмысының белгісі десек, ата-баба жолын жалғастырып, қымбат қазыналарымызды бойға сіңірген ұлтымыздың болашағы қашан да жарқын болмақ. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына түсіп, көптеген биікті бағындырдық. Осы жолда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев дамудың жаңа бағытын айқындап, жарқын бастамалар жүзеге асырылуда. Күні кеше ғана халқымыз ел болашағын айқындайтын таңдау жасады. Ендігі міндет — өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу.

Елге нұр, жерге нәр берген Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, молшылық әкелсін!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!— деп еңбек ардагерлері Әлімжан Тасқожин мен Жеткерген Елемесовті «Ардақты әке», Зиба Ембергенова мен Жамал Бабанованы «Ақ жаулықты ана» құр-метті атақтарымен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.

Сондай-ақ жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты қалыптастырып, ата-бабадан келе жатқан тарихи жәдігерлерді насихаттау мақсатында қасиетті киіз үйді ұлттық нақышта безендіргені үшін бірқатар мекеме ұжымдары аудан әкімінің Диплом, Алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарды иеленді. Бұл бәсекеде бас жүлдені Шалқар аграрлық-техникалық колледжі жеңіп алды. I орын аудандық аурухана ұжымына берілді. II орынды  «Қамқор вагон» жөндеу депосы иеленсе, III орындарды  Шалқар обаға қарсы күрес мекемесі мен №8 жол дистанциясы, Шалқар электрмен жабдықтау аралығы кәсіпорындары еншіледі.

Бұдан кейін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген қазақ халқының салт-дәстүрлерін баяндайтын театрландырылған көрініс қойылды. Қыдыр ата келіп, Наурыз батасын берді. Мерекеде ауданның көркемөнерпаздары әуезді ән әуелетіп, күмбірлете күй төгіп, мың бұрала би билеп, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».