31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай қаламыздың Есет Көтібарұлы көшесінің бойында нәубет құрбандарына қойылған ескерткіш-обелиск жанында митинг өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандары бір минут үнсіздікпен еске алынды. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп, солақай саясаттың ел-жұртымызға тигізген зардабына тоқталды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қудалаудың құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданғанын, арнайы Жарлықпен 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленгенін айтты.
— Кеңес үкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен қазақ жерінде бір емес, үш бірдей ашаршылық болды. Ұлтымыздың біртуар азаматтарынан сескенген кеңес үкіметі халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды жаппай қудалай бастады. Бұл тарихта «Үлкен террор» деген атпен қалды. 1925 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындаудан басталды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру жасалып, нәтижесінде мемлекеттің жоспарын шамадан тыс орындау жұмыстарының соңы халықты аштыққа ұшыратты.
Нәубет жылдары 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді «Алжир» лагеріне қамады. Ал ашаршылық салдарынан сол кезде алты миллионға жақындаған қазақ халқының үш аштық кезеңнен соң үш есеге жуық азайғанын тарихшылар есептеп берді, — деді аудан әкімі. Және әрқашан өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым етіп, құрмет көрсету парызымыз екенін айтты.
Бұдан соң қуғын-сүргін құрбаны болған жерлесіміз Қонар Дәулетовтың ұрпағы Марат Дәулетов сөз алып, атасының Жылтыр елді мекенінде дүниеге келіп, сонда ауылдық кеңестің хатшысы, аудандық атқару комитетінде іс жүргізуші, тұтынушылар одағында басшылық қызметте, партия ұйымының хатшысы, жетім балалар үйінің директоры, жоспарлау бөлімінің төрағасы жұмыстарын атқарғанын, соңында аудандық халық сотының төрағасы болып жүрген кезінде тұтқындалғанын, содан қайтып оралмағанын өкінішпен айтты. Бұл кісі кейін тиісті органдар тарапынан ақталған. Сөз алушы енді бұдан былай зұлмат болмауын тіледі.
Митинг соңында ескерткіш-обелискіге гүл шоқтары қойылып, орталық мешіттің имамы Бақыт Тойшыбаев құрбандар рухына арнап Құран бағыштады.
Қыдыралы ӘЛИН.